Вернуться к списку статей

Азиада. Бокста бар үміт Қоңқабаевта болып тұр

Азиада-2023
354

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында бокстан ерлер арасында жартылай финал толығымен аяқталды. Өкінішке қарай, Қазақстаннан тек бір боксшы алтын жүлдеге таласады.

Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда Үндістаннан келген Бервал Нарендермен жұдырықтасты.

Осылайша, ол Қазақстан ерлер құрамасы сапынан Азия ойындарының финалына шыққан және Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленген жалғыз қазақ боксшысы атанып отыр.

Айта кетейік, Азия ойындарының финалына шыққан боксшылар Париж Олимпиадасының жолдамасын иеленді.

Қамшыбек финалда өзбек алыбы, Токио Олимпиадасының чемпионы Баходир Жалоловпен кездеседі. Екеуі бұған дейін тоғыз мәрте жолыққан. 2019 жылға дейін Қоңқабаев 3:1 есебімен алда тұрған. Одан кейін жерлесіміз қатарынан алты рет ұтылды. Енді, міне, оныншы рет шаршы алаңда кездескелі тұр.

Ал құрама капитаны Асланбек Шымбергенов қола жүлдені қанағат тұтты. Отандасымыз жартылай финалда әлем чемпионы, жапониялық Севон Окадзавамен кездескен.

Алғашқы екі раундта отандасымыз 3:2 есебімен алда тұрған. Бірақ соңғы раундта күтпеген жерден төрешілер жеңісті жапон боксшысына ұстата салды. Сөйтіп, Шымбергенов қола жүлдемен шектелді. Сонымен қатар Олимпиада лицензиясына қол жеткізе алмады.

Бұған дейін Асланбек мамыр айында Ташкентте 67 келіде әлем чемпионы атанған өзбек боксшысы Асахуджа Муйнхуджаевты нокуаутпен жеңген еді.

«Асланбек жақсы бокстасты, бірақ жеңісті бермеді. Азия ойындарында протест бере алмаймыз, оған рұқсат жоқ», - деді ұлттық құрама бапкері Айтжанов.

Енді финалдық жекпе-жектер 4-5 қазан күндері өтеді. Қазақстан жалғыз Қамшыбек Қоңқабаевқа сенім артады.

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика