Вернуться к списку статей

Ұлттық құрамаға ойыншыларын жібермей қойды деп "Қайратты" қарғағанымыз дұрыс па?

Футбол
2K
Ойыншыларын ұлттық құрамаға жібермейді деген ақпарат шыққалы әртүрлі әлеуметтік желілерде «Қайрат» футбол клубын қарғыс атып жатқан жанкүйерлер өте көп. Бірақ алматылық команданы жерден алып, жерге салғанымыз дұрыс па?

Жанкүйерлерден бөлек, журналист әріптестерімнің де пікірлерін оқып жатырмын. «Ұлттық мүддеден, ұлттық құрамадан өзін биік қойған клуб та, оның басшылығы да мүсіркеуге лайықты», «Ұлттық құрамаға ойыншыларын жібермей қойған «Қайрат» – халықтық команда деген атынан садаға кетсін», «Ел намысы сынға түскен уақытта ойыншыларын ұлттық құрамаға жібермей қою – барып тұрған опасыздық. Отаныңды қорғау керек уақытта әскер қатарына жібермей қоюмен тең», «Ұлттық құрамаға ойыншыларын жібермей қойған «Қайратты» қарғыс атсын» деген сынды пікірлерді көптеп кездестірдім. 

Әлбетте, әркімнің өз пікірі бар. Ешкіммен бұл тақырып жайында дауласқым да келмейді. Бәрі де арда тұтып, сыйласып жүрген азаматтар. Менікі тек өз ойымды жеткізу ғана.

Қай елдің ұлттық құрамасын алып қарасаңыз да жолдастық кездесулердің жылдық жоспарын жыл басында-ақ бекітіп қояды. Тіпті, кешеуілдеткеннің өзінде ішкі чемпионатқа кесірін тигізбейтіндей қолайлы уақытты табады. Біздің алдағы қарсыласымыз Қытайдың өзінде жылда осы уақытта екі апталық, қала берді бір айлық үзіліс бар.

Бізде ше? Ойынға бір ай қалғанда екі елдің футбол басшылары өзара келісіп алады да, екі апта қалғанда Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарын жинап алып, факт алдына қояды. Келіспегендерін үркітіп, Бас прокуратурамен қорқытып, дегеніне көндіреді. Егер Қазақстан футбол федерациясы жолдастық кездесулерін жыл басында, яғни ішкі чемпионаттың ойындар кестесі жасалмай жатып жоспарлап алғанда қазір ешкім де дау айтпас еді. Енді келіп жанкүйерлердің жанды жері патриоттыққа басқысы келеді. Бірақ алдымен жұмысыңды жүйелеп ал, содан кейін ғана патриотизм деп ұрандат! Осыдан алты ай бұрын Қытай немесе Мысырмен кездесеміз десе, ешкім қой демейтін еді ғой.

«Кез-келген команда ұлттық құрамаға ойыншысын жіберуге міндетті» деген пікірмен мен де келісемін. Алайда келісе отырып, тәртіптің бұзылғанын қаламаймын. Бәрі де жүйелі болса екен деймін. Тым болмаса, үш ай бұрын айтылуы керек нәрсе болатын. Тіпті, болмаған жағдайдың өзінде Қазақстан футбол федерациясы алдымен бұл мәселені Лига кеңесінің талқысына салып, содан кейін ғана шешім қабылдауы тиіс. Қытайлық әріптестерімен өзара қол алысып қойып, Қазақстан Премьер-лигасы клубтарын факт алдына қою – құрметсіздік, сыйламағандық және санаспағандық. Егер бірінші клубтармен келісіп, содан кейін ғана қытайлықтармен қол алысқанда, ешкім де қарсы болмас еді. Ал ішкі чемпионаттың ойындар кестесіне өзгерістің енуі бұл екінші мәселе.

Әлбетте, кез-келген клуб өз ойыншысының ұлттық құрамаға шақыртылуын мәртебе көреді. Сол секілді, «Қайрат» та төрт бірдей ойыншысының бас командаға шақыртылуын мақтаныш санайды. Дегенмен, өзін құрметтейтін клуб алдымен өзін өзгеге сыйлата білу керек қой.

Жалпы, алматылық команда ағаттық жасады деп санамаймын. Керісінше, Қазақстан футбол федерациясының соқыр саясатына қарсы шыққан батыр клуб. Қателіктерін қаймықпастан бетіне басқан жалғыз команда. Қазақстан чемпионатында күнтізбесінің тұтастығы мен құрылымының өрескел бұзылғаны рас па? Рас! Жолдастық кездесудің өткізілетін күні Қазақстан КФЛ (Кәсіпқой футбол лигасы) кеңесінің басқосуына дейін, клубтармен жөнді түрде келісіп алмай белгіленгені рас па? Рас! Ұлттық құрамада бас бапкердің әлі күнге бекітілмегені рас па? Рас! Яғни, осы матчтың спорттық тұрғыда стратегиялық мақсаты қандай? Оны ешкім ашып айта алмайды.

Сондықтан, құр патриоттыққа басып, «әгугәйлай» бергенше, таяқтың екі ұшына мән бергеніміз абзал болар. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаса, ҚФФ Президенті Ерлан Қожағапанов «бүйректен сирақ» шығаруы тоқтайтын емес. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика