Вернуться к списку статей

Әлібек Бөлешев – Ұлттық құрамаға шабуылшы қажет болса, мен бармын

Футбол
2K
Сұрмерген Бөлешевті ұлттық құрамаға шақыртып көрсек қайтеді?
Бүгін Премьер-лиганың 6-туры аясында Көкшетаудың «Оқжетпесі» түзде Қарағандының «Шахтерімен» кездеседі. Дегенмен, көкшеліктер сапында алаңға сұрмерген Әлібек Бөлешев ойнамауы мүмкін. Мұның алдында «Атыраумен» болған ойында бірінші таймда-ақ алаңнан кетуге мәжбүр болған шабуылшы «Оқжетпестегі» жағдайы жайлы, голдары туралы және ұлттық құрамадағы шабуылшылар мәселесі жөнінде айтып берді.

– Әлібек, соңғы турда «Атыраумен» болған ойынның біріннші таймында-ақ бас бапкер сізді алмастырды. Жарақатыңыз соншалық қатты болды ма?

– Шамамен 5-ші минутта-ақ аяғымның ауырғанын сездім. Жүгіруім қиындап кетті. Одан әрі ушықтырып алмау үшін бас бапкерден алмастыру жайлы өзім сұрадым. Қазір «Шахтерге» қарсы ойнаймын ба, жоқ па белгісіз. Бірақ өзімді аздап жайлы сезініп қалдым.

– «Оқжетпесте» биыл жаңа ойыншылар өте көп. Олар командаға қаншалықты сіңісіп кетті?

– Өте шебер ойыншылар жинақталған. Құрамымыз қарымды. Үш тур қатарынан жеңіске жеттік. «Шахтерге» қарсы ойында да ұтуға тырысамыз. Жалпы, жігіттер әр ойын сайын өз шеберліктерін жетілдіріп келеді.

– Маусым басталғалы үш рет қонаққа бардыңыздар. Қай алаңда ойнау қиын болды?

– Өткен турда Оралға қонаққа бардық. Алаңның быт-шыты шығып кетіпті. Шөп емес, тастақ болып кеткен. Тастың үстінде футбол ойнадық. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол жақта алаңның сапасы жақсы еді. Қалайша құрып кеткені... Ал «Астанада» жасанды желек өте жұмсақ. Футболға жайлы.

– Ойындар кестесінде аса қатты күтіп жүрген кездесулеріңіз бар ма?

– Барлық ойын бірдей ғой. Дегенмен, Алматының Орталық стадионындағы кездесуді ерекше күтетінім рас. Өйткені, онда мен жеті жыл футбол ойнадым. «Қайратта» ойнап танылдым, сонда ойнап жетілдім. Шынын айтсам, бұрын бұл жайлы ойламаған да едім. Соңғы кезде осындай ойға шомып жүрмін.

– Әлібек, сіздің Қазақстан чемпионатындағы голдарыңыздың саны жүзге жақындап қалды. Өзіңіз голдарыңыздың статистикасын жүргізіп отырасыз ба?

– Иә, санап отыратыным бар. Соңғы рет бір жерден 97 гол соққаным жөнінде оқығанмын. Бірақ артынша, неге екені белгісі, екі голымды шегеріп тастапты ғой. Дегенмен, маңызды емес. Ең бастысы, әр ойын сайын командамның жеңісіне үлесімді қосып отырсам болды. Ал голдар уақытымен келе береді.

– Жалпы, әлі қанша уақыт кәсіпқой футболда доп тебуді жоспарлап жүрсіз?

– Денсаулығым жеткенше ойнаймын. Әзірге бұл жөнінен бәрі жақсы. Өзімді жақсы сезінемін. Әр матч сайын 90 минут бойы жүйіткуге шамам жетеді.

– Сұхбатымыздың соңында ұлттық құрама жайлы сұрасақ деп едік...

– Шынын айтсам, мұндай сұраққа жауап бергім келмейді. Өйткені...

– Әлібек, тек Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғауға дайынсыз ба, соны айтсаңыз болғаны. Оның үстіне, бүгінде бас командамызда гол соғуға қабілетті шабуылшылар өте қат.

– Бұл бапкерлер алқасы шешетін нәрсе. Өз басым ұлттық құрамадан бас тартқан ойыншыларды көрмеппін. Ондай футболшы жоқ та шығар. Бас командада ойнау кез-келген ойыншының арманы, үлкен мәртебе. Өзім әрдайым дайынмын. Егер ұлттық құрамаға шабуылшы қажет болса, мен бармын.

– Сұхбатыңызға рахмет, Әлібек! Бас командаға қайта оралуыңызға тілектеспіз!

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика