Вернуться к списку статей

Футзал және әйелдер футбол командасын Премьер-лига клубтарының мойнына арту қаншалықты дұрыс?

Футбол
2K
2018 жылдан бастап Премьер-лиганың әр клубы футзал және әйелдер командасын қанатының астына алуға міндетті
2018 жылдан бастап Қазақстан Премьер-лигасында ойнайтын клубтар өз қарамақтарында футзал және әйелдер футболы командасын ашуға міндетті болады. Бұл ел футболына қаншалықты өзгеріс әкеледі? Бұдан біз не ұтамыз? Жалпы, шешім дұрыс па, әлде керегі жоқ па еді? Бұл мәселені біз мамандар талқысына салып көрген едік.

Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің мәжілісі футзалдан Алматыда өткен Қазақстан – Польша кездесуінен кейін бірден өтті. Футзал және әйелдер футболы командаларына байланысты шешімдер де сол жерде қабылданды. 2017 жылы бұл ереже негізінен ұсыныстық сипатқа ие болса, 2018 жылдан бастап Премьер-лига клубтары футзал және әйелдер футболы командаларын бауырларына басуға міндетті болады.

Жалпы, бұл шешімнің қайдан туғаны түсінікті шығар. Бүгінде футзалымыздың «сырты бүтін, іші түтін». Қазақстан ұлттық құрамамыз бен «Қайрат» шағын-футбол клубы әлемде атой салып жүргенімен ішкі біріншіліктің жағдайы мәз емес. «Бір әншінің сахнасына» айналып кетті. Басқаларда оған қарсы тұрар қауқар жоқ. Тіпті клубтар саны тұрақсыз болып кетті. Рас, бәрі қаржыға келіп тіреледі ғой. Ақша барда ел чемпионатында доп теуіп, ақша жоқта облыс біріншілігіне қатысып жүрген командалар. УЕФА кубогына дейін қатысқан «Астана-Тұлпардың» өзі жабылып жатқан соң, басқалар жайлы айтудың өзі де артық шығар.

Әйелдер футболындағы жағдайымыз тіптен мүшкіл. Қазақстан қыздар құрамасы әр ойында қақпасына төрт-бес гол жіберіп жатады. Ішкі біріншілікке қатысатыны бес-алты ғана команда. Мұнда да клубтар қаржы тапшылығына байланысты бірінен соң бірі жабылып жатыр. Сондықтан, Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті футзал мен әйелдер футболын Премьер-лига клубтарына байлап қоюды жөн көрді.


Ал мамандардың бұл шешім жайлы пікірлері қалай екен?

Олжас Абраев, Кәсіпқой футбол лигасының Президенті:

– Кәсіпқой футбол лигасы футзал және әйелдер футболын дамытумен бірінші кезекте Қазақстан футбол федерациясы айналысу керек дене ұстанымды ұстанады. Жақын уақытта ҚФФ Президентінің басшылығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, еліміздің аймақ басшыларымен бірген футзал және әйелдер футболын дамытудың жолдарын қарастырады. Яғни, бірінші кезекте бюджеттен қосымша қаржы қарастыру мәселесі талқыланады. Өйткені, бар ауыртпалық клуб бюджетіне түсіп кетпеу қажет. Ал негізі, футзал және әйелдер футболы командаларын Премьер-лига клубтарының қарамағынан ашу мәселесінің талқыланып келе жатқанына біраз болды. Мұндай өтінішпен бізге Әйелдер футболы комитеті де келген. Өйткені, шыны керек, жыл санап Қазақстан біріншілігіндегі командалардың саны азайып барады.

Станимир Стойлов, «Астана» футбол клубының бас бапкері:

– Мен бұл ереженің мәнісін толық түсінбедім. Ел футболының дамуына қаншалықты көмектесе алатынын да айта алмаймын. Жалпы, қажет нәрсе ме? Себебі, соңғы кездері экономика жайлы көп айтылып жүр. Премьер-лига клубтары ақшаларын барынша үнемдеп, әр тиынын санауға мәжбүр. Ал футзал және әйелдер футболының командасын қосып қойсақ, клубтарға мүлдем қиын болып кетпей ме? Экономика деп жүріп, тағы да ақша шашайын деп жатырмыз. Негізі, футзал және әйелдер футболы командасын Премьер-лига клубтарына байлап қойғанша, ел футболын дамытудың басқа жолдарын қарастырған дұрыс еді.

Орынбасар Дәуренбекова, «Астана» әйелдер футбол клубының жаттықтырушысы:

– Егер осы шешім шынымен де жүзеге асар болса, онда 2017 жылдан бастап Қазақстанда әйелдер фуболы қарыштап дамымақ. Өйткені, бізде материал көп те, оны ары қарай алып кететін қаржы жоқ. Қаржының тапшылығынан Қазақстан чемпионатында командалар саны жыл санап азайып барады. Мәселен, биыл мамыр айында басталатын ел біріншілігіне небәрі 5-ақ команда қатыспақ. Бұл ұят емес пе?! Онда да кейбір командалар сыртқа шықпайды. Біріншіліктің өз алаңында өтетін турларға ғана қатысады да, сыртқа шығуға ақша жоқ дейді. Ал алысқа бармай-ақ өзімізді көрші тұрған Өзбекстан футболымен салыстырайықшы. Ол жақта ел біріншілігінде 14 әйелдер футбол командасы өнер көрсетеді. Өйткені, Өзбекстанда әйелдер футболын қаржыландыруды үлкен футболдағы клубтардың мойындарына іліп тастаған. Егер бізде де осы ереже жүзеге асар болса, онда біз де жылдам дамимыз. Рас, алғашқы жылы қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ, бір-екі жылдан кейін Уэльс пен Аустрия құрамаларынан қарымта қайтаруға шамамыз жететін болады.

Павел Таку, футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы:

– Өте жақсы бастама. Естігенде қуанып қалдым. Бұл Қазақстан футзалының дамуына жаңа серпін береді. Рас, алғашқы жылы түсініспеушіліктер көп болып, біріншілік емес, ботқа болып кетуі әбден мүмкін. Өйткені, бастапқыда Премьер-лига аясындағы клубтары аясындағы командалардың деңгейі әртүрлі боады. Дегенмен, уақыт өте келе бұл жүйе өз жемісін беріп, Қазақстан футзалы дами бастайды. Негізі, мұндай тәжірибе Португалияда бар. Мәселен, Португалияда үлкен футболдағы Жоғары дивизионның клубы өз бюджетінің 10 пайызын футзал командасын қаржыландыруға жұмсауға міндетті. Испанияда да, осындай тәжірибе бар. Бразилияда да «Коринтианс» сынды үлкен футболдағы клубтар футзал командасын да қоса қолға алған. Олардың деңгейі қаншалықты жоғары екенін мен айтпасам да біліп отырған боларсыз. Үлкен футболдан да, футзалдан да әлемнің алдыңғы қатарында.  

Александр Гребонос, футзалдан Қазақстан ұлтық құрамасының ойыншысы:

– Көптен күткен шешім болды. Өзім қуана қабылдадым. Өйткені, бүгінде мұндай қатаң шешімсіз футзалды дамыта алмаймыз. Шыны керек, бүгінде Қазақстан футзалы «бір әншінің сахнасына» айналып кетті. Оларға лайықты қарсылас болар ешкім жоқ. Өйткені, қаражат тапшы. Біріншілікте жылдан-жылға командалар азайып барады. УЕФА кубогына қатысқан «Астана-Тұлпардың» өзі ақша жоқтығына байланысты чемпионаттан шығып қалды. Ал егер футзал командаларын Премьер-лига клубтарына байлап қойса, онда үлкен футболмен қатар футзалымыз да қоса дами беретін еді.

Ермек Төрениязов, спорт журналисі, «Kazsport» телеарнасының комментаторы:

– Соңғы кезде жақсы қабылдаған жаңалықтарымның бірі осы болды. Бірақ, тек қағаз жүзінде ашылмай, нақты жұмыстар жасалса екен деген тілегім бар. Өйткені, қазір еліміздің әр аймақтарында футбол орталықтары бар дегенді естиміз. Дегенмен, кейбір облыстарда олардың жағдайлары оңып тұрған жоқ. Жұмыстар дұрыс жүргізілмейді. Егер нақты қолға алынып, Премьер-лига клубтарының аясында футзал және әйелдер командалары да ашылар болса, олардың арасында өзара біріншілік өтер болса, онда бұл жақсы жетістік болар еді. Сондай-ақ, Премьер-лига клубтарынан дербес өз базалары болуы тиіс. Осындай жағдайда ғана Премьер-лига клубтары әйелдер футбол командасы мен футзал командасын өз қанатының астына алсын. Мұндай жағдай жасай алмаса, өздерін де, басқаларды да қинаудың қажеті жоқ. Әйтпесе, бізе үлкен футболдағы кейбір клубтардың өзінде дұрыс база жоқ. Жалпы, Қазақстанда кәсіпқой клубтарға бөлініп жатқан қаржы аз емес. Соның бір бөлігін осындай игі істерге жұмсаса, ешнәрсе жоғалтпайды. Бірақ, бірнәрсе түсініксіз. Премьер-лига клубтары төменгі дивизионға ұшып кетсе, соның қарамағындағы футзал және әйелдер футбол командасы да автоматты түрде төменгі топқа түсіп қала ма? Ары қарайғы тағдыры не болады? Міне, осы мәселелерді де алдын-ала реттеп алу қажет секілді.    


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика