Вернуться к списку статей

Әләулайы таусылса, хәләулайы тағы бар – Жерар Гоуы шаршаса, Тавамбасы тағы бар

Футбол
2K
Шабуылда – Леандре Тавамба. Фото: fckairat.kz
Қазақстан премьер-лигасында ХХІ-турдағы көпшілік күткен қызықты матчтардың бірі Павлодарда өтіп, «Қайрат» «Ертістен» басым түсті.

Соңғы жылдары «Ертістің» «Қайратқа» азуы батпай жүр. Соңғы 10 ойында тоғыз рет ұтылып, бір матч тең аяқталған. Бүгін өз алаңында ойнаса да, ұтылып қалды.

Ойын алаң иелері үшін жаман басталған жоқ-тын. Ойынның басында есеп ашып, алға шықты. Бірақ бұдан кейін «Қайрат 23 минуттың ішінде үш гол соғып, «Ертісті» есеңгіретті.

Бірақ алаң иелері сонда да тізгіндерін тарпай, қайсарлық танытып, алға қарай ентелеумен болды. Тіпті бірінші таймның соңғы секундтарында есепті қысқартты. Сөйтіп, бірінші таймда бес гол соғылды. Оның екеуі – пенальтиден.

Екінші таймда алаң иелері сәл де болса, басымдық танытып, көп шабуылдады. Бірақ қонақтар ойын тізгінін өз қолдарында ұстады деуге болады. Егер өз қақпаларына гол жіберіп алса, қарқындарын үдетіп, тағы да алға шыға алатындай сыңай танытты.

Мойындауымыз керек, «Қайраттың» шабуылы – бет қаратпайтындай жойқын. Айбынды сұрмергені Жерар Гоуды бүгін алаңға шығармай, тынықтырып алған. Бірақ  Кот-д'Ивуар шабуылшысын Леандре Тавамба жоқтатпады. Камерун шабуылшысы екі гол соғып, алматылықтардың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. Әсіресе екінші голын соққанда, шеберлігінің аса жоғары екендігін паш ете білді.

Бір көңіл аударарлығы, екі команда да қорғаныстарының топсасы соншалықты берік емес екендігін сездіріп алды. «Ертіске» өз алаңында үш гол жіберу, ал әу баста Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуды көздеген «Қайратқа» түзден екі доп “арқалап” қайту аз емес, әрине...     

«Ертіс» «Қайрат» – 2:3

Голдар: Керла, 5 (1:0). Исламхан, 16-пенальтиден (1:1). Тавамба, 22 (1:2). Тавамба, 39 (1:3). Мұртазаев, 45+1 (2:3).

«Ертіс»: Лория, Есімов, Дәуітов, Керла, Сартаков, Алиев, Гетериев, Фонсека, Григалашвили (Фалль, 75), Мұртазаев (Фернандес, 66), Джаллоу.

«Қайрат»: Покатилов, Сүйімбаев, Маркович (Қуантаев, 50), Арсо, Лунин, Қуат, Дарабаев (Бакаев, 65), Асеведо (Тұрысбек, 79), Исламхан, Аршавин, Тавамба.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика