Вернуться к списку статей

Головкин келсе де, нокаут болған жоқ...

Футбол
2K
Геннедий Головкин Атырауда. Фото: azh.kz
Қазақстан премьер-лигасында ІІ-турдың кейінге шегерілген бір кездесуі өтіп, «Атырау» мен «Тобыл» Жайық жағасында тең түсті.

Бұл “болғанынан, боладысы қызық” ойын болды. Тіпті сол “боладысы” үш ай он күнге созылды. Естеріңізде ме, ІІ-турдың 19 наурыз күні өткен ойындарының біреуі өтпей қалған. «Тобыл» ауа-райының қолайсыздығын желеу етіп, Атырауға жете алмаған.

Сол ойын бүгін өтті. Кешеден бері осы ойынға қазақтың күрзі жұдырықты жампозы, кәсіпқой бокс жұлдызы Геннадий Головкиннің келетіндігі де кеңінен құлақ қағыстындырылды.

Сонымен Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында өткен ойынға Геннадий Головкин де келді. Ойын да өтті. Бірақ “нокаут” та болған жоқ, гол да соғылған жоқ. “Нокдаун” да болған жоқ, ешкім де алаңнан қуылмады және пенальти де берілмеді.

Екі команда сапынан да тектері «А» және «М» әріптерінен басталатын ойыншылар ескерту алды (Аржанов, Мулдаров және Асильдаров, Мирошниченко).

Жалпы, бұл ойында есеп ашылмай, екі команда ұпай бөлісті. Сөйтіп, бұл ойын Қазақстан премьер-лигасының кестесіне де айтарлықтай өзгеріс енгізбеді. Десек те, екеуі де 8-орындағы «Ақтөбеден» ұпай айырмаларын сәл-пәл ұлғайта түсті. Яғни 6-орынның «қызығы» мен «шыжығы» – әлі алда.

«Атырау» – «Тобыл» – 0:0

«Атырау»: Нарзикулов, Дамчевски, Ламанж, Мулдаров, Кузьмин, Коробкин, Эссаме, Куртеян (Трытко, 67), Шабалин (Сапаров, 81), Аржанов, Шарпар (Макась, 73).

«Тобыл»: Логиновский, Главина, Дмитренко, Кассай (Гурман, 46), Мирошниченко, Жулпа, Мухутдинов, Джалилов (Деак, 57), Досмағамбетов (Жұмасқалиев, 82), Шимкович, Асильдаров.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика