Вернуться к списку статей

Еуропа чемпионатын зарықтырған голдар қазақ додасын қарық қылды

Футбол
1K
Еуропа чемпионатында Ресей Словакиядан ұтылып жатқанда, Қазақстан премьер-лигасында ХVІ-турдың ойындары өтіп, алты ойында 24 гол соғылды. Орта есеппен әр ойында – төрт доптан!

“Астана” түзде “Тобылды” да тізе бүктірді

«Астана» түзде өте маңызды жеңіске қол жеткізді. Бас бапкерін ауыстырып, қарқынын үдеткен «Тобыл» ел чемпионына дес берген жоқ. Бірақ сәтсіздік пе, әлде алаң иелерінің өрескел қателіктері дейсіз бе, әйтеуір қонақтардың екі голы да аңдаусызда соғылды.

Рас, алаң иелерінің голы да Эрич ойламаған бағытта қақпа торынан табылды. Әрі «Тобыл» ойынның аяғына дейін таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ «Астананың» тәжірибелі ойыншылары өздеріне қажетті есепті уыстарынан шығармай, Қостанайда да жеңіске жетті.

Осылай, «Астана» тағы да қоржынына үш ұпай салып, көш басында қара үзіп кетті. Ал «Тобыл» екі саты төмен сырғып, басты бәсекелестерін алдына шығарып алды...    

"Тобыл" – "Астана"  – 1:2

Голдар: Максимович, 17 (0:1). Левин, 45+1 (1:1). Тағыберген, 58 (1:2).

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Кассай, Яворский (Дмитренко, 75), Главина (Кұрғулин, 64), Жулпа, Левин, Шимкович, Деак, Жұмасқалиев (Асильдаров, 67), Хижниченко.

«Астана»: Эрич, Постников, Логвиненко, Аничич, Шомко, Каньяс, Тағыберген, Максимович (Аруна, 63), Твумаси (Щеткин, 87), Мұжықов (Нөсербаев, 79), Деспотович.

“Ертіс” “Ақтөбені” жүндей түтті

«Ертіс» өз алаңында «Ақтөбені» жүндей түтіп, соңғы екі турдағы сәтсіздігінің есесін қайтарғандай болды. Әрі өкшесін басып, қуып жетуге айналған «Қайратпен» арадағы ұпай айырмасын қайтадан ұлғайтты.

Ойын басталған бетте есеп ашып, бірінші таймның аяғына дейін тағы бір гол соқты. Екінші таймда да екі гол соғып, бұл ойында өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Ал «Ақтөбе» «Ертістің» төрт добына Жалмұқанның жанкештілік танытып соққан бір голымен ғана жауап берді.

Осылай, «Ақтөбе» екінші рет қатарынан ұтылып, ізіне түскен бәсекелестерінің қуып жетулеріне мүмкіндік беріп алды. Енді тіпті 6-орынды сақтап қалуының өзі екіталай сияқты...

«Ертіс»  «Ақтөбе»  4:1

Голдар: Фернандес, 2 (1:0). Мұртазаев, 35-пенальтиден (2:0). Ахметов, 48 (3:0). Жалмұқан, 55 (3:1). Джаллоу, 82 (4:1).

«Ертіс»: Лория, Ахметов, Малый, Йирсак (Алиев 14), Есімов, Фонсека, Керла, Джаллоу, Фернандес (Фаль, 67), Гетериев (Аяғанов, 87), Мұртазаев.

«Ақтөбе»: Отарбаев (Павлов, 27), Азовский (Жұмағали, 60), Сорокин, Цвейба, Ситдиков, Куаджа, Митошевич (Әбдукәрімов, 74), Крюков, Шестаков, Бочаров, Жалмұқан.

“Жетісу” “Тараздан” үстем түсті

«Жетісу» қайтадан қарқынын үдеткендей. Өткен турда «Астанадан» ұтылып қалып, соңғы төрт турда 10 ұпай еншілеген екпіні мен аптығы басылғандай болып еді. Бірақ бүгін «Таразды» тақырға отырғызып кетті. Бұл ойында Душан Савич үш гол соғып, хет-трик жасады.

«Жетісу» осы жеңісінен соң 6-орындағы «Атырауға» мейілінше жақындай түсті. Енді алғашқы алтылық – қол созым жерде. Осы қарқынын жоғалтпаса, әлі де жоғары өрлей алады.

Ал матч соңында екі гол соғып, есепті қысқартқан «Тараз» – әлі көш соңында. 11-орындағы «Ақжайықтан» бес ұпай кем. Алға басқан қадамы кері тартып тұр.

«Тараз» – «Жетісу»  2:3

Голдар: Савич, 28 (0:1). Савич, 53 (0:2). Савич, 67 (0:3). Мане, 84 (1:2). Мера, 90 (2:3).

90+2-минутта Байтана («Т») алаңнан қуылды (екінші ескерту)

«Тараз»: Григоренко, Баялиев, Григорьев, Мера, Д.Евстигнеев, Данилюк (Шахметов, 46), Алиев, Таубай, Қарпық (Бауыржан, 70), Нұралы (Байтана, 46), Мане.

«Жетісу»: Пасеченко, Әмірсейітов, Кадио, Рудик, Симоновски (Тұрысбек, 61), Азовский (Боровский 81), Касьянов (Моисов, 71), Шабаев, Калинин, Джалович, Савич.

“Оқжетпес” “Шахтерді” ойсырата жеңді

«Оқжетпес» Көкшетауға жетті-ау әйтеуір. Өз алаңындағы алғашқы ойынында кеншілер командасын ойсырата жеңді. Екі голды Жасұлан Молдақараев соқты. Өкінішке қарай, біраз болып қалды, Әлібек Бөлешевтің қанжығасы «қанданар» емес.

«Шахтер» де гол соғудан қалып барады. Міне, үшінші ойын қатарынан қарсыласының қақпасына доп жеткізе алмай, дымы құрып жүр. Жас шабуылшысына үміт артып көріп еді, ол да сенім үдеснен шыға алмады.

«Окжетпес» – «Шахтер» – 3:0

Голдар: Молдақараев, 6. Молдақараев, 42-пенальтиден. Чертов, 68.

«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин, Чертов, Чижов, Еоне (Куксин, 48), Ристович, Мангуткин, Юрин (Бөлешев, 78), Хайруллин, Нганбе (Волков, 29), Молдақараев.

«Шахтер»: Шацкий, Тарасов, Садовничий, Василевич, Габышев, Сзоке, Ермеков, Байжанов, Скорых (Финонченко, 80), Уббинк (Тәттібаев, 65), Ветров (Горячий, 78).

“Атырау” Оралда ойран салды

«Атырау» Батыс дербиінде көсіле шапты. Жайық жағасында төрт гол соғып, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Әрі 7-орынға көтеріліп, алғашқы алтылыққа ілігу мүмкіндігі арта түсті. Енді бәрі де өздеріне байланысты.

«Ақжайыққа» екі ойынды жоғары деңгейде өткізу қиындау сияқты. Осылай жеңісі мен жеңілісі қабаттасып жүр. Қырсық шалып, өткен турда екі гол соққан парагвайлық легионері бүгін пенальтиден мүлт кетті.

«Ақжайық» – «Атырау» – 0:4

Голдар: Коробкин, 17. Аржанов, 33. Шарпар, 63. Куртеян, 73.

56-минутта Коронель Ортиз («Ақжайық») пенальти соға аламды.

«Ақжайық»: Остоич, Сергиенко, Николич, Колуния, Розыбакиев, Говедарица, Коронель Ортиз, Әбдірахманов (Сапанов, 68), Шурыгин (Шевцов, 62), Валиуллин (Бегалин, 53), Дудченко.

«Атырау»: Нарзикулов, Кузьмин, Мулдаров, Дамчевски (Чуреев, 90), Ламанж, Коробкин, Эссаме, Шабалин, Аржанов (Сапаров, 81), Куртеян, Трытко (Шарпар 61).

“Қайрат”,  “Ордабасы”, бей-берекет Орталық стадион...

«Қайрат» өз алаңында қтылып қала жаздады. Бір сағаттан астам уақыт ұтылып жатты да. Тайлы-таяғымен шабуылдап жүріп, тек ойынның соңына қарай таразы басын теңестіре алды.

Бәрі де сол Мардан Төлебектің айып соққысын орындағанында, теңбіл допты шірене теуіп, «Қайраттың» қақпасына доғаша иіп, түсіруінен басталды. Осы голдан кейін «Ордабасы» алаң иелерін өз қақпасына жақындатпауға тырысты.

Екінші таймда қарсы шабуыл ұйымдастырып, тез қимылдауларының арқасында есепті ұлғайтты да. «Қайрат» бұдан кейін мүлде асығып, ойыншылары зыр қақты. Ал жанкүйерлер төрешілердің шешімдеріне риза болмай, айқай-шуға басты.

Алаң иелері қонақтарының қақпасына шүйіліп жүріп, екі гол соқты. Есепті теңестірді. Одан әріге уақыт жетпеді. Бірақ ойын аяқталысымен Маркович «Ордабасының» қосалқы құрамына жұдырығын ала жүгірді. Стадиондағы халық улап-шулап, қым-қуыт болды...

Арты не болар екен? Қазақстан футбол федерациясы үн-түнсіз қалмайтын шығар...

«Қайрат» – «Ордабасы» – 2:2

Голдар: Төлебек, 4 (0:1). Симчевич, 50 (0:2). Гоу, 68 (1:2). Маркович, 85 (2:2).

«Қайрат»: Плотников, Лунин, Рудоселський, Маркович, Тесак, Бакаев, Дарабаев (Тавамба, 62), Аршавин (Ли, 85), Исламхан, Исаэль, Гоу.

«Ордабасы»: Бойченко, Сүйімбаев, Трайкович, Мұхтаров, Төлебек (Адырбеков, 53), Чатто, Диакате, Симчевич, Нұрғалиев, Гейнрих (Касалица, 46), Тұңғышбаев (Қожабаев, 90+2).



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика