Үздік алтылық
Алғашқы алтылыққа әу баста біз болжағандай, «Астана», «Қайрат», «Ертіс», «Оқжетпес», «Ордабасы» бесеуі және «Ақтөбе» ілікті. Соңғысы ХХІІ-турға дейін алтыншы орынға «Атырау» және «Тобыл» командаларымен таласты.
«Ақтөбе» ел чемпионатының регламентін бақайшағына дейін шағып, безбендеп алды да, “тазы” болып шалды.
Чемпион тәжіне таласатындар
Биыл ел чемпионы атағына екі команда ғана таласатын сияқты. Олар – «Астана» мен «Қайрат». Рас, елорда клубының алматылықтардан жеті ұпайы артық, әрі бір ойыны кейінге шегерілген. 7 тамызда «Шахтерді» жеңсе, ұпай айырмасы 10-ға жетеді.
Бірақ «Астана» Еурокубок додасында бақ сынап жүр. «Селтиктен» өтсе, биыл да Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуы мүмкін. Бұлай дейтін себебеміз, плей-оффқа шықса, келесі қарсыласы «Селтиктен» қарымды бола қоймас.
Егер Шотландия чемпионынан өте алмаса, Еуропа лигасында бақ сынайды. Яғни, кем дегенде, тамыздың соңына дейін Еурокубок додаларында ойнайтын болады. Ал УЕФА-ның клубтық деңгейдегі екі лигасының біріне шықса, маусым соңына дейін бар күш-жігерін осы бағытқа жұмсайды.
«Қайрат» болса, енді тек ел ішілік додаларда өнер көрсетеді. «Астананың» бірнеше додада ойнап, Батысқа жиі сапар шегіп, шаршап-шалдығып жүргенін пайдаланып, қуып жетуіне болады.
Үшінші орыннан үміткерлер
Үшінші орынды үш команда сарапқа салатын шығар. Олар – «Ертіс», «Оқжетпес», «Ордабасы». Соңғысының бас бапкері жанкүйерлеріне қола жүлдені жеңіп алатындарын айтып, сөз бергендей де болды. Бұл үшеуі көш басындағы «Астана» мен «Қайратқа» енді жете алмайтын да секілді.
Биылғы маусымды тәп-тәуір бастаған «Ертістің» кейінгі турларда кежегесі кейін тартып барады. Себеп, қаржылай тұрақтылық жоқ сияқты. Алайда мұны команда басшылары ашып айтар емес. Жазғы трансфер кезінде белді ойыншыларының кейбіреулерінен де айырылып қалды. Әйтпесе, алтынға да “қол созуға” әлеуеті жететіндей сияқты еді.
«Оқжетпес» ақырын жүріп, анық басып келе жатыр. Қола жүлдені “қақшып” кетсе де, таң қалмаймыз. Бас бапкері – қазақ додасына бейімделіп алған, тәжірибелі маман.
Ал «Ақтөбе» үшін үздік алтылықа іліккендерінің өзі – ұлкен жетістік. Жүлделі орындарға сына қағуға шамасы жете қоймас. Бірақ кім біледі. «Ас үстінде тәбеттері» оған да шауып жүрмесе...
Екінші алтылықтың үздіктері
«Атырау» мен «Тобыл» алғашқы алтылыққа іліге алмай қалды. Екеуі де “қолдарын мезгілінен кеш сермеді”. Бірінші айналымнан бастап “қамшыны” басқанда, үздіктер тобында болар ма еді?!
Екеуі де маусым барысында бас бапкерлерін ауыстырды. Бәлкім, оларды ертерек ауыстыру керек па еді?! «Атырауға» Стойчо Младенов сәл ертерек келгенде, алғашқы алтылықтан ойып тұрып орын алар ма еді... Енді аутсайдарлер арасында үстемдік құруға тура келеді.
Көш соңында бәсеке шектен тыс қызық болады
Көш соңындағы төрт командаға 9-10 орындарға ие болуға тырысады. Себебі ел біріншілігінің регламенті бойынша (келесі маусымға дейін өзгеріп кетпесе), 12-орынға табан тіреген команда І-лигаға жөнелтіледі. Ал 11-орынды иеленген ұжым І-лиганың екінші командасымен премьер-лигада қалу құқығын сарапқа салады.
«Жетісу» екінші айналымның басында нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, 6-орынға таласатын командалар сапына қосылған. Бірақ жазғы трансфер кезінде кейбір ойыншыларын басқа командаларға жіберіп (бәлкім, «сатып»), мақсат-мұраттары өзгергендей болды.
«Тараз» бас бапкерін ауыстырып, соңғы турларды қарқынын үдетті. Соңғы бес турда төрт рет жеңіске жетті. Бірінші лигаға барғысы келмейді. Шежіресі мол «Шахтердің» де төменгі топқа түсіп қалғысы жоқ. Екінші кезеңде бар күш-жігерін салуы тиіс.
"Ақжайықта" бас бапкер бар ма?
Ал «Ақжайықтың» жағдайы түсініксіз болып тұр. Бас бапкері Қазақстан ұлттық құрамасына алынып, бірақ уақыт тізгіні «бос» жүрді. «Владимир Никитенко мен Виктор Кумыков келеді» деген ақпарат тарап еді, іс жүзінде олай болып шықпады.
Никитенко тіпті Орал командасының жаттығу жұмыстарын жүргізіп те жүрген сияқты еді. Бірақ... Одан кейін «Ақжайыққа» Вахид Масудов бас бапкер болады деген сөз шықты. Алайда ресми мәлімдемені әлі көрген жоқпыз. Тек директорының ауысқандығын естідік...
Енді, әліптің артын тосамыз. Екінші кезеңде көш басында да, соңында да бәсекелестік шектен тыс тартысты болуы керек.