Вернуться к списку статей

Қазақстанның 10 боксшы Париж Олимпиадасында бақ сынайды

Бокс
9K
Таиландтың бас шаһары – Бангкокта бокстан 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама беретін соңғы іріктеу турнирі мәресіне жетті.
 
Бұл сынға Қазақстан құрамасынан алты боксшы қатысып, оның үшеуі жолдамаға қол жеткізді. Атап айтқанда, ерлер құрамасынан 63.5 келі салмақта бақ сынаған Мұхамедсабыр Базарбайұлы, қыздардан – Назым Қызайбай (50 келі) мен Валентина Хальзова (75 келі) ел сенімін ақтап, Олимпиада жолдамасын қоржынға салды. Осылайша, бокстан Қазақстан тарихында ерлер құрамасы үшінші мәрте Олимпиадаға толық құрамда қатысса, әйелдерден тұңғыш рет үш боксшы өнер көрсетеді.

Таиландтағы турнирді тарқатып жазар болсақ, наурыз айында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирде тек 63,5 келі салмақта лицензия бұйырмай қалған еді. Сөйтіп ұлттық құраманың бапкерлер штабы соңғы іріктеуге қай боксшы баратынын анықтау мақсатында елішілік турнир ұйымдастырды. Оған сол салмақтың серкелері Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Жандос Қыдыралиев қатысып, бестіктің ішінен Базарбайұлының бағы жанды. Сөйтіп ол екінші мүмкіндігіне ие болды және оны мүлт жіберген жоқ.

Мұхаммедсабыр Базарбайұлына Таиландтағы іріктеу турнирде алты жекпе-жек өткізуге тура келді. Алғашқы айналымда жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Филиппин боксшысы Кристиан Лаурентені жарыс жолынан ығыстырса, екінші айқасында түркиялық Мизан Айколды айқын басымдықпен жеңді – 5:0. Үшінші жекпе-жегінде италиялық спортшысы Джанлуиджи Малагадан басым түсіп, ширек финалға шықты.

Өкінішке қарай, Мұхаммедсабыр ¼ финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері кубалық Альварестен айласын асыра алмады. Тартысты жекпе-жекте  төрешілер 2-3 есебімен жеңісті кубалық боксшыға берді. Тіпті, екінші раундта отандасымыз Куба өкілін нокдаунға түсірген болатын. Алайда, төрешілер таза нокдаунды есептемей тастады. Сөйтіп Эрисланди Альварес тікелей Олимпиада жолдамасын иеленсе, Мұхаммедсабыр осы салмақтағы бесінші жолдамаға таласу үшін  тағы 2 айқас өткізуге тура келді.
Қосымша жекпе-жектің алғашқысында колумбиялық Хосе Мануеэль Виафраны 3-2 есебімен ұтса, шешуші айқаста Ұлттық құрама спортшысы Молдова өкілі Александр Параскивтен 5:0 есебімен басым түсіп, Олимпиада жолдамасына қол жеткізді.

Италиядағы турнирде қыздар құрамасы бірде-бір жолдама иелене алмаған соң, федерация басшылығы қыздар арасында да іріктеу өткізуді ұйығарды. Елішілік жарыста үздік шыққан Назым Қызайбай (50 келі), Ұлжан Сәрсенбек (54 кг), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі) және  Валентина Хальзова (75 келі) Таиландтағы турнирге қатысатын болды. Өкінішке қарай, соңғы іріктеу турнирінде Ұлжан Сәрсенбек (54 кг), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жолдамаға қол жеткізе алмай, жарыс жолын ерте аяқтады.

Ал 2014 және 2016 жылдары 48 кг алмақта екі әлем чемпионатында топ жарса, екі Олимпиадаға қатыса алмаған Назым Қызайбай үшінші мүмкіндігінде ғана Олимпиада жолдамасын иеленді. Іріктеу сайыстарында словакиялық Николь Дурикованы, ұлыбританиялық Саванна Стублейді және Оңтүстік Корея боксшысы Джухюнг Джунгті ұтқан Назым ¼ финалда Солтүстік Корея өкілі Хянг Су Кангты айқын басымдықпен жеңіп (5-0), көптен күткен арманын қол жеткізді.

75 келі салмақтағы Валентина Хальзова өзінің үшінші жарысында Олимпиада жолдамасын олжалады. Мұның алдында ол былтыр Қытайда өткен Азия ойындарына және Италиядағы лицензиялық турнирге қатысып, Олимпиада жолдамасынан тыс қалған еді. Бангкоктағы үшінші талпынысында ол жанкүйерлерді де, бапкерлер құрамын да жерге қаратқан жоқ. Таиландтағы турнирде Валентина алдымен украиналық Каролина Махнодан басым түссе, екінші айналымда моңғолиялық Эрденетуя Энхбаатардан айласын асырды. Ал шешуші айқаста колумбиялық Ширлейдиз Орозконы 5:0 есебімен айқын жеңіп, бокстан ел құрамасының үшінші жолдамасын алды.
Осылайша, ел тарихында алғаш рет қыздар құрамасынан Олимпиада үш боксшы қатысатын болды. Бұған дейінгі 2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио Олимпиадасында екі боксшымыз өнер көрсеткен болатын. Сондай-ақ қыздар боксы Олимпиада бағдарламасына енген 2012 жылдан бері 75 келі салмақта боксшыларымыз төрт жылдықтың басты бәсекесіне тұрақты қатысып келеді.

Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер құрамасынан мына боксшылар қатысады: Cәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі).

Қыздар құрамасы сапынан Париж шаршы алаңында Назым Қызайбай (50 кг), Карина Ибрагимова (57 келі) және Валентина Хальзова (75 келі) өнер көрсетеді.

Франция астанасы Парижде алауы тұтанатын жазғы Олимпия ойындары биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Париждегі бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр.

Дүбірлі додада бокстан ерлер құрамасы 51, 57, 63,5, 71, 80, 92, 92 келіден жоғары салмақта жүлдені сарапқа салады. Ал әйелдер арасында 50, 54, 57, 60, 66, 75 келіде жекпе-жек өтеді.

Қазіргі таңда Қазақстанның қоржынында Париж Олимпиадасының 58 жолдамасы бар.
Яндекс.Метрика