Вернуться к списку статей

Какау бағасын өсірмек болып қыр көрсете бастаған ба?..

Футбол
2K
Фото kairat-futsal.kz сайтынан
Футзалдан Алматының «Қайраты» мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері өзін Әзірбайжан құрамасы шақырса, келіссөздер жүргізуге «кет әрі» еместігін сездірген.

Тино Перес Әзірбайжаннан кетіпті

Футзалдан Әзірбайжан құрамасының бас бапкері, Испания маманы Тино Перес қызметінен кетіпті. Осы ретте айта кетейік, бұл бапкер осы елдің ұлттық құрамасымен Колумбияда өтетін әлем чемпионатының жолдамасын жақында ғана жеңіп алған болатын.

Негізі, Тино Перестің келісімшартының мерзімі 1 мамырға дейін көрінеді. Әйтсе де, Қарт Каспийдің арғы бетіндегі көршілеріміз ұлтық құрамаларына бас бапкер іздеуге көшкен.

Ал Әзірбайжан футзал федерациясының президенті Заур Ахундов «біздің құрамамыз ФИФА рейтингінде 10-орында, сондықтан жаңа бас бапкер табу еш қиындық туғызбайды» деп, azerisport.com сайтына берген сұхбатында өзінің бек сенімді екендігін білдірген.

Какаудың мұнысы қыр көрсету ме, әлде...?

Әзірбайжан елінің жоғарыда аталған спорттық порталы бірінші кезекте «Қайрат» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Бразилия маманы Какаудан сұхбат алып, ойын білген.

Әлгі сұхбата Какау Әзірбайжан құрамасын жер-көкке сыйғызбай мақтаған:

Жақында өткен Еуропа чемпионатын еске алсақ, сіздердің құрамаларыңыз өз мүмкіндігінен әлдеқайда төмен нәтиже көрсетті. Шынымды айтайын, Әзірбайжан құрамасы – Қазақстаннан да қарымды. Өйткені құрамында қас шеберлер көп. Еуро додасы алдында мен Әзірбайжанды кем дегенде финалға дейін жетеді деп ойлағанмын. Бірақ олай болып шықпады, – деп оларды қызықтыра түскен.

Әрі Әзірбайжан құрамасы сапындағы Финео, Амадеу, Аугусто, Рафаэль және Эду сынды ойыншыларды айрықша атап өтіп, «тек ұжымдық ойын үлгісі жоқ» деген.

Ал «Әзірбайжан футзал федерациясынан ұсыныс түссе, келісер ма едіңіз» деген сұраққа:

Мен ӘФФ президенті Заур Ахундовты ерекше құрметтеймін. Өйткені ол қаншама жылдар бойы Әзірбайжан футзалына қызмет етіп келеді. Үнемі командамен бірге. Мен Қазақстан құрамасымен ерен жетістіктерге қол жеткіздім. Алайда менің келісімшартым тәмамдалды. Егер қандай да бір ұсыныс түссе, оны талқылауға болады, – деп жауап берген.

Сонда azerisport.com тілшісі де қоймай, «яғни Әзірбайжан құрамасын баптауға келісім берер ме едіңіз» деп сұрақты төтесінен қойған:

Кім бас тартар еді дейсіз? Тіпті әлемдегі білікті мамандар да бас тартпас еді, өйткені Әзірбайжан құрамасы шынымен де азулы команда, – депті Какау.

Әрі Әзірбайжан құрамасымен күзде Колумбияда өтетін әлем чемпионатында «ширек финалда ойнауға, тіпті одан да жоғары нәтиже көрсетуге болады» деп дәмелендірген.

Алайда, сөзінің соңында Қазақстан құрамасы жайлы:

Бәріне рахмет. Бәрі мен қолдады және сый-құрмет көрсетті. Бірақ мен қаламын ба, жоқ па білмеймін. Тек айтарым, мен Қазақстанмен үнемі ыстық ықыласыммен болдым. Әрі барлық ойым тек командамен жоғары нәтиже көрсету болды, – деген екен.

Біз ештеңе түсіне алмадық. Какау шынымен орта ауыстырып, басқа елге кеткісі келе ме? Әлде бағасын өсіріп, өзіне тиімді келісімшартқа қол жеткізу үшін бе? Жоқ, білікті бапкерді ренжітіп алдық па?! Біз Қазақстан футзал федерациясымен хабарласқан едік, қауырт жұмыстардан қолдары тимей жатыр екен, түске қарай телефон шалуымызды өтінді. Хабарласамыз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика