Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – "Селтикті" сенделтуге шамамыз жетеді

Футбол
2K
Станимир Стойлов –
Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің бірінші матчы қарсаңында «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

Глазгодан Қазақстан астанасына ат терлетіп, жиырма шақты журналист келген екен. Баспасөз мәслихаты жартылай ағылшынша өтіп, соның барысында бас бапкер ертеңгі матчта «Селтикке» қарсы қалай ойнайтындықтарын және қарсылас құрамынан кімдерден сескенетіндіктерін айтып берді.

– «Селтик» – осы текетірестің фавориті. Қалай десек те, олардың шеберліктері жоғары, әрі ойыншыларының Чемпиондар лигасындағы тәжірибесі зор. Дегенмен, шәкірттерім қажетті есепке қол жеткізу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды, - деп бастады Станимир.

– Осыған дейін «Жальгириске» қарсы текетіресте командаға көмектесе алмаған Азат Нұрғалиев ертеңгі ойынға қатыса ала ма?

– Азат қазір бабында. Құжаттары реттелді. Құрамда болатыны анық. Бірақ алаңға шыға ма, жоқ па, қай уақытта ойынға қосқаным жөн екенін сәл кейінірек шешемін.

– «Астана» сапында ертеңгі матчқа қатыса алмайтын кімдер бар?

– Таңат Нөсербаев жарақат алып қалған болатын. Германияның Мюнхен қаласына барып, аяғына ота жасатып қайтты. Бірақ ертеңгі кездесуге қатыса алмайды. Таңаттан басқасының барлығы қатарда.

– «Жальгириспен» болған ойыннан кейін ойыншылар шаршап қалды деп едіңіз. Қазір олардың физикалық баптары қай деңгейде?

– Бізде бұл ойынға дайындалатын алты күндік уақыт болды. Осы матчқа байланысты ел чемпионатының аясындағы Қарағандының «Шахтеріне» қарсы ойынымызды кейінге шегергенбіз. Қазір футболшылар тың.

– Осыдан үш жыл бұрын Қарағандының «Шахтері» осы «Селтиктен» өте алмай қалып еді. Сол ойын есіңізде ме?

– Мен ол кезде мұнда жұмыс істемегенмін. Бірақ, бұл матчты жақсы білемін. Өкінішке қарай, қарағандылықтар «Селтиктен» өте алмады. Сол кезде шотландиялықтарға қарсы ойнаған «шахтерліктердің» үш-төртеуі қазір «Астана» сапында ойнайды.

– Жалпы, «Селтиктен» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі ең қиын команда деп айтуға бола ма?

– Ертеңгі матчтың фавориті – «Селтик». Дегенмен, жанкүйерлердің қолдауының арқасында шотландиялықтарды ұтамыз деп үміттенемін. Иә, олардың құрамы өте азулы, бапкері білікті. Қиын қарсылас екені анық. Бірақ, темірдей тәртіп пен жинақы ойынның арқасында кез келген команданы ұтығу болады.

– «Астанамен» болатын ойынға дейін шотландиялықтар “Лестер» сынды азулы командамен жолдастық кездесу өткізіп, тең түсті. Бұл жайында не айтасыз?

– Ол қанша дегенмен жолдастық кездесу ғой. «Селтик» үшін ең маңызды ойын ертең болмақ.





Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика