Вернуться к списку статей

«IBA-ның Чемпиондар түні». Шымбергенов нокаутқа түсіп, Елеусінов жанкүйерлерін қуантты

Бокс
205

Елімізде алғаш рет бокстан «IBA-ның Чемпиондар түні» атты кеш өтті. Оған IBA президенті Умар Кремлев арнайы келіп, өзі қатысты. Кейбір жігіттер мұндай форматқа дайын болса, кейбірі сенім үдесінен шыға алмады.

Алдымен, рингке қазақтың жас тарланы Санжар Тәшкенбай мен өзбектің тәжірибелі боксшысы Нодиржон Мырзахмедов кездесті. Санжар осы жылдың жаңалығы. Ташкентте әлем чемпионы атанған. Қарсыласы да осал емес. Екі рет Азия чемпионы атанған. Тәшкенбайдың немересі Ташкент жақтан келген қарсыласын аса қиындықсыз жеңді. Тек соңғы раундтарда қалғаны болмаса. Бұл 51 келіге дейін салмақта өтті.

Одан кейін тағы бір жас дарын Махмұд Сабырхан жаңа салмағы 57 келіде кубалық Освальдо Диаспен кездесті. Төрешілер 2023 жылғы әлем чемпионы Махмұдтың жеңісін мойындады.

Өкінішке қарай, бұдан кейінгі жекпе-жектің нәтижесіне жергілікті жанкүйерлер сенбей қалды. Ұлтық құраманың қазіргі капитаны Асланбек Шымбергенов Хосе Мигель Боррегомен жолыққан. Бастапқы раундтарда Жамбыл облысының боксшысы ұпай санымен ұтып жатқан. Бірақ төртінші раундта кәсіпқой бокста 24 раунд өткізген Боррего шыңдап іске кірісті. Онысы жеміс берді. Қорғанысы әлсіз Асланбек қарсыласының жойқын соққысынан кейін ринг ортасына сұлап түсті. Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов ортаға орамал тастап, жеңілісті өз еріктерімен мойындады. Бәлкім, шәкіртінің денсаулығын ойласа керек.


Қалған бес кездесудің екеуінде қазақ боксшылары басымдық танытса, үшеуінде қарсыластар жеңіске жетті. Жалпы есеп – 4:4.

Жанкүйерлерін қуантқандар қатарында 80 келідегі Бекзат Нұрдәулетов бар. 2019 жылғы әлем чемпионы әлі жеңіліп көрмеген Ресей спортшысы Никита Зонмен (7-0-1, КО 5) осал тұсын тапты.

Сол секілді екі жыл рингке шықпаған, Рио Олимпиадасының чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов (11-0, КО 6) Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Джабулани Макхенсемен (14-2, КО 7) қолғап түйістірді. Данияр көптен шаршы алаңда жұдырықтаспаса да, шеберлігін сәтті пайдаланды. Жекпе-жек алты раундқа созылды. Елеусінов әлі де өз бабында екенін дәлелдеді.


Өкінішке қарай, 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатының финалисті Ерасыл Жақпеков (80 келі) голландиялық Градус Краусқа, 67 келі салмақта 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2019 жылғы Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, WBA тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта 10-орында тұрған Харитон Агрбаға (12-0, КО 8) және 2021 жылғы әлем чемпионатының финалисі және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов 63,5 келіде Сербия намысын қорғайтын Ресей боксшысы Павл Фёдоровқа (3-0, КО 1) есе жіберді.

Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика