Алғашқы алтылық үздік төртікке айналмаса етті
Сонымен, бірінші айналымды таразылай отыра, бір қорытынды шығарар болсақ, премьер-лигадағы клубтарымыздың деңгейлері төмендеп бара жатқандай. Жылда жоғары тобымыздағы азулы алты команданы бөліп алып, өзара додаға салушы едік қой. Олар бір-бірімен ойнап, чемпионат көрігі қыза түсетін.
Әрі деңгейі жоғары командалар бір-бірімен тайталасып, ысыла түсетін. Босаңсу деген болмайтын деуге де болады. Өз кезегінде, бұл маңдайалды клубтарымыздың деңгейін көтеру үшін ойластырылып, жүзеге асырылған шара болатын. Сөйтіп азулы командаларымыз ел біріншілігінің екінші бөлігінде аутсайдерлермен ойнамайтын. Яғни арқаны кеңге салатын, «өткінші» ойындар болмайтын.
Биылғы командалардың аяқ алыстарына қарап, «екінші кезеңге алты емес, төрт команда ғана шығарған дұрыс па», деген ойға да шомасың. Өйткені деңгейі жоғары командаларымыздың саны азая түскен. Биыл үздік алтылыққа іліккен командалардың бәрі де бәсекелес ұжымдар деп айта аламыз ба?
“Астанаˮ былтырғымен салыстырғанда әлсіреді
Бірінші көш басындағы «Астанадан» бастайық. Маусым аралығында әр түрлі себептермен бірнеше ойыншысынан айырылды. Бірінші кезекте Жуков, Жолшиев, Фокси, Илич, Кабананга, Ахметов сынды тәжірибелі ойыншыларын айтуға болады. Содан соң – Дедечко мен Қонысбаев.
Ал биылға маусымда келіп, негізгі құрамда ойнап жүргендері ретінде Логвиненко мен Деспотовичті бөле-жара атап өткім келеді. Асхат Тағыберген де аракідік алаңға шығып жүр. Аруна Лукман мен Бесарт Абдурахими болса, ел кубогы аясындағы, бірінші лигадағы клубтарымызбен өткен ойындарда да, жарқырап көзге түсе алмай жүр.
Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, «Астанада» деңгейі жоғары кеткен ойыншылары келгендерінен көп. Яғни құрамы әлсіреді. Мұны клуб басшылары да түсінетіндей. Осы ретте айта кетейік, енді Фоксидің қайтып келуі де ғажап емес сияқты...
Командасының әлсіремесе, күшеймегенін елорда клубының бас бапкері, сыралғы маман Станимир Стойлов та әу баста білді. Ол маусым басталғалы «құрамымызды нығайтпасақ, Чемпиондар лигасы тұрмақ, Қазақстан чемпионатында нәтижелі ойын өрнегін көрсету мүмкін емес, жеңіске жету қиын болады» деп зар иледі.
Бірақ... Бірақ «Астана» бірінші айналымдағы 11 ойынның тоғызында жеңіске жетіп, бір рет тең түсіп, бір-ақ рет ұтылып, өзгелерден қара үзді. Неге? Стойлов қателесті деп ойлайсыз ба, командасы әлсіремеген бе?
Жоқ! Меніңше, Стойлов қателескен жоқ. Мәселе, біздің басқа командаларымыздың да деңгейлерінің төмендеп кетуінде сияқты.
“Қайратˮ өз “етегінеˮ өзі сүрінді
«Астананың» негізі бәсекелесі «Қайрат» еді. Бірақ Алматы клубы маусым басында өзі аяғына өзі жығылып, өз сирағына өзі сүрінді. Құрамы күшеймесе, әлсіреген жоқ сияқты. Алайда бас бапкерін ауыстырып жаза басты.
Қалай десек те, бірінші айналымнан кейін көш соңына екшеліп түскен «Тараз» бен «Ақжайықтан» ұтылды. Өз алаңында «Шахтермен» тең түсті. Аутсайдерлерден ұтылып қалып, тек бірінші айналымның соңында еңсесін тіктей бастады.
“Ертісˮ, “Оқжетпесˮ, “Ордабасыˮ: ұзаққа шаба алатындар ма?
Бірінші айналымды «Ертіс» пен «Оқжетпес» аса жоғары деңгейде өткізді. Әйтсе де, бірінші айналымның аяғы мен екінші айналымның алғашқы турында екеуі де сүрінді. Тек қана «құлшыныс пен ынтаның арқасында алысқа шаба алмайсың» деген осы ма екен?!
Әрине, екі команданың да бас бапкерлері – тәжірибелі мамандар. Екеуі де – Қазақстан чемпионатында бақтары жанып жүрген жаттықтырушылар. Ал егер біздің төл біріншілігіміздің деңгейі өсе түссе, қалай болады? Олар «Астана» және «Қайратпен» тайталасып, бәсекелесе ала ма?
«Ордабасы» да сүрініп-қабынып, өз әлеуетін толық жүзеге асыра алмай келеді. Бақтияр Байсейітов айтқандай, бірінші айналымда 7-8 ұпайларын желге ұшырды. Қақпашыларының кесірінен бе, әлде қас шеберлерінің «есіруінен» бе, оны өздері анықтай жатар...
Шежірелері шыңырауға батып бара жатқандар
Шежіресі мол командаларымыздың біразы қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде аутсайдерлер қатарын толықтырды. Бірінші кезекте Еуропа лигасына сара жол салған, еліміздің екі дүркін чемпионы, үш дүркін қола жүлдегері «Шахтерді» атап өткіміз келеді.
«Ақтөбе» ше? Еліміздің бес дүркін чемпионы, алты дүркін жүлдегері. 2008 жылы ел кубогын иеленіп, үш рет суперкубогын жеңіп алған. Халықаралық аренада да көзге түсіп, Достастық кубогының финалына екі рет шығып еді-ау. Ал қазір ше? Құрамы әлсіреген. Даудан басы арылмай жүр демесек те, жанжалшыл командаға айналып бара жатқан жоқ па?!
Одан кейін – «Тобыл». 2010 жылғы чемпионымыз 2007 жылғы ел кубогын да жеңіп алған. Жеті рет жүлдеге ілікті. Ал қазір ше? Үздік алтылыққа іліге алмай, томпаңдап жүр.
«Тараз»! Талай таланттың томағасын сыпырып, аламан додаға қосқан Тараз футболы да тоқырау кезеңін бастан кешіруде. Киелі топырағынан шыққан тарланбоздарының басын біріктіріп, толағай табыстарға жете алмай жүр. 1996 жылы Қазақстан чемпионы болғаны көмескі тарта бастады. Екі рет жүлдеге ілігіп, 2004 жылы ел кубогын жеңіп алғанын өзге тұрмақ, өздері де ұмыта бастағандай ма?!
«Атырау» мен «Жетісу» да жетісіп жүрген жоқ. 2009 жылы ел кубогын иеленіп, төл чемпионатымызда екі рет жүлдеге іліккен «Атыраудың» да айылын жиғанына біраз болды. 2011 жылы ғана күміс жүлдегер атанған «Жетісудың» да көш соңында сылбыр жүріске түскеніне аз болған жоқ.
Деңгейіміздің тоқырауын дағдарысқа сілтейміз бе?
Әрине, қазір командаларымыздың деңгейі төмендеп барады десек, мұны қаржы дағдарысына апарып тірейтіндер табылар. «Ақша аз болса, футболды қарыштатып дамыту өте қиын» деп уәж айтатындар да болар. Бірақ біз сияқты легионерлерге ақшаны уыстап шашпай-ақ, клубтары Еурододалардың көрігін қыздырып жүрген елдер бар ғой.
Бұл тұрғыда Чехия, Австрия, Румыния, Беларусь, Кипр, Польша, Хорватия, Сербия, тіпті Скандинавия елдерінің клубтары бізге үлгі бола алады ғой. Бұлардың бәрі УЕФА-ның Еурододалар рейтінгісінде бізден жоғары тұр. Словакия және Болгария клубтары ше?
Қазақ «қалауын тапсаң, қар да жанады» дейді. Ал біз футболымызды дамытудың, клубтарымызды жетілдіре түсудің қалауын әлі таба алмай жүргендейміз...
Қазақстан клубтарының деңгейлерін алдағы Еурокубок додалары бұлтартпай көрсетіп беруі керек. Егер төрт командамыз да біразға дейін барса, онда чемпионатымыздың деңгейі – өскені. Ал тек «Астана» мен «Қайрат» көңілге қонымды ойын өрнегін көрсетсе?.. Әліптің артын бағайық.