Осыдан аз ғана уақыт бұрын «Қайрат» футбол клубы қақпашы Стас Покатиловты жыл соңына дейін жалға алғандығын мәлімдеді. Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы қазір – Ресейдің «Ростов» клубының ойыншысы.
Покатилов үлкен футболдағы карьерасын «Ақжайықтан» бастаған. 2010-2013 жылдары Орал командасының намысын қорғады. Содан соң «Шахтерге» ауысты. Қарағанды командасы сапында ел кубогының иегері атанды. 2015 жылы «Ақтөбеге» ойысып, осы командамен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ал биыл жыл басында Ресейдің «Ростов» клубымен келісімшартқа отырды. Негізінен бұл команданың қосалқы құрамында өнер көрсетсе де, жақында ғана көрші елдің күміс жүлдегері атанды.
1992 жылы 8 желтоқсанда туған қақпашының «Қайратпен» еңбек келісіміне жыл аяғына дейін қол қойылыпты. Алматы клубы сапында ол 27 нөмірлі жейдемен өнер көрсететін болады.
Сөйтіп, «Қайрат» сапындағы қақпашылар саны төртеу болды: Покатилов, Плотников, Сидельников, Грошев. Енді Андрей Сидельниковке басқа команда іздеуге тура келетін шығар. Үшінші қақпашы болып, қосалқы құрам орындығын тоздырып отыра бермес...
Ал жанкүйерлер «Ордабасы» командасының қорғаушысы Ғафуржан Сүйінбаевтың қашан «Қайратқа» ресми түрде ауысатындығын тосып жүр. Бұл трансфер де “болары болып, бояуы сіңіп” қойғандай...
Сондай-ақ кешеден бері отандық және ресейлік баспасөз беттерінде «Қайратқа» Германиядағы «Штуртгарт» клубында ойнаған, Босния және Герцеговина құрамасының қорғаушысы Тони Шуньичтің келетіндігін жазып жатыр. «Ол жылына 1,5 миллион евро алатын болады» деген ақпарат та тарап жатыр. Бірақ ресми түрде жарияланған жоқ.