Вернуться к списку статей

Сүттей ұйыған "Астана" басшылығы кімнің көзінің құрты болды?..

Футбол
2K
Жақында «Астана» футбол клубының басшылығы ауысқан. Бірақ осы “трансформация” негізіндегі ауысымның біз білмейтін сыры мен жыры көп сияқты.

«Астана» футбол клубының Бас менеджері қызметіне сонау Италиядан Марко Абай Трабукки шақыртылып һәм бекітіліп; Саян Хамитжанов аталған клубтың Байқаушы кеңесінің басшысы мәртебесіне “жоғарылатылып”; ал бұрынғы Бас менеджері Қайсар Бекенов Атқарушы директоры болып “ығыстырылғанда”... «апырай-ә, бұл қалай болар екен» деп ішегімізді ішімізге тартқанбыз.

Өйткені қазақта «бір қазанға екі қошқардың басы сыймайды» деген мақал бар. Ал бұл жерде – екі емес, тіпті үш “Бас”. Бәрінің басы бір клубқа қалай сыйып кетпек?! «Әлде Хамитжановқа бұйырған қызмет тек сөз жүзіндегі лауазым ба» деп те ойладық.

Себебі, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының осы бір “трансформацияға” байланысты баспасөз жиынында Хамитжанов болған жоқ. Ал Бекеновті сол жиында «өте көңілді болды» деп айта алмаймыз...

Осылай, біз бабына барып, түсіне қоймаған “трансформацияда” бір сыр бар екені кеше “ бұрқ етіп”, баспасөз беттеріне шыға қойды. Нақтырақ айтқанда, кеше таңертең отандық «sports.kz» порталында Саян Хамитжановтың сұхбаты жарық көрді.

Онда Саян Жақсыгелдіұлы қанша білдірмеуге тырысып, өзін бекзада жан ретінде ұстап бақса да, қазіргі мәртебесіне көңілі толмайтыны сезіледі.. Әрі Қайсар Бекеновтің де дәл бүгінгі лауазымды дәрежесін хош көрмейтіндігін меңзейді. Тіпті оны «Астана» футбол клубынан “кетуге шешім қабылдады” деп салды.

Бірақ Хамитжановтың кейбір сөздерінің жаны бар, тұзы татиды. Мәселен, Саян Жақсыгелдіұлы «Марко – футбол агенті, спорт менеджері емес. Екеуі – мүлде екі түрлі мамандық. Сондықтан Трабуккидің Еуропадағы танымалдығы мен әйгілілігі “Астананың” тасын өрге домалатуға кепілдік бере алмайды» дейді...

Мұның бәрі басы ғана екен. Қызықтың көкесі осыдан кейін басталды. Кеше таңертең «sports.kz» порталында Саян Хамитжановтың сұхбаты жарық көргеннен кейін (9:51), бір сағатан аса уақыттан соң (10:56) «vesti.kz» порталында «Астана» клубының қысқа ғана жауабы шықты.

Бірден «Астана» футбол клубының ресми сайтын аштық. Онда Хамитжанов пен Бекеновке қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жоқ! Сонда қалай? Клуб атынан жауап беріп отырған кім? Марко Трабукки ме, басқа ма? Әрі әрқайсысының өздерінің мүдделерін қорғайтын басылымдары бар ма?! 


Фото: fca.kz

Рас, кешке қарай (19:55-те) «Астана» футбол клубының ресми сайтында Қайсар Бекеновтің «әзірше ешқайда кетпеймін, Чемпиондар лигасының електік кезеңі аяқталғанша өз жұмысымды атқара беремін» деген қысқаша мәлімдемесі жарық көрді.

Сұрақ көп. Жауабын түсіне алар емеспіз. Мысалы, неге Саян Хамитжанов немесе Қайсар Бекенов қызметінен босатылып, орнынан алынбайды. Өйткені қазір спорт клубтарының барлығында дерлік бюджет құрылымын қайта қарау мен оңтайландыру мақсатында басшылары қысқартылып жатыр.

Ал «Астана» футбол клубында керісінше, басшылар саны көбейіп отыр. Әлде Хамитжановты ренжітпеу үшін жасалған шара ма? Марко Трабуки мырза қалай ғана басшылары жұмсақ орындықтарынан “тұрмаған” клубқа келіп жайғасады. Қайсысының орындығына? Шет елде солай отыра бере ме?

Енді бір түсінбегеніміз, Марко Трабуккидің неліктен «Астана» футбол клубына Бас менеджер болып бекітілгендігін «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының Атқарушы директоры емес, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарушы директоры «vesti.kz» порталы арқылы жіктеп беріп, мәлімдеме жасады...

Айтпақшы, күзде «Астана» шетелдік клубтар қызығып жүрген легионерлерін сата бастауы керек. Әйтпесе, олар келісімшарттарының мерзімі аяқталған соң, “еркін агент” мәртебесінде басқа клубтарға кетіп қалуы да мүмкін шығар. Басшылар ауысымы сырының бұған ешқандай қатысы жоқ шығар...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика