“Тобыл” бас бапкерсіз жеңіске жетті
Бас бапкері Дмитрий Огай мен оның екі көмекшісін қызметтерінен босатқан Қостанай командасы өз алаңында «Таразды» тізе бүктірді. Әзірше «Тобылдың» бас бапкері міндеті қосалқы құрам жаттықтырушысы Олег Лотовқа уақытша жүктелген болатын. Жас бапкер сенімді ақтады. Әрине, алаңға шыққан ойыншылары жанкештілік танытып, Огайды жібере салған басшыларын өкіндірмеуге тырысты-ақ.
Ал «Таразға» ойлану керек. Шегінетін жер, енді. Биылғы маусымды тәп-тәуір бастағанымен, сырғып-сырғып соңғы орыннан бір-ақ шықты.
«Тобыл» – «Тараз» – 1:0
Гол: Н’Диайе, 90+4.
«Тобыл»: Логиновский, Құрғулин (Мирошниченко, 65), Кассай, Яворский, Главина, Шимкович (Н’Диайе, 80), Мухутдинов, Деак, Досмағамбетов (Джалилов, 69), Жұмасқалиев, Дудченко.
«Тараз»: Григоренко, Нұралы, Айтбаев, Воротнкиов, Д.Евстигнеев, Данилюк (Рымтаев 73), Әмірханов (Баялиев, 90), Сүлей, Байтана (В.Евстигнеев 59), Шахметов, Мане.
“Ордабасы”... ойыны оңалып келеді
«Ордабасы» Шымкентте төртінші жеңісіне қол жеткізді. Құрамы осалдау болса да, «Ақжайық» жеңісті қолдан беретін команда емес. Табан тірсесе тайталасты. Бірақ деңгейі жоғары алаң иелері әйтеуір бір гол соқты. Оралдықтар сонда да тізгіндерін тартпады. Тіпті команда капитаны Мейрам Сапанов алаңнан да қуылды.
Осы ретте айта кетуге тиіспіз, бұл ойында да оңтүстікқазақстандықтардың қақпасын Алмат Бекбаев қорғады. Міне, екі ойын болды, ол өз қақпасына гол жіберген жоқ. Ал голды негізгі құрамда алаңға шыққан Касалица мен Юнузович емес, екіншісінің орнына шыққан Тәжімбетов соқты.
«Ордабасы» – «Ақжайық» – 1:0
Гол: Тәжімбетов, 72.
«Ордабасы»: Бекбаев, Қожабаев, Трайкович, Абдулин, Сүйімбаев, Диакате (Бейсенов, 84), Чатто, Төлебек, Нұрғалиев, Касалица (Тұңғышбаев, 62), Юнузович (Тәжімбетов, 62).
«Ақжайық»: Қалменов, Колуния, Ортиз, Мальцев (Валиуллин, 74), Сапанов, Сергиенко, Тапалов (Әбдірахманов, 79), Хайыров, Шевцов, Шурыгин, Хромцов (Бегалин, 66).
“Шахтер” пенальтиден де гол соға алмады
Қарағандыда Қазақстан премьер-лигасында ең аз гол соққан үш команданың екеуі кездесті. Қақпаға доп «тоғытуға» шорқақ екі ұжым арасындағы ойында есеп ашылған жоқ. «Шахтердің» ардагер шабуылшысы Андрей Финонченко матчтың 57-минутында тіпті пенальтиден мүлт кетіп, пұшайман болды. Сөйтіп, екеуі де бір ұпайды қанағат қылып, тең түсті.
«Шахтер»: Багинский, Арзуманян, Садовничий, Нұрыбеков, Сзоке, Зенели (Васильев, 76), Ермеков, Байжанов, Скорых (Ягуби, 68), Уббинк (Тәттібаев, 82), Финонченко.
«Атырау»: Нарзикулов, Дамчевски, Ламанж, Мулдаров, Коробкин, Эссаме, Куртеян, Кузьмин, Шабалин (Балтаев 88), Қонысбаев (Трытко, 66), Аржанов (Макась 80).
Гол соғуды “Ертістен” үйрену керек
«Ертіс» Талдықорғанда жергілікті «Жетісуды» жерге қаратып, ойсырата жеңді. «Шахтер» пенальтиден де гол соға алмай, дымы құрып жүргенде, кеншілер клубының түлегі «Ертіс» сапында төртінші және бесінші голдарын соғып, яғни дубль жасап, ел чемпионатының сұрмергендер тізімінде көш бастады. Бірнеше тур бойы үш гол соққан футболшылардың қатары молайып (тоғыз ойыншы болып), шабуылшыларды қорғаушылар да қуып жете бастаған еді. Бүгін Мұртазаев суырылып алға шықты.
Жалпы, «Ертіс» гол соғу өнерінен өзгелерге үлгі боларлықтай халге жетіп тұр. Сегіз ойында 17 гол соқты. Орта есеппен, бір ойында екі доптан артық соғады. Тамаша көрсеткіш. Ал «Жетісу» бүгінгі ойыннан кейін өз қақпасына ең көп гол жіберген команда болып шыға келді.
«Жетісу» – «Ертіс» – 0:3
Голдар: Мұртазаев, 39. Мұртазаев, 41. Фернандес, 90+3.
«Жетісу»: Шабанов, Тұрысбек, Кадио, Клайн, Азовский (Симоновски, 46), Моисов (Сағындыков, 21), Әмірсейітов, Әділханов (Мыңбаев, 63), Шабаев, Калинин, Савич.
«Ертіс»: Лория, Ахметов, Малый, Фонсека, Фрейдгеймас, Керла, Йирсак, Гогуа (Фернандес, 77), Джаллоу (Фалль, 89), Гетериев (Попов, 74), Мұртазаев.
Лорияның рекордын үзген Смақов Мухановты да «аямады»...
Сегізінші турда бәрінен кеш басталған ойын «Ақтөбе» мен «Оқжетпес» арасындағы матч болды. Бұл ойынның тағдырын көңілге күмән ұялататын пенальти шешті. Ойынның 73-минутында матчтың бас төрешісі Виктор Антонов қонақтарды 11-метрлік айып соққысымен жазалады. Бас қазы тіпті оң қапталдағы көмекшісімен де ақылдасты. Олардың пікірінше, «Ақтөбе» шабуылшысы тепкен доп «Оқжетпестің» қорғаушысының қолына тиген. Көкше футболшылары төрешілер шешімімен келіспей, біраз дауласты. Сол үшін ескерту алғандары да бар. Жалпы, бұл ойында тоғыз ойыншы (төртеуі – алаң иелерінің, бесеуі – қонақтардың футболшылары) сары қағаз алды.
Ал пенальтиді Самат Смақов мүлтіксіз орындап, теңбіл допты қақпа торында тулатты. Ал қазір Владимир Муханов жаттықтыратын «Оқжетпес» болса, бес жеңісінен кейін ұтылып қалып, биылғы маусымда екінші рет жеңілістің кермек дәмін татты.
«Ақтөбе» – «Оқжетпес» – 1:0
Гол: Смақов, 73-пенальтиден.
«Ақтөбе»: Отарбаев, Кәкімов (Азовский, 90+2), Куаджа, Петролай, Ситдиков, Жалмұқан (Цвейба, 83), Крюков, Смақов, Сорокин, Михалев (Жаңғылышбай, 75), Бочаров.
«Оқжетпес»: Стаменкович, Чичулин, Чертов, Чижов, Куксин, Еоне (Волков, 64), Нганбе, Ристович (Қожамберді, 82), Юрин (Бөлешев, 60), Хайруллин, Молдақараев.