Вернуться к списку статей

"Тараз" Премьер-лигадан "ұшып" кетуден басты үміткер ме?

Футбол
1K
Жыл басында үздік алтылықтан көрінеміз деп желпінген «Тараз» футбол клубы ел чемпионатында турнир кестесінің соңғы сатысынан көтеріле алар емес. Тұңғиыққа батып бара жатқан команданы тіпті жаңа бапкер де құтқара алмауда.

Юрий Максимов: «Балық басынан шіриді»

Кеше киелі қаланың командасы өз алаңында «Жетісудан» ұтылды. Қайта кездесудің аяқталуына бес минут қалғанда Мәлік Мане мен Йоан Мера екі гол соқпағанда, жанкүйерлерінің алдында 0:3 есебімен масқара болып қайтар еді. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында бас бапкері Юрий Максимов ашына сөйлеп, қажет болса кетемінге басты.

– Ертең басшылыққа кіремін. Егер командаға көмектесе алмасам, мұнда қалып нем бар? «Шанаңды жазда дайында» деген сөз бар. Ал футболға қаңтар, ақпан айларында дайындалу қажет. Болды, ұтылдық. Маусымға қалайша бір ғана шабуылшымен кіріскенін түсінбеймін. Не деуші еді, «балық басынан шіриді». Футболшыларға не жетіспейді? Шеберлік. Әр шепте бәсекелестік болуы тиіс, - деген Максимов орнынан тұрып, баспасөз залынан шығып кетті.

Шабуылшы қайда, «Тараз»?

Орыстардың «шанаңды жазда дайында» дегеннің қазақша баламасы «Қыстың қамын жаз ойла» деген сөз ғой. Сонда украиналық маман нені меңзеп тұр? «Балық басынан шіриді» дегені несі?

Маусым басында «Тараз» биыл үздік алтылықтан көрінуі тиіс» десті. «Егер алтылыққа ене алмасақ, 7-8 орындардан көрінуге тырысамыз». Бұл «Тараз» футбол клубының вице-президенті Қанат Шертаевтың қаңтар айындағы сұхбатынан үзінді. Бірақ, шыны керек, клубтың жағдайының қаншалықты қиын екені сол кезде-ақ белгілі бола бастаған еді. Осылайша бас бапкерлікке сырттан маман шақыруға шама жетпей, «Воит Талгаев, Дмитрий Огай, Любко Петрович, Арно Пайперс, Евгений Яровенко сынды білікті жаттықтырушылардың көмекшісі болып, зор тәжірибе жинақтады» деген желеумен команда жергілікті маман Нұрмат Мырзабаевқа сенім артылды.

Әлбетте, Мырзабаевтың өз ісінің хас шебері екендігіне шүбә келтірмейміз. Алайда, жақсы ойыншылар шақыруға жағдай жетпесе, оның кінәсі қанша? Ал Максимов айтпақшы, клубтың маусымға бір-ақ шабуылшымен кірісуін қалай түсінеміз? Оның өзі жарақат алып қалып, мамыр айынан бері алаңға шыққан жоқ. Біз Игорь Зеньковичті айтып тұрмыз. Шерхан Бауыржан мен Мәлік Мане шабуылшы ретінде тіркелгенімен, өзімізді қанша қинасақта, бұл екеуін таза алғы шептің ойыншылары деп айта алмаймыз. Сондықтан шығар, 15 ойында «Тараз» футболшылары небәрі 10-ақ ойын соққан.

Иә, Максимовтың «шанаңды жазда дайында» дегені осы болса керек. Ал «балық басынан шіриді» дегеніне көп ойлану керек шығар.


Максимов «Тараздан» кете ме?

Украиналық маман 15 мамырда Нұрмат Мырзабаевты алмастырды. Оған дейін киелі қаланың командасы 11 кездесуде бар болғаны 5 ұпай жинап, соңғы орында тұрған. Рас, Максимов келгеннен кейін жағдай аса өзгерген жоқ. Бес ойыннан екі-ақ ұпай жинады.

Юрий Максимов қажет болса, кетуге дайын екенін жасырған жоқ. Ал оны қызметінен босатқаннан команда не ұтады? Жалпы, жаттықтырушылардың кезекті «отставкасы» дәл қазір «Таразға» қажет пе?

Әлбетте, Юрий Вильевичпен жеке таныстығымыз жоқ. Дегенмен, оның бұрынғы қызметтері мен жетістіктерінен хабардармыз. Ойыншы ретінде Киевтің «Динамосымен» Украинаның үш дүркін чемпионы болған, «Вердермен» Германия чемпионы атанған. Валерий Лобановскийдің тікелей шәкірттерінің бірі және содан көп өнеге алған. Бас бапкер ретінде «Кривбассты» Украина чемпионатында тұңғиыққа батып бара жатқан жерінен аман алып қалған. Ал одан кейін «Мордовияны» Ресей Премьер-лигасына алып шықты. Бірбеткей және харизмалық тұлға.

Міне, Максимов туралы қысқаша мінездеме осы. Тек тапсырманы орындау үшін соған сәйкес жағдай қажеттігін ұмытпайық. Маусым ұзақ, «Тараз» әлі ештеңе жоғалтқан жоқ. Басты бәсекелесі «Ақжайықтан» бар болғаны 4 ұпайға қалып келеді. Егер осы сәтсіздіктен сабақ алып, трансферлік кезеңде тиісті қорытынды шығара білсе, онда Премьер-лигадағы өз орындарын сақтап қалуға шамалары жетеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика