Вернуться к списку статей

Қазақстан чемпионатында келісілген ойындар көп пе?

Футбол
2K
Ақтөбе – Ордабасы 0:0 (Бұл суреттің мақалаға қатысы болмауы мүмкін)
Қазақстан Премьер-лигасының ойындары букмекерлік кеңселер үшін де сенімсіз. Ұшқалақ коэфициенттер. Тіпті, кейде кейбір матчтарға тақаған сәтте бәс қабылданбай да жатады. Бұл нені білдіреді? Бізде ойындар келісілген деген сөз бе?

Футболдан Қазақстан чемпионатының бірінші кезеңі аяқталып, үздіктер мен аутсайдерлер анықталды. Әлбетте, біреулер өз күшімен, енді біреулері «тылсым күштердің» арқасында алтылыққа ілініп жатты. Соңғы турда «Ордабасымен» тең есепті қанағат қылған «Ақтөбе» алтылықтың соңғысы болып үздіктер қатарына ілігіп кетті. Кездесуге дейін букмекерлік кеңселердің коэфициенттері мың құбылды. Бастапқы уақыттарда «Ақтөбенің» жеңісіне 1,28 кэф берген болса, уақыт өте келе 1,7-ге дейін көтеріліп, «Ордабасының» ұтатынына сенетіндер көбейді.

Жалпы, бүгінде елімізде букмекерлік ойындар кеңінен дамыған. Тіпті, 2009 жылы Қазақстан букмекерлері мен тотализаторларының қауымдастығы да құрылған. Онда 30-ға жуық букмекерлік компаниялар тіркелген. Футбол ойындарынан бастап иттердің жарысына дейін бәс қабылдап жатады. Аяқдоптың өзінде әлем, Еуропа, ел чемпионаттары былай тұрсын, жай ғана қала біріншіліктеріне, әуесқой турнирлерге де бәс тігуге болады. Дегенмен, неге екенін, бастапқыда Қазақстан чемпионатында ойындар букмекерлік кеңселердің жүйесінде тұрғанымен басталуына санаулы уақыттар қалғанда кейбір кездесулер тізімнен сылынып тасталып жатады.

Енді нота бэне, халайық, Премьер-лигамыздың 11-туры аясындағы «Шахтер» – «Ақтөбе» кездесуіне бастапқыда бәс әдеттегідей қабылданып жатқанымен, «қонақтар жеңіске жетеді, командалар өзара келісіліп алған» деген әртүрлі алып-қашпа әңгімелер желдей есіп кеткеннен кейін ойынның басталуына шақ қалғанда «Олимп» кеңсесі бұл матчты тізімінен алып тастады. Кездесу шынымен де 2:0 есебімен «Ақтөбенің» пайдасына шешілді.

Сол секілді 14-тур аясында өткен «Жетісу» – «Ақтөбе» кездесуінің де коэфициенттері мың құбылды. Әйтеуір, күнде өзгереді. Ақыры «Гол+Пас» бұл матчты өз тізімінен шығарды. Жалпы, «Ақтөбе» ойындарының коэфициенттері биыл тым тұрақсыз. Әрдайым өзгеріп тұрады. Ол жақтан есіп жатқан «ақтөбеліктер» ұтады, бәрі белгілі» деген сынды жел-сөздер де көп. Бәлкім, сондықтан да шығар, букмекерлік кеңселер де бұл команданың ойындарына аса сене бермейді. Мәселен, «Ақтөбенің» қатысуымен өтетін соңғы екі турдың ойындарына да букмекерлік кеңселер бәс қабылдамайды деген әңгіме тараған. Иә, жай ғана өсек болып шықты. Бірақ «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, қандай әңгіме болмасын, бекер таралмайтыны рас қой. Ендеше неліктен букмекерлік кеңселер кей кездесулерді өздерінің тізімдерінен алып тастайды?

Ермұхамед Мәулен
– Өйткені, бізде өзара келісілген ойындар көп. Букмекерлік кеңселер қорқады, - дейді бұл жайында белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен. – Біздің чемпионат букмекерлік кеңселердің өздері үшін де сенімсіз ғой. Сондықтан, олар максимум 60 теңгеге дейін ғана бәс қабылдайды. Былтырлары 20 мың ғана теңге болатын. Ал Қазақстан чемпионатының ойындарына «экспресс-бәс» қоятын болсаң, максимум 30 мың теңге ғана тіге аласың.

Ермұхамед Мәуленнің пікірін КТК телеарнасындағы әріптесі Елдос Сапарғали де қостап отыр. Ол да Қазақстан чемпионатының тым сенімсіздігін айтып, өзінің басынан кешкен бір хикаясын мысалға келтірді.

Елдос Сапарғали КТК
– Бір кездері Шымкент қаласында іс-сапармен жүргенімде бір букмекерлік кеңсенің қызметркері «сен футболшысың» деп, ҚПЛ матчына бәс тіктірмей қойған. Соған қарағанда олар да келісілген  матчтардан сескенетін сияқты. Жалпы, көп жағдайда Қазақстан Премьер-лигасының ойындарына бір матчтан бәс тіге алмайсың. Олар ондайды қабылдамайды да. Шарт бойынша, бірнеше матчқа бір-ақ тігуің керек. Сондықтан букмекер мен клубтар арасында бір шикіліктің болуы әбден ықтимал. Әрине, оны дәлелдеу өте қиын. Бірақ ақша жүрген жерде бәрі мүмкін. Әсіресе чемпионат соңына таман ұпайға зәру аутсайдер командалардың фавориттерді жеңіп жататынын, ол матчтардың букмекерлік кеңселердің тізімінде болмайтынын жиі көреміз. Менің ойымша, Букмекерлік кеңселердің кейде ҚПЛ матчтарын тізімнен алып тастап жатуы чемпионатқа деген сенімсіздіктерінің белгісі, - дейді КТК арнасының дикторы.

Дегенмен, мұндай пікірлермен келіспейтін сарапшылар да бар. Мәселен, «Қазақ спорты» газетінің редакторының орынбасары Төлеубек Қадырмолла бар мәселе қызығушылықтың жоқтығында екендігін алға тартып отыр.

Төлеубек Қадырмолла
– Негізі, ел чемпионатына букмекерлердің сұраныстары аз ғой. Өзім де Қазақстан Премьер-лигасының матчтарына сирек бәс тігемін. Ал келісілген ойын дейін десең, Оңтүстік Америка мен Азияның басқа елдерінде одан да зорлары болады. Бірақ матч букмекерлік кеңселердің тізімдерінде тұра береді. Сондықтан, меніңше бар гәп жанкүйерлердің қызығушылығының болмауында, - дейді Төлеубек Әділбекұлы.

Иә, бұл жайында әркімнің өз пікірі бар. Объективті қарасаң, бәрімен де келісуге болады және кез-келгенімен дауласуға да дәлел жетеді. Дегенмен, Қазақстан чемпионаты жайлы мұндай әңгіме, жел-сөздердің болуының өзі оның беделіне нұқсан келтіретіні анық. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика