ХVІ-турда «Ақжайық» Қарағандыда жергілікті «Шахтерден» 1:3 есебімен ұтылып қалып, матчтан соң бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кететіндігін мәлімдеген болатын. Бірақ клуб басшылары оның өтініші қабыл алмапты.
Бірнеше күнгі “үнсіздіктен” кейін Орал командасының Бас директоры Бағдат Ағниязов бас бапкерлерінің өз қызметін одан әрі жалғастыратындығын мәлімдеді:
– Талғат Маруанұлы – еліміздегі ең талантты және тәжірибелі мамандардың бірі. Ол клуб болсын, ұлттық құрама болсын, кезкелген деңгейде нәтиже көрсетіп, ойын өрнегін қалыптастыра алатындығын дәлелдеді. Мұндай жаттықтырушы «Ақжайыққа» өте керек, әрі біздің оны жіберу ойымызда да жоқ. Біз үшін ол – үздік бапкер. Команданың алдына үлкен мақсаттар қойылған, біз оларға дәл осы Байсуфиновтың қол жеткізе алатындығын сеземіз.
Ал сәтсіздіктер тіпті қалтасы қалың азулы командалардың өздерінде де болады. Талғат Байсуфинов біздің қолымызда бар қаражатпен жұмыс жасап жүр. Әрі соған лайық деңгейде нәтиже көрсетіп келеді. Команданың әлеуеті баршылық, ал қиын-қыстау кезеңнен біз міндетті түрде еңсеріп, өз жанкүйерлерімізді әлі қуантамыз.