Вернуться к списку статей

Нұрғалиев тағы да екі гол соғып, “Атырау” мен “Тобыл” сүрінді

Футбол
1K
Азат Нұрғалиев соңғы екі ойында төрт гол соқты. Фото: fca.kz
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХІ-турдың үш ойыны өтіп, алғашқы алтылықтан үмітті «Атырау» мен «Тобыл» ұтылып қалды. Ал «Ақтөбе» ертең ойнайды.

Азат Нұрғалиев екі голдан соғуды әдетке айналдырып келеді

«Астана» өз алңында «Атырауды» қабылдап, бір доп айырмасымен жеңіске жетті. Негізі, бұл матчта кейбір ойыншыларын алаңға негізгі құрамда шығармай, тынықтырып алды. Ол түсінікті де. Енді, «Астана» Чемпиондар лигасындағы маңызды матчтарын көбірек ойлайды.

«Атырау» алғашқы алтылыққа ілігуден үмітті үш команданың бірі болатын. Сондықтан ойын басталған бетте-ақ алға қарай лап қойып, жеңіс үшін келгендерін сездірді. Тіпті ойынның басында-ақ гол соғып, алға да шықты.

Алайда, «Астана» ойыншылары жіберген қателіктерінен сабақ алып, жасыл алаңда өздері үстемдік құра бастады. Бірнеше шабуыл ұйымдастырып, ұжымдық ойын үлгісін көрсете білді. Көп ұзамай гол да соқты. Таразы басын теңестіріп қана қоймай, өздеріне қарай аударды-ды.

Ойлы да, сайлы ойын өрнегін көрсеткен Азат екі мәрте «Атыраудың» қақпасының торын бүлк еткізді. Өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Әріптестерінің берген әдемі пастарын кәдеге асырды. Өткен турда Оралда екі гол соққан Азат осылай Астанада да дубль жасады.

Екінші тайм да жоғары қарқында өтті. Ойын аяғына қарай, «Атырау» тіпті шабуылшыларының санын көбейтіп, алаң иелерін қыспаққа ала түсті. Бірақ "Астана" қорғанысы екінші рет қателік жіберген жоқ.

«Астана» «Атырау» – 2:1

Голдар: Аржанов, 7 (0:1). Нұрғалиев, 20 (1:1). Нұрғалиев, 39 (2:1).

«Астана»: Эрич, Шомко, Малый, Логвиненко, Бейсебеков, Тағыберген, Каньяс, Твумаси (Ибраими, 65), Мұжықов (Максимович, 73), Нұрғалиев, Кабананга (Деспотович, 86).

«Атырау»: Нарзикулов, Кузьмин, Ламанж, Мулдаров, Эсатов, Коробкин, Эссаме, Аржанов (Сапаров, 85), Шарпар, Куртеян (Федин, 74), Трытко (Макась, 62).


“Жетісу” “Ақжайықтан” басым түсті

«Жетісу» көш соңында келе жатқан «Ақжайықтың» қақпасына екі гол соғып, ұнжырғасын түсірді. Орал командасының футболшылары бір сағаттан астам уақыт бойы алаң иелеріне дес бермей, тайталасқан еді-ақ.

Қонақтардың қақпашысы талдықорғандықтардың бірнеше шабуылын тойтарды. Сонда да алаң иелері айылдарын жимай, оралдықтарды қыспаққа ала түсті. Ақыры екі минуттың ішінде өз дегендерінет жетіп, Остоичті екі мәрте қапы қалдырды.

«Ақжайық» осы екі голдан кейін қамшыны басты. Алға қарай ентелеп, шабуылды үдетті. Бірақ гол соға алмай, діңкелері құрыды. Талдықорғанда да жеңіліске ұшырап, қоржындарына “соқыр” ұпай да сала алмай, бос қайтты.

«Жетісу» «Ақжайық» – 2:0

Голдар: Джалович, 68. Кадио, 70.

«Жетісу»: Шабанов, Әмірсейітов, Клайн, Вага (Бегларян, 71), Шайыхов, Кадио, Джалович, Боровский (Калинин, 59), Касьянов, Шабаев (Жаңғылышбай, 63), Джерманович.

«Ақжайық»: Остоич, Сергиенко, Колуния, Шурыгин (Нұрдәулетов, 46), Әбдірахманов, Омаров, Сапанов, Валиуллин (Розыбакиев, 71), Шахметов, Ортиз (Дудченко, 71), Лечич.


“Тобыл” өз алаңында сүрінді

Алғашқы алтылықтан үмітті үш команданың бірі өз алаңында сүрінді. «Тобыл» Қостанайда «Оқжетпестен» ұтылып қалып, бәсекелестерінен сытылып, ұзап кете алмады. Енді жағдайы тым мүшкіл...

Алаң иелерінің гол соғатын мүмкіндіктері аз болған жоқ. Олардың қақпаға бағыттаған соққылары да қонақтарының дәл осы көрсеткіштерінен екі есе асып түсті.

Алайда үш шабуылшысы да (Асильдаров, Хижниченко,  Савич), басқа да ойыншылары да гол соға алмай, өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Ойын аяғына қарай, «Тобыл» қорғаушысын шабуылшыға ауыстырып, қарқынын үдеткен. Бірақ бұдан да нәтиже шықпады.

Ал «Оқжетпес» осы қарқынынан таймаса, жүлделі орындарға да таласатын шығар. Түзде құрамындағы деңгейі жоғары ойыншылары өздерінен көп болмаса, аз емес, азулы команданы жеңіп кетті.

«Тобыл» «Оқжетпес» – 0:1

Гол: Юрин, 64.

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Дмитренко, Кассай, Гурман (Савич, 67), Жулпа, Главина, Деак, Жұмасқалиев (Досмағамбетов, 77), Шимкович, Асильдаров (Хижниченко, 55).

«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин, Чертов, Кислицын, Еоне, Волков, Ристович (Төлиев, 77), Юрин, Хайруллин (Жұмаханов, 83), Молдақараев, Бөлешев (Қожамберді, 72).



ТҰЗДЫҚ

Алғашқы алтылықтан үмітті үшінші команда ертең ойнайды. Атап айтқанда, «Ақтөбе» өз алаңында «Шахтерді» қабылдайды. Қазақстандық журналистер мен жанкүйерлердің көбісі бұл ойында ресейлік басшысы бар алаң иелерінің жеңіске жететіндігіне сенімді. Егер «Ақтөбе» жеңіске жетсе, онда «Тобыл» мен «Атыраудан» бір ұпай артық еншілеп, алға озады... 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика