Вернуться к списку статей

"Бердіқұловтан" көңіл қалып барады

Футбол
3K
2016 жылғы Бердіқұлов турнирінің жүлдегерлері
Қаламгер қауымының жыл сайын асыға күтетін бір ғана футбол бәсекесі бар. Ол – Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған дәстүрлі додасы.

Оны Чемпиондар лигасы, Еуропа чемпионаты, тіпті әлемдік мундиальдан да артық көреміз. Дегенмен, біз журналистер осы турнирдің қадірін әлі күнге түсінбей жүргендейміз.

Бұл жайлы жыл сайын айтылады да, келісіледі де. Әу баста «таза журналистер ойнайық» деп уағдаласамыз да, жасыл алаңға кәнігі кәсіпқой футболшыларды, шығарып қойып, өзіміз сыртта соларға жанкүйер боламыз. Не деген драйв, не деген ләззат десеңізші. Құдды бір, өзіміз гол соққандай қуанамыз. Қайта қазір аздап азайды ғой, әйтпесе бұрындары кейбір БАҚ командаларының қатарында Қайрат Әубәкіров, Қайрат Сіләмбеков, Айдын Рахымбаев сынды нәпақасын теңбіл доптан тауып жүрген кәсіпқойлар да ойнаған. 

Азайды дегенімізбен әлі де толық арылған жоқпыз. Қалалық әуесқой біріншіліктерінде доп теуіп жүргендерді де журналистер арасынан көріп қалып жүрміз. Тіпті болмағанда, телефон шалып, педагог сыныптасымызды, өрт сөндіруші досымызды, таксидегі танысымызды, тәртіп сақшысы қызметіндегі туысқанымызды, ағамызды, інімізді, бауырымызды шақырып аламыз. «Қай газеттенсің немесе қай сайтта жұмыс жасайсың?», - деген сұраққа да жауаптары дайын. Бәрі шетінен бір-бір агенттіктің фрилансерлері. Осыдан кейін алаңда ерегіс те, төбелес те болады. «Анау 9-нөмірлі – футболшы екен. Соны жабыңдар» деген айқайлар ештеңе емес, «Сындыр, сындыр. Ол журналист емес», - деген айтақтарды да естіп жатасың. Сосын әдейілеп барып аяқтан теуіп сен жүресің, қит етсе, төбелесуге дайын олар жүреді. Ұтылсаң, «жалған журналистерге» жол бергеніңе күйінесің, ұтсаң командаңда кімдердің ойнағанын ойлап, жеңістен аса ләззат та ала алмайсың. Осылай жыл сайын өз өзімізді алдап келеміз. 

Ал сол өрт сөндіруші немесе тәртіп сақшыларының өз турнирлерін қараңызшы, алаңнан басқа саланың бірде-бір ойыншысын таппайсыз. Бәрі де сол қызметтің маңында жүргендер. Сырттан ойыншы шақырып, ойындарымыздың шырқын бұзатын өзіміз. Сөйтеміз де, «балық басынан шіриді» дегенді мақалды жақсы көреміз. Шындап келгенде сол балықты шірітіп жүрген өзіміз екенін мойындағымыз да келмейді. «Сен әкелмесең «подставаны» басқалар әкеледі» деген сылтауымыз да дайын. Бірақ, әркім тазалықты өзінен бастауы қажет қой. Әйтпесе, онсыз да журналистерге миығынан күлетіндер жетіп жатыр. Айтсаң, бірақ, өзіңе тиеді.

Сонымен, Астанада БАҚ қызметкерлерінің дәстүрлі Бердіқұлов турнирі өтті. Бас жүлде бастаған «Хабар-Алматы» командасында. Ақтық сында Алматы құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Ең бастысы, қазіргі қазақ спорт журналистикасының дүлдүлдерінің бірі Амангелді Сейітхан мен Есей Жеңісұлының жасыл алаңдағы тартысын көріп, бір марқайдық. Үшінші орын Оңтүстік Қазақстан облысының құрамасында.

Бердіқұлов турнирі
Бердіқұлов турнирінің ашылу салтанаты





Плей-офф кезеңі

Ширек финал

Алматы құрамасы – Егемен Қазақстан 2:0

Қазақ радиосы – Қаз Ақпарат 0:0, 2:3-пен.

ОҚО – Kaz Sport 5:1

Астана ТВ – Хабар-Алматы 1:1, 2:3-пен.

Жартылай финал

Алматы құрамасы – ОҚО 2:1

Қаз Ақпарат – Хабар-Алматы 1:2

Үшінші орын үшін

Оқо – Қаз Ақпарат 4:1

Финал

Хабар-Алматы – Алматы құрамасы 3:1

Турнирдің үздік ойыншылары:

Үздік қақпашы – Ғабит Сапарбек (ОҚО құрамасы)

Үздік қорғаушы – Тастанбек Жұмақан (Алматы құрамасы)

Үздік шабуылшы – Жанат Ербол («Қаз Ақпарат» командасы)

Үздік ойыншы – Жасұлан Қасымберкебаев («Хабар-Алматы» командасы)

Штаттағы ұлттық командалар дирекциясының жүлделері:

Үздік төреші – Болатбек Жуасбаев

Турнирге үлесін қосқаны үшін – Бауыржан Мұқашев («Сарыарқа» велотрегінің директоры)

Турнирге үлесін қосқаны үшін – Ұлттық Олимпиада комитеті

Турнирге үлесін қосқаны үшін – Берік Уәли («Хабар-Алматы» командасы)

Турнирге үлесін қосқаны үшін – Ришад Тұрғанбаев («Жетісу» газеті)

«Спорт баспасөзі» қауымдастығы Астана қалалық филиалының жүлделері:

Жеңіске деген жігерлігі үшін – Шархан Қазығұл (ҚСЖҚ командасы)

Жеңіске деген жігерлігі үшін – Нұрсұлтан Құрман («Хабар-Астана» командасы)

Турнирге қосқан үлесі үшін – Ардақ Тоғымов (ШҰКД)

«Әлжан.кз» сайтының жүлделері:

Қазақ тілді спорт журналистикасына қосқан үлестері үшін – Амангелді Сейітхан («Хабар» телеарнасы)

Қазақ тілді спорт журналистикасына қосқан үлестері үшін – Есей Жеңісұлы («Айқын» газеті)

Қазақ тілді спорт журналистикасына қосқан үлестері үшін – Ардақ Тоғымов (Штаттағы ұлттық командалар дирекциясы)

Қазақ тілді спорт журналистикасына қосқан үлестері үшін – Жандос Айтбай («Хабар» телеарнасы)

Қазақ тілді спорт журналистикасына қосқан үлестері үшін – Жігер Әзберген (Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы)

Қазақ тілді спорт журналистикасына қосқан үлестері үшін – Бақытбек Хамит (Спорт комитеті)

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика