Бірақ ойыннан кейін ашуының барлығын алаңға қалдырып кеткен сияқты. Микс-аймаққа көңілді келді. Өзгелер секілді сұхбаттан да бас тартқан жоқ. Міне, өз ісінің нағыз шебері. «Ертістің» қазіргі жай-күйі жайлы аз-кем әңгімелесіп, клубтағы проблемалар туралы сұраған едік.
– Давид, жексенбінің кешінде «Астанаға» қарсы ойында қорғанысқа тым көп көңіл бөлгендей көріндіңіздер. Чемпиондықтан үміткер команданың басты бәсекелесіне қарсы осылай ойнағаны қызық көрінеді екен...
– «Астанаға» қарсы ойнау қай командаға болмасын оңай тиген емес. Оның үстіне, өз алаңында олар ешқашан аянып қалмайды. Сондықтан, 1:1 нәтижесіне қуануымыз керек. Себебі, біздің құрамда қазір кішкене проблемалар бар. Бірқатар ойыншылар клубтан кетіп жатыр. Жаңа ойыншылар әлі келген жоқ. Дегенмен, алаңға шыққан жігіттердің ешқайсысы аянып қалған жоқ. Қолдарынан келгеннің барлығын жасады. Рас, гол жібермеуге болар еді. Бірақ қарсылас тепкен доп қорғаушымыздың біріне тиіп кетті де, Таңат Нөсербаевтың алдына дәл түсті. Бұл голды ешқайсымыз күткен жоқ едік.
– Ойын барысында Таңат Нөсербаевпен жиі сөзге келіп қалып жаттыңыз. Бір сәтте ол сіздің аяғыңызды жарақаттағандай көрінді. Ерегесіп қалған жоқсыздар ма?
– Жоқ, мен Таңатты өте қатты құрметтеймін. Еліміздің ең үздік футболшыларының бірі. Арамызда ешқандай түсініспеушілік жоқ. Әлбетте, футбол болғаннан кейін эмоцияға көп беріліп жатасың. Бірақ алаңнан кейін бәрін ұмытамыз. Иә, допқа талас кезінде екеуміз қақтығысып қалдық. Сол жерде аяғым ауырып та қалды. Алайда қазір бәрі дұрыс. Ең бастысы, жарақаттан аманмын.
– Бас төрешімен де жиі дауласып жаттыңыз. Оның шешімдері ұнамай жатты ма?
– Өзім тым әсершіл адаммын ғой. Кейде эмоцияға шектен тыс қатты беріліп кетіп жатамын. Ал бас төреші өз жұмысын жақсы атқарып шықты. Рас, ойын кезінде ысқырық көп болды. Бірақ оның барлығы алаңдағы жағдайға байланысты. Ешкім де жеңілгісі келмеді. Сондықтан, матчы барысында екі команда тарапынан да ереже бұзушылықтар көп болды.
– Өткен турда «Ақтөбені» қабылдап, ірі есеппен жеңдіңіздер. Бірақ «Ақтөбе» шабуылшысы Дидар Жалмұқан допты қолмен тоқтатып, гол соғып кетті. Төреші көрген жоқ. Ойыннан кейін Дидармен сөйлескен жоқсыз ба?
– Не деп сөйлесуім керек? Ол өз жұмысын жасады. Гол соқты. Бас төреші көрмей қалды. Сөйлескеннен не өзгерер еді.
– Әлемдік футболда ереже бұзып гол соққанын мойындаған Мирослав Клозе сынды шабуылшылар бар ғой...
– Эмоция кезінде бәрі болады. Ол кезде сен голдан басқа нәрсенің барлығын ұмытып кетуің мүмкін. Иә, допты қолмен тоқтатты. Ол анық. Бірақ бұл рефлекстік жағдай болуы ғажап емес. Өзі де байқамай қалған шығар.
– Кейбір футболшыларыңыз жарақат алып қалды. Кейбіреуі клубтан кетіп жатыр. Мұның барлығы командаға қаншалықты әсер етуде?
– Шынын айтсам, қатты әсер етіп жатыр. Томаш Йирсак өткен турда жарақат алып қалды. Бұған дейін барлық матчта негізгі құрамда алаңға шығып жүрген еді. Пірәлі Әлиев те саптан шығып қалды. Қаржы дағдарысына байланысты ең басты ойыншыларымыздың бірі Гогита Гогуа клубтан кетіп қалды. 15 маусымнан бастап Сергей Малыйдың да келісімшарты аяқталды. Ол да клубта жоқ. Соңғы кездері алаңға шықпай жүргеніне қарамастан Александр Кислицын да маңызды қорғаушымыз еді. Ол да команда ауыстырды. Сондықтан, бізге қазір командамызды күшейтуіміз керек. Әйтпесе, «Астана», «Қайрат» сынды алпауыттарға қарсы ойындарда жағдайымыз қиын болады.
– Клуб басшылығының уәдесі қандай?
– Иә, жаңа футболшылар болады деп уәде етті. Бапкерлердің сынақтарынан өту үшін ойыншылар келіп те жатыр. «Ертіске» шын мәнінде көмектесе алатын жігіттер келеді деп сенемін.