Алып жоба ретінде биыл ғана құрылған «Алтайдың» басында әңгіртаяқ ойнап тұр. Біріншілікті бастағандары енді ғана еді, Қазақстан футбол федерациясының шешімімен бақандай тоғыз ұпайы шегерілді. Бұл мәселенің арты үлкен дауға ұласып, талай мамандар наразылықтарын білдірді.
Бүгін осы жайлы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында ұзын-сонар түсініктеме беріліпті. Онда «Восток» футбол клубының бұрынғы ойыншылары Джордже Мрджанин мен Саша Добричтің қарызын ала алмай жүргендеріне байланысты арызданып, ФИФА-ға хат жазғандығы, ҚФФ-тың еш кінәсі жоқ екендігі, тек ФИФА-ның тапсырмасын орындап жатқандығы, әйтпесе Қазақстан футбол федерациясы Халықаралық футбол федерацияларының қауымдастығынан шығарылатындығы туралы жазылыпты.
ҚФФ ресми сайты берген түсініктемеге сүйенсек, «Алтайдың» тоғыз ұпайын алып қою туралы нұсқауды Қазақстан футбол федерациясына ФИФА берген екен. Егер 30 күннің ішінде әлгі жарлықты орындамаса, біздің Федерация ФИФА аясындағы барлық додалардан шеттетілетін көрінеді-мыс.
– Егер «Востокқа» қарсы санкция қолданбағанымызда Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасынан, ФИФА аясындағы барлық турнирлер мен УЕФА ойындары секілді еурокубоктардан шеттетілер еді, - делінген әлгі түсініктемеде.
«Ал «Алтайдың» не қатысы бар?» дейтіндерге де арнайы тоқталыпты. 2016 жылдың 1 наурызындағы құжатқа сәйкес, өскемендік «Востоктың» ізбасары екендігін атап көрсеткен Қазақстан футбол федерациясы «Алтайға» футболшылардың алдындағы қарызын бәрібір өтеу керектігін жеткізген.
– Егер бұл талаптарды орындамаса ФИФА клубқа қосымша шара қолданып, Бірінші лига клубтарының қатарынан шығару туралы шешім қабылдайды да, автоматты түрде төменгі топқа (Екінші лига) түсіріп тастайды, - делінген ҚФФ ресми сайтында.
Иә, «Алтайға» қорқу керек. Қатты қорқу керек...