Вернуться к списку статей

Қайтқан Кабанангадан қайыр болды

Футбол
2K
Джуниор Кабананга қазақ додасына қайта оралды. Фото: fca.kz
Қазақстан премьер-лигасының ХІХ-туры бүгін ғана аяқталды. Төрт күнге созылған турдың соңғы матчында «Астана» «Оқжетпесті» бір доп айырмасымен ұтты.

Елорда төрінде ысқырығы безілдеген ойын өте тартысты өтті. «Оқжетпес» бірінші таймда бар күш-жігерін қорғанысқа жұмылдырмай, алға ентелеумен болды. Азуы алты қарыс «Астанаға» дес бермей, тайталасып бақты. Ойын негізінен орталық алаңда өрбіді. Алаң иелері қонақтарының қорғанысын бұза алмай қойды.

Екінші таймда Көкше ойыншылары шаршады ма, артқа шегінуге мәжбүр болды. Бірақ бірнеше рет өте қауіпті қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Алайда өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, бармақтарын тістеді.

Ал «Астана» футболшылары әдеттегідей гол соға алмай діңкеледі. Станимир Стойлов бұл ойында командаға жаңа қосылған Нұрғалиев пен Ибраимиді негізгі құрамда шығарыпты. Екеуі де бас бапкер сенімін ақтауға тырысты.

Әрине, Азат әлдеқайда еркін ойнады. Ол түсінікті де, қанша дегенмен өз жерімізде ойнап жүр. Сырттан келген жоқ. Төл чемпионатымыз оған таңсық емес.

Ал Ибраими бірінші таймда аса сауатты ойнады. Жоғары деңгейде де емес, тәп-тәуір де емес – мұқият, тыңғылықты. Екінші таймда тасада қалып қойғандай болды. Сыралғы Стойлов оны бірден алмастыра қойды. Сірә, қазақ жеріндегі алғашқы ойынына бір сағат та жетер деп ойлаған болар. Македоня құрамасының ойыншысын бабына баппен келтірмек.

«Астана» гол соға алмай, пұшайман болып, тіпті өз қақпасына гол жіберіп ала жаздаған соң, Станимир Стойлов алаңға “томағаларын” сыпырып, Кабананга мен Твумасиді шығарды.

Осы ретте, Джуниор Кабананганың өткен маусымның аяғында түріктің «Карабюкспор» деген клубына жалға берілгенін, алайда жазғы трансфер кезеңінде команда құрамына қайта қосылғанын айта кеткеніміз артық болмас.

Әрине, Кабананга мен Твумаси «Оқжетпесті» бірден тықсырып тастаған жоқ. Бірақ бірте-бірте қарқындарын үдетіп, қонақтарын әбігерге түсірді. Көкше командасының қорғаушыларын әбден састырды.

Кабананга қазақ додасын сағынып қалған ба, “жорғадай” желіді. Твумаси оң қапталмен құстай ұшты. Ақыры екеуі гол соғып тынды. Патрик серпіле секіріп, теңбіл допты аяғына салып беріп еді, Джуниор «Оқжетпестің» қорғаушыларын да, қақпашысын да мың бұралған қимылдарымен сан соқтырып кетті.

Бұдан кейін Кабананга тағы бір доп соққан, бірақ сәл ертерек ол ойыннан тыс қалған екен, төреші бұл голды есепке алмады. «Оқжетпестің» бас бапкрі соңғы минуттарда жасыл алаңға Әлібек Бөлешевті шығарса да, таразы басын теңестіре алмады.

Матчтан соң әдеттегідей бас бапкерлердің баспасөз жыиыны өтіп, Владимир Муханов қазақстандықтарды Айт мейрамымен құттықтап, игі тілегін жолдады.         

«Астана» – «Окжетпес» – 1:0

Гол: Кабананга, 87.

«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Логвиненко, Аничич, Шомко, Каньяс, Максимович, Нөсербаев (Тағыберген, 74), Нұрғалиев, Ибраими (Твумаси, 60), Деспотович (Кабананга, 56).

«Оқжетпес»: Стаменкович, Мангуткин (Чертов, 74), Кислицын, Чижов, Чичулин, Волков, Нейн, Хайруллин, Юрин, Қожамберді (Бандо, 59), Молдақараев (Бөлешев, 88).



Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика