“Тараз” “Ордабасы” командасын өз қақпашысымен тас-талқан қылды
Шымкенттегі «Ордабасы» және «Тараз» командалары арасындағы матч басталмай тұрып, қонақтардың құрамына қарап таң қалдық. Өйткені тараздықтар негізгі құрамға Шымкенттен алған екі ойыншысын қосқан.
Қақпаға бірнеше рет әр турдың үздік қақпашысы атанған, тәжірибелі Александр Григоренко емес, жазғы трансфе кезінде «Ордабасы» командасынан келген Кирилл Короткевич тұрады екен. Ал команданы капитан ретінде Дәуренбек Тәжімбетов бастап шықпақ.
Сонымен ойын басталды. Басталғаны сол еді, Андрей Яковлев допты алаң иелерінің бойы да, қолы да ұзын қақпашысының төбесінен асыра салды. Гол! Тоғыз минуттан кейін Әлішер Сүлей Украина легионерінің соққысын қайталап, теңбіл допты тағы да доғаша иіп, Бойченконың бойынан асырып, қақпаға дөп түсірді. Есеп – 0:2.
Бірінші таймның аяғында Тәжімбетовтің шірене тепкен добын «Ордабасы қақпашысы ұстап ала алмай, қағып жіберді. Кері қайтпай, көлбеу сырғыған ала допты “қарауылсыз” қалған Сүлей емін-еркін қақпаға сүңгітті. Есеп – 0:3.
Мұндай ойын нәтижесі жергілікті жанкүйерлерге мүлде ұнаған жоқ, әрине. Бірінші таймның ортан белінен ба екен, әйтеуір Шымкенттегі Қажымұқан бабамыздың атындағы стадионға жиналған көрермендер «Бақтияр кет!» деп айқайға басып, тура осы сөздер жазылған плакатты керіп ұстады.
Ойынның екінші жартысында алаң иелері есепті теңестірмесе де, есепті қысқартуға тырысқандай болды. Бірақ олардың соққыларының бәрін өздеріне қажет болмай қалған, бірінші айналымда қосалқы құрама орындығынан да орын бұйырмаған Кирилл Короткевич тойтарып отырды.
«Ордабасы» ойыншылары қалай шабуылдап, қалай соққы бағыттаса да, Короткевичтен айлаларын асыра алмай, пұшайман болды. Жас қақпашы алаң иелерінің жақыннан да, алыстан да тепкен доптарына тосқауыл бола білді.
Сонымен, есеп – 0:3. «Ордабасы» бесінші орында “тұралап” қалды. Төртінші орындардағы «Оқжетпес» ұпай айырмасын ұлғайтып, алыстап барады. Ал жақында ғана «Ақжайықты» басып оған «Тараз» бүгін «Шахтердің» де алдын орап кетті.
«Ордабасы» – «Тараз» – 0:3
Голдар: Яковлев, 4. Сүлей, 13. Сүлей, 40.
«Ордабасы»: Бойченко, Қожабаев (Төлебек, 46), Мұхтаров, Абдулин (Чатто, 46), Симчевич, Диакате, Ерланов, Гейнрих (Касалица, 46), Гогуа, Марцваладзе, Тұңғышбаев.
«Тараз»: Короткевич, Киров, Мера, Воротников, Данилюк, Эргашев, Пищур (Д.Евстигнеев, 68), Яковлев (Әмірханов, 88), Сүлей, Мане (Нұралы, 76), Тәжімбетов.