Вернуться к списку статей

Еуро-2016: Еуропа чемпионатын Қазақстан құрамасының қарсыласы ашады

Футбол
2K
Бүгін Еуропа чемпионаты басталады. Фото: euro-bets.ru
Бүгін Францияда футболдан ХV-ші Еуропа чемпионатының финалдық додасы басталады. Алғашқы ойында Қазақстан құрамасының болашақ қарсыласы Румыния футболшылары дүбірлі дода қожайындарымен кездеседі.

Қазақстан құрамасы финалдық додаға ілікпеді

УЕФА құрамындағы елдердің ұлттық құрамалары арасындағы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасына Қазақстан да қатысқан. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын «2016 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығамыз» деп, алдымызға биік меже қойғанбыз да. Өйткені, биыл финалдық кезеңде алғаш рет 24 құрама ойнайды. Бұған дейін 16 елдің ұлттық құрамасы ойнап келген.

Өкінішке қарай, Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шықпақ түгілі, «A» тобында тым болмаса үшінші орынға маңайлай алмады. Соңғы ойында Латвия құрамасын түзде ұтып, осы елдің футболшыларымен бірдей ұпай жинаса да, екеуара кездесуде басым түскендіктен, бір саты жоғары орналасты:



Біздің топтан үш құрама Францияға аттанды

Негізі, «A» тобындағы командалар аса қарымды болды. Қазақстан құрамасы тұрмақ, азуы алты қарыс, шежіресі мол Нидерланды футболшылары да Еуропа чемпионатының финалдық додасына шыға алмады.

Кім біледі, егер біздің футболшылар електік сында «B» немесе «E» топтарына, тым болмаса, «F» немесе «I» топтарына түскенде, үшінші орын үшін таласып та көрер ма еді?..

Сөйтіп, Қазақстан футболшыларымен бір топта додаға түскен елдердің ұлттық құрамаларының үшеуі финалдық долда жолдамасына қол жеткізді. Олар – Чехия, Исландия және Түркия.

Түркия тіпті Қазақстан құрамасының жалқы жеңісінің һәм Исламбек Қуаттың Ригадағы жалғыз голының арқасында Францияда бақ сынау құқығына қол жеткізді.

Ал Францияда Чехия мен Түркия тағы бір топқа түсті. Екеуі енді «D» тобында бақ сынайды. Ал Исландия «F» тобында 1/8 финалына шығуға тырысады.

Қазақстан чемпионатынан бір футболшы ойнайды

«Еуро-2016» финалдық додасына Қазақстан құрамасы бара алмағанымен, Қазақстан чемпионатынан бір ойыншы Франциядағы дүбірлі додаға қатысатын болды. Ол – Алматының «Қайратының» және Украина құрамасының жартылай қорғаушысы Анатолий Тимощук.

37 жастағы Анатолий Тимощук Франция алаңдарында өз елінің намысын қорғайтын тізімге ілікті. Сөйтіп, Қазақстан чемпионатынан Еуропа біріншілігінің финалдық додасына қатысатын алғашқы футболшы болып, қазақ футболы тарихында тағы бір тың жетістік тіркелді.

Ал соңғы сәтке дейін Словакия құрамасының кеңейтілген тізімінде болған «Қайраттың» тағы бір ойыншысы, атап айтқанда, қорғаушы Лукаш Тесак мамыр айының соңында өз елінің намысын қорғайтын 23 футболшы сапына ілікпей қалды.

Қазақстан құрамасының алдағы қарсыластары – Польша және Румыния

Қыркүйек айында 2018 жылғы әлем чемпионатының електік додасы басталады. Қазақстан құрамасы бұл доданың електік сатысында Еуропаның «E» тобына түскенін білесіздер.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде осы топта біздің футболшылармен бірге сынға түсетін екі құрама ойнайды. Олар – Румыния және Польша құрамалары.

Ангел Йордэнеску жаттықтыратын Румыния құрамасы «A» тобында да, Адам Навалка жетекшілік ететін Польша футболшылары «C» тобында бақ сынайды. Қазақстан мамандары мен футболшыларына, жанкүйерлері мен көрермендеріне осы екі құраманың ойындарына ерекше мән беруге кеңес береміз.

Бүгін түнде Еуропа чемпионатының "шымылдығын" түретін де – осы біздің болашақ қарсыластарымыздың бірі. Таратып айтар болсақ, "Еуро-2016" додасы Сен-Дениде Франция және Румыния құрамаларының ойынымен ашылады.

Сонымен бүгін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі басталады. 10 маусымынан 10 шілдеге дейін алып құрлықтың, тіпті бүкіл әлемнің назары Францияның 10 стадионында (қаласында) өтетін теңбіл доп додасына ауады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика