Вернуться к списку статей

"Алтай" алмаған ба "ақ батасын"... қазақ футболы отанының

Футбол
2K
Фото
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының шешімімен І-лигада өнер көрсететін "Алтай" футбол клубынан тоғыз ұпай шегеріліп тасталды.

Бата деген ақ тілеу керек екен...

Шығыс Қазақстан облысында «Восток» және «Спартак» клубтарының орнына «Алтай» деген жаңа команда құрылып, биыл Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында бақ сынай бастаған. Құрамын тәжірибелі ойыншылармен жасақтап, биыл премьер-лига жолдамасын жеңіп алуға бекінгендері де сезілген.

Бірақ іс жүзінде «Алтайдың» айдарынан жел есіп тұрған жоқ. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырадының» кебін киіп жүргендей. Себебі «Спартактың» да, «Востоктың» да жанкүйерлері – өкпелі. Фанаттар ішінде теріс айналып жатқандары да баршылық сияқты.

Мәселен, «Алтайдың» өз алаңындағы алғашқы ойыны өткен сенбіде Өскеменде өтті. Бұған қазақ футболының отаны болып саналатын Семей топырағы томсыраймай қайтсін?!

Қазақ футболының киелі отанынан «ақ бата» алмаған «Алтайдың» жолы ауырлау болып тұрған сияқты. Әуелі ел кубогы додасында Ақтаудың «Каспий» командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалып, пұшайман болды. Алайда іле-шала «Екібастұз» футболшыларын 2:0 есебімен ұтып, доп айырмасымен Қазақстан кубогының 1/8 финалына әупіріммен шықты.

Жақында бірінші лига командалары арасында да ел чемпионаты басталған. «Алтай» футболшылары бірінші турда Ақтауға барып, әлгі «Каспиий» командасын 1:0 есебімен ұтып, еселерін қайтарды. Бірақ, бірақ...

Жоғарыда атап өткеніміздей, екінші турда өз алаңындағы алғашқы ойынын өткізді. Ұлан-асыр той болса керек еді. Бірақ олай болмай шықты. Семейден автобуспен жанкүйерлерді әкелу ұйымдастырылыпты. Естуімізше, негізінен ардагерлер мен зейнеткерлер ғана келген.

Ал «көптен күткен үлкен той», яғни футбол ойыны... Айтуға да, бір түрлі... «Алтай» қара басып, ұтылып қалды. Ұят болғанда, ойының соңғы минутарында өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Ол, ол ма... Ресейден саф алтындай қалап әкелген қас шебері, яғни Денис Колодин өз қақпасына «супергол» соғып, салы суға кетті.

Осындай деңгейі өте жоғары (!) ойыншының шалғайдағы «Мақтааралдың» шабуылшысынан, Қазақстан бірінші лигасының ойыншысынан «сескеніп», допты қақпашысына бере салмақ болған әрекеті адамды таң қалдырады...

Жығылғынға жұдырық...

Кеше кешкісін ҚР Кәсіпқой футбол лигасы ҚФФ (Қазақстан футбол федерациясының) өтінішін жүзеге асырып, "Алтай" футбол клубынан бақандай тоғыз ұпай шегеріп тастады. Өйткені – аталған команда "Восток" клубының заңды мұрагері.

«Восток» болса, ФИФА-ның Тәртіптік комитетінің шешімін орындамаған. Атап айтқанда, Джордже Мрджанин және Саша Добрич сынды ойыншыларға берешегін өтемеген. Ал ФИФА-мен «қылжақтауға» болмайды.

Сол үшін ҚР Кәсіпқой футбол лигасы «Алтайдан» 9 ұпай шегеріп тастады. Бірақ «шегеріп тастады» дейтіндей, Шығыс Қазақстан клубының ұпайы да көп емес-тін. Бар болғаны үш ұпай болатын. Бұл дегеніңіз, енді олардың еншісінде – минус алты (– 6) ұпай.

Осылай, дағдарыс кезінде «тазы» болып «шалмақ» болған, екі команданың орнына бір ұжым құрған, Шығыс Қазақстан облысының футбол клубы соңғы орыннан бір-ақ шықты.

Бәлкім, ойнағанынан ойнайдысы «қызық» болған "Алтай" клубының заңды мұрагері ретінде "Спартак" командасын бекіткен (тіркеген) дұрыс па еді?! Қалай десек те, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов доп тепкен Семейдің киелі топырағын футболсыз қалдырмау керек сияқты.

Жалпы, Семейдегі футбол клубы «Елімай» деп аталған кезінде (1994-2003 жылдар аралығында) ерен жетістіктерге қол жеткізіп еді. Алайда тарихи мағыналы атауы әуелі (2004 жылы) «Семей», одан кейін (2008 жылы) «Спартак» болып өзгертілді. Содан бері Семей футболының кежегесі кейін тартып, тіпті міне, құрдымға кетіп барады...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика