Вернуться к списку статей

“Тараз” Қарағандыда жеңіске жетіп, соңғы орыннан “сытылып” шықты

Футбол
1K
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХІХ-турдың бір ойыны өтіп, «Шахтер» өз алаңында «Тараздан» ұтылып қалды. Есеп – 0:1.

«Тараз» футболшылары бұл ойынға «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп шыққандай. Олар Қарағандыға «Шахтердан» есе қайтаруға келгендерін алғашқы минутттардан-ақ сездіргендей болды. Естеріңізде ме, бірінші айналымдағы «Тараз» – «Шахтер» матчында 1:2 есебімен кеншілер командасы жеңіске жеткен болатын.  

Бірінші таймда ширақ қимылдаған қонақтардың бір-екі шабуылы өте қауіпті болды. Соның бірінде Малик Мане сол қапталдан допты қабылдап алып, ортаға қарай ойысты да, алыстан (айып алаңының сыртынан) шірене теуіп, алаң иелері қақпасының «тоғыздығын» дәл көздеді. Гол. Қақпашы Шацкий ышқына секірсе де, допқа жете алмай, қапы қалды.

«Шахтердің» құрамына ресми түрде кеше ғана қосылған Зошак пен Серечин де алаңға шығып, бұл матчты бастан-аяқ ойнап шықты. Қарағандылық көрермендерге шабуылшы Серечин ұнағанымен, ол да гол соға алмады.

«Шахтер» есепті теңестіруге тырысқанымен «Тараздың» қорғаушылары мен қақпашысынан айлаларын асыра алмады. Байжанов пен Серечиннің тізе қоса ұйымдастырған бірнеше шабуылдарынан да нәтиже болмады.

Ойыннан соң «Шахтердің» капитаны Андрей Финонченко команда атынан Қарағанды жанкүйерлерінен кешірім сұрады.

– «Ақжайықты» жеңген матчтан соң қандай қуанышты болсақ, бүгін жеңілісімізден соң соншалықты қапалымыз. Өкініш өзегімізді өртеп барады. Қазіргі жағдайымыз мәз емес. Дәл қазір сіздердің қолдауларыңыз қажет-ақ. Біз сіздермен бірге ғана қиыншылықтарды еңсере аламыз. Біздің команданың футболшылары ешқашан да алаңға жеңілу үшін шықпайды. Қуанышты сәттерде ғана емес, осындай қиын-қыстау кезеңдерде де бізбен бірге болуларыңызды өтінеміз. Өз кезегімізде қателіктерімізді саралап, нәтиже шығаруға тырысамыз. Сіздерді әлі жеңістерімізбен қуантамыз. Әрдайым бірге болайық, – деді команда капитаны.     

Осы ойыннан кейін «Тараз» 13 ұпаймен соңғы орыннан бір саты жоғары көтеріліп, 11-орынға орналасты. Сегізінші турдан бері “үйренісіп” қалған орнынын кетті. Ал «Ақжайық» 11 ұпаймен соңғы орынға ығысты. «Шахтер» болса, 17 ұпаймен әлі 10-орында тұр.

«Шахтер» «Тараз» 0:1

Гол: Мане, 33.

Шахтер: Шацкий, Габышев, Садовничий, Василевич, Тарасов (Горячий, 66), Сзоке, Скорых (Нұрыбеков, 65), Зошак, Байжанов, Уббинк (Тәттібаев, 78), Серечин.

Тараз: Григоренко, Киров, Мера, Воротников, Григорьев, Данилюк, Яковлев (Д.Евстигнеев, 90+2), Эргашев, Таубай (Сүлей, 82), Тәжімбетов (Нұралы, 89), Мане.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика