Вернуться к списку статей

16 жыл күткен жеңіс. «Тобыл» - Қазақстан кубогының иегері атанды

Футбол
348

Ресми түрде елімізде футбол маусымы аяқталды. Соңғы ойын Қазақстан кубогының финалымен аяқталды. Астанада Шымкенттің «Ордабасы» клубы мен Қостанайдың «Тобылы» кездесті.

Бұл екеуінің финалда жолығуы алғаш рет емес. 2007 жылы Таразда ойнаған. Бұл Қостанай командасының дүрілдеп тұрған тұсы. Олар 3:0 есебімен жеңген. Руслан Балтиев дубль, бір голды Игорь Юрин салған. Одан кейін 2011 жылы «Ордабасы» есе қайтарған.

Енді, міне, Астанада үшінші рет кездесті. Матчтан бір күн бұрын баспасөз мәжілісінде Шымкент командасының бас бапкері биыл маусымға деген жоспар орындалды. Ел чемпионы атандық. Кубокты иеленіп жатсақ, бұл қосымша бонус, болмаса ештеңе етпейді деп айтты. Яғни, ойынға дейін жеңіліп қойғаны байқалды. Сондықтан кездесу кезінде де «Ордабасы» жігіттерінен мотивацияны көрмедік. Көзден жалын жоқ. «Тобылдың» қатырғаны шамалы. Бірақ олар үшін бұл кубоктың маңызды екенін байқадық.

Матч голға дейін ойналды. Ойынның 67-минутта Ислам Чесноков мергендік танытты. Осы доп кубоктың тағдырын шешті. Бұл жерде «Ордабасы» қақпашысы Бекхан Шайзада қателік жіберді.

Сөйтіп, «Тобыл» өз тарихында екінші рет Қазақстан кубогына қол жеткізді. Келесі жылы Еуропа лигасында ойнайды. Егер «Ордабасы» чемпион атанғанда еурокубок жолдамасы төртінші орын алған Алматының «Қайратына» бұйырар еді.

Ал «Ордабасы» Чемпиондар лигасында ел намысын қорғаса, «Астана» мен «Ақтөбе» Конференция лигасында бақ сынайды.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Тобыл» (Қостанай) – 0:1
Гол:
Чесноков, 67 (0:1).

«Ордабасы»: Бекхан Шайзада (Қ), Ғафуржан Сүйімбаев (К), Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Мамаду Мбоджи, Ауро Жуниор, Бернардо Матич, Евгений Макаренко, Шохбоз Умаров, Артём Беседин, Бобир Абдихоликов;

Резерв:Мұхамеджан Сейсен(Қ), Қажымұқан Төлепберген (Қ), Сұлтанбек Астанов, Владислав Васильев, Думан Нәрзілдаев, Максим Федин, Акмаль Бахтияров, Батырхан Тәжібай, Еркебұлан Тұңғышбаев, Айбар Жақсылыков;

Бас бапкер: Александр Седнев.

«Тобыл»:Иван Коновалов (Қ), Роман Асранкулов, Боян Младович, Альберт Габараев, Бағдат Қайыров, Йован Илич, Серікжан Мұжықов (К), Евгений Шахов, Милан Вукадинович, Серж Дебле, Игор Иванович;

Резерв:Сұлтан Бусурманов (Қ), Юрий Мелихов (Қ), Тимур Жақыпов, Павел Забелин, Руслан Валиулллин, Данияр Семченков, Бейбіт Ғалым, Павел Киреенко, Ислам Чесноков, Жасұлан Жұмашев, Момчило Мркаич;

Бас бапкер:Милич Чурчич.

Төрешілер: Омаров Рустам, Васютин Сергей, Тергеусізов Самат (бәрі де – Алматы)

VAR: Сахи Данияр (Қызылорда)

AVAR: Магау Наргис (Алматы)

Қосалқы төреші: Гаузер Александр (Петропавл)

Инспектор: Горда Александр (Көкшетау)

Астана, «Астана Арена». 11 024 көрермен.

Милич Чурчич, «Тобыл» клубының бас бапкері:

– Біріншіден, «Ордабасы» командасын ел чемпионы атануымен құттықтаймын. Олар биылғы маусымда жақсы ойын көрсетті. Команда құрамы, бапкерлер штабы бәрі мықты. Бүгін финалда адалдық танытып, фэйр-плей ережесін сақтады. «Ордабасы» жанкүйерлері де матч бойы сүйікті клубын жақсы қолдады. Біздің жанкүйерлер де олардан қалыс қалмады. Әрине, өзіміздің жігіттерді құттықтаймын. Жыл бойы төккен тер босқа кетпеді. Еңбек ақталды. Біз тарихты жазып жатырмыз. Кубокты иелену арқылы еурокубокқа жолдама алдық. Ал матч тең дәрежеде өтті. Бүгін дисциплина мен шыдамылық шешті. Финалда кейде бір жақсы пас пен бір жақсы соққы жеткілікті. Бүгін сол жоспар жүзеге асты. Енді аздап демалып алу керек.

12457

«Тобыл» кубоктағы жеңісінің арқасында Еуропа лигасына жолдама алды. Енді маусымаралық үзіліс кезінде құрамды күшейту қажет пе?

– Үш күннен кейін менің келісімшартым аяқталады. Сондықтан сұрақ маған емес. Алдымен демалып алайын. Сосын карьерамда қандай қадам істейтінімді шешемін.

Ұсыныстар бар ма?

– Әрине. Ұсыныс бұған дейін де түскен. Былтыр мен чемпиондыққа қол жеткізгенмін. Биыл «Тобылмен» кубокта топ жарып, еурокубокқа жолдама алып отырмын. Сондықтан мұндай жұмыс істеген адамға шақырту болады ғой.

Конференция лигасынан шығып қалған соң, барлық күшті кубокқа сақтадыңыздар ма?

– Жақсы сұрақ. Футболда әрбір матчта жеңіс үшін ойнадық. Бірақ біз ішкі біріншілікте чемпиондықтан үміт үзген соң, кубокқа дайындалғанымыз жасырын емес.

Александр Седнев, «Ордабасы» клубының бас бапкері:

– Біріншіден, «Тобылды» жеңіспен құттықтаймын. Өте тартысты әрі қызықты матч болды. Қауіпті шабуылдар көп бола қойған жоқ. Санаулы шабуылдың біреуі голға айналды. Өкінішке қарай, бізде таразы басын теңестіретін ресурс жетіспеді. Енді «Тобылға» еурокубокта сәттілік тілеймін.

12458

Команда ойынға жеңіске деген құлшыныспен шықпағаны байқалды. Бұл чемпионаттағы жеңістен кейінгі тоқмейілсу ме?

– Бұл туралы пікір білдіргім келмейді. Егер біз жеңіске жеткенде мұндай сұрақ туындамас еді. Жігіттер бар күшін салды, тек соңғы жағында импульс жетіспеді.

– Келесі жылы «Ордабасы» УЕФА Чемпиондар лигасында ойнайды. Сіз командада қаласыз ба, құрамды күшейту бола ма?

– Бүгін маусымды аяқтадық. Енді, 3-4 футболшы ұлттық құраманың матчтарына барады. Ал маған қатысты әзірге ешқандай келіссөз жоқ. Егер ұсыныс түссе, тапсырманы орындай алам ба, жоқ па ойланып көремін. Мен Шымкентті, клубты жақсы көремін. Бапкерлерде де жеке ресурс болады. Бір командаға бұдан басқа беретіні бар ма жоқ па ол жағы да маңызды. Егер жаңа іштеңе бере алмасам, онда ол жұмысты алмаймын.


Қазақстан кубогын иеленген командалар:

1. «Қайрат» (Алматы) – 9;

2-3. «Жеңіс» (Астана) – 3;

2-3. «Астана» (Астана) – 3;

4-6. «Қайсар» (Қызылорда) – 2;

4-6. «Ордабасы» (Шымкент) – 2;

4-6. «Тобыл» (Қостанай) – 2;

7-16. «Достық» (Алматы) – 1;

7-16. «Восток» (Өскемен) – 1;

7-16. «Елімай» (Семей) – 1;

7-16. «Ертіс» (Павлодар) – 1;

7-16. СОПФК «Қайрат» (Алматы) – 1;

7-16. «Тараз» (Тараз) – 1;

7-16. «Алматы» (Алматы) – 1;

7-16. «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 1;

7-16. «Атырау» (Атырау) – 1;

7-16. «Шахтёр» (Қарағанды) – 1.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика