“Атырау” – “Алтай” – 1:0
Гол: Дамчевски 90+3
“Атырау”: Нарзикулов, Трытко (Коробкин, 83), Балтаев, Чуреев, Эсатов, Сапаров, Куртеян, Дамчевски, Эссаме, Шарпар (Аржанов, 41), Макась (Шабалин, 46).
“Алтай”: Котляр, Заречный, Колодин, Жағыппар (Нұрғалиев, 87), Тәңібергенов, Муканов, Карпович (Тайыпов, 67), Ерсәлімов (Ұмашев, 79), Димов, Д.Шмидт, Шафф.
“Атырау» бұл ойында Қонысбаев, Мулдаров секілді тәжірибелі ойыншыларын жасыл алаңға шығарған жоқ. «Алтай» да әр түрлі себептермен Шакин мен Кострубқа сенім арта алмады. Тартысты өткен ойын тағдыры Астанадағыдай, матчтың негізгі уақытына қосылған төрт минуттың соңына қарай соғылды.
“Тобыл” – “Қызыл-Жар” – 0:0 (пенальтиден – 2:4)
Пенальти: Струков – 0:1, Главина – 1:1, Сапарғалиев – 1:2, Яворский – 1:2 (қиыс), Аверченко – 1:3, Хижниченко – 2:3, Соколенко – 2:4, Дудченко – 2:4 (қақпашы).
“Тобыл”: Петухов, Дудченко, Жулпа (Мухутдинов, 96), Н’Диайе (Деак, 46), Яворский, Главина, Джалилов, Досмағамбетов, Левин, Кұрғулин (Хижниченко, 78), Розыбакиев.
“Кызыл-Жар СК”: Нестеренко, Макаев (Сапарғалиев 70), Хичри, Сұлтанов, Аитов, Аверченко, Алиев, Бурцев (Соколенко, 106), Жанұзақов (Волков, 111), Струков, Ступич.
«Тобыл» бірінші лига командасына жол беріп алып, оңбай сүрінді. Қостанай командасының бас бапкері де көп күш жұмсамай, жартылай қосалқы құрамымен-ақ жеңіске жетуді көксегендей. Олай дейтін себебіміз, Жұмасқалиев, Дмитренко, Мирошниченко, Эльмурзаев сынды ойыншылары алаңға мүлде шыққан жоқ. Ал Деак, Мухутдинов, Хижниченко үшеуі тек екінші таймда ойынға қосылды. Бірақ бәрі де кеш болып шықты.
Владимир Фомичев қай командаға бас бапкер болса да, сол ұжымның жастарын жігерлендіре алатын – білікті маман. Әрі қарамағында бұрын Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсеткен тәжірибелі футболшылар да бар. Жастық пен тәжірибені ұштастыра отырып, құрамында деңгейі жоғары футболшылары көп «Тобылды» тобықтан қақты.
“Ордабасы” – “Қайсар” – 2:0
Голдар: Тәжімбетов, 82. Тұңғышбаев, 90+2.
«Ордабасы»: Бекбаев, Қожабаев, Мұхтаров, Трайкович, Сүйімбаев, Чатто, Әшірбеков (Гейнрих, 65), Бейсенов, Ирисметов (Тұңғышбаев, 56), Нұрғалиев, Юнузович (Тәжімбетов, 80).
«Қайсар»: Исламқұлов, Нүсіп (Ілиясов, 73), Назаров (Күнов, 32), Кейлер, Сүйінов, Марочкин, Алтаев, Сахалбаев, Граф, Алтынбеков (Вяткин, 86), Марушко.
«Қайсар» былтыр ғана премьер-лигада ойнаған. Әрі «Ордабасы» биылғы ел біріншілігінде ала-құла ойындарымен жанкүйерлерінің көңілінен толықтай шыға алмай жүр. Сондықтан Бақтияр Байсейітов тәуекелге бел буған жоқ. Алаңға негізгі құрамдағы ойыншыларын шығарды.
Десек те, әдеттегідей негізгі құрамын тағы да «сапырылыстырды». Өйткені бұл клубта бәсекелестік – әжептәуір жоғары. «Ордабасы» мұнысымен мақтана алады. Ең бастысы, бүгін қақапашысын ауыстырды.
Премьер-лигадағы ойындарда екі рет өрескел қателік жіберген Бойченконың орнына бүгін Бекбаев шықты. Алмат әріптесі сияқты білгенінен жаңылмаған секілді. Олай дейтініміз, өз қақпасына гол жіберген жоқ.
Қызық болғанда, екі голды да негізгі құрамдағы емес, алаңға екінші таймда шыққан футболшылар соқты. Әсіресе өз мүмкіндігін біраз тосып жүрген Дәуренбек Тәжімбетовті ерекше атап өтуге тиіспіз. Ол шыға сала гол соғып, теңбіл доппен "нысана" көздеуге қаражаяу емес екендігін көрсете білді.
“Ақжайық” – “Ертіс” – 0:1
Гол: Фернандес, 8.
«Ақжайық»: Багаутдинов, Говедарица, Николич, Абдрахманов, Антипов, Валиуллин, Омаров (Хромцов, 70), Сапанов, Сәрсекенов (Ортиз, 34), Шевцов, Гридин (Бегалин, 52).
«Ертіс»: Цирин, Керла, Малый, Фернандес, Фалль, Сартаков, Алиев, Есімов, Аяғанов, Воменко (Фрейдгеймас, 90+1), Мұртазаев (Попов, 87).
«Ертіс» Оралда жергілікті «Ақжайықты» ел кубогы додасынан тыс қалдырды. Бұған Батыс Қазақстан облысының жанашыр жанкүйерлері мен команда басшылары қатты қапаланбайтын шығар.
Өйткені, ашығын айту керек, «Ақжайықтың» қос «майданда» (ел чемпионаты мен кубогында) бірдей додаға түсіп, көңілге қонымды нәтиже көрсетуі – екіталай. Одан да бар күш-жігерін төл біріншілігімздегі ойындарға салып, премьер-лигадағы орнын сақтап қалғаны маңыздырақ сияқты.
“Ақтөбе” – “Жетісу” – 0:1
Гол: Савич, 65.
«Ақтөбе»: Павлов, Жұмашев, Жұмағали, Жалмұкан, Азовский, Цвейба (Куаджа, 81), Крюков, Смаков, Тотай, Михалев (Жаңғылышбай, 64), Айымбетов (Кайыров, 73).
«Жетісу»: Пасеченко, Кадио, Клайн, Моисов (Симоновски 62), Әмірсейітов, Әділханов, Шабаев, Тұрысбек, Калинин, Азовский (Мыңбаев 70), Савич.
«Жетісу» төртінші турда «Ақтөбеден» ұтылып қалған. Бүгін сол жолғы есесін қайтарды. Астанадағы ойында бес гол соғылса, бүгінгі кездесу тағдыры жалқы голмен шешілді.
«Ақтөбе» де негізінен ел чемпионатындағы ойындарына көңіл бөліп, жазда Еуропа лигасында лайықты деңгейде өнер көрсетуді ойлайтындай. Қазіргі жағдайы мен шама-шарқы үш додада бірдей «шабуына» жете қоймас...
“Оқжетпес” – “Тараз” – 2:1
Голдар: Хайруллин, 45 (1:0). Сүлей, 75 (1:1). Хайруллин, 90+5 (2:1).
«Оқжетпес»: Бабаханов, Куксин, Чижов, Чертов, Чичулин, Волков, Богданов, Қожамберді, Хайруллин, Нганбе, Молдақараев.
«Тараз»: Докич, Баялиев, Әмірханов, Евстигнеев, Рымтаев, Қараман, Қаримолла, Тоғызбай, Сатыбалды, Әбденаби, Кеңесбек
Бүгінгі сегіз матчтың ішінде екі команда да гол соқан жалғыз ойын осы болды. Тартысты кездесу. Әйтсе де, «Тараздың» да екі бірдей додада сынға түсуді жағдайы көтермейтіндей.
Сондықтан ба, алаңға негізінен қосалқы құрамдағы ойыншылары шықты. Қызық болғанда, Тараздың жас таланттары көсіле шауып, бас бапкерлеріне өздерінің де ел чемпионатында додаға түсуге жарап қалғандарын дәлелдеуге тырысты. Әйтеуір «Оқжетпеске» ширек финалға шығу мүлде оңай болмады.
“Қайрат” – “Шахтер” – 4:0
Голдар: Тавамба, 78. Қуат, 83. Исаэль, 90+2. Дарабаев, 90+3.
«Қайрат»: Плотников, Қуантаев, Рудосельский, Маркович (Дарабаев 86), Тесак, Тимощук, Бакаев, Аршавин (Қуат 78), Исламхан (Дарабаев, 88), Исаэль, Тавамба.
«Шахтер»: Багинский, Горячий, Арзуманян, Садовничий, Зенели (Нұрыбеков, 70), Ягуби, Ермеков, Байжанов, Скорых (Тәттібаев, 81), Уббинк, Финонченко (Пикалкин, 72).
«Қайрат» бұл ойында үздік ойыншыларының бәрін алаңға шығарды. Тіпті алаң жиегінде өз кезегін күтіп отырған Сидельниковке де шеберлігін паш етуге мүмкіндік берген жоқ.
Өйткені «Қайратың» «Шахтерде» кеткен есесі бар-тын. Естеріңізде ме, бесінші турда ұта алмай, тіпті бірде-бір гол соға алмай, өз жанкүйерлері алдында ұятқа қалған.
Бұл жолы да кеншілер клубы тістесіп, табан тіресе «шайқасқан». Бірақ олардың күш-жігері бүгінгі матчта 77 минутқа қана жетті. Бес минуттың ішінде алматылықтар екі гол соғып алға шыққан. Содан «Шахтердің» сағы сынып, салы суға кетті. Ойынның негізгі уақытына қосылған минуттардың аяғында тағы екі гол жіберіп алды.