Чемпиондар лигасы – Қазақстан чемпионы Парижде де ұтылды

Футбол
Чемпиондар лигасы – Қазақстан чемпионы Парижде де ұтылды
«Пари Сен-Жермен» (Франция) – «БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – 4:1. Фото: psg.fr
«БИІК-Қазығұрт» қыздары футболдан әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының ширек финалына шыға алмады. Қазақстан чемпионы Парижде де ұтылып қалды.

Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/8 финалына тұңғыш рет шыққан «БИІК-Қазығұрт» қыздары «Пари Сен-Жермен» аруларынан екі рет ұтылып қалды. Сөйтіп, мәртебесі жоғары додадан тыс қалды.

Осыдан бір апта бұрын Қазақстан чемпионы Франция қыздарын Шымкентте қабылдап, 0:3 есебімен ұтылып қалған болатын. Бүгін қарымта матч Парижде өтіп, алаң иелері тағы да үш доп айырмасымен басым түсті. Есеп – 4:1.

«БИІК-Қазығұрт» қыздары ойынды өте жинақы бастады. 42 минут бойы тайталасып бақты. ПСЖ қыздарының бірнеше шабуылдарын тойтарды. Алайда 43-минутта алаң иелері сан соқтырып кетті.

Осы гол қыздарымыздың көңіл-күйлеріне қатты әсер еткендей болды. Көп ұзамай, бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минутта «Пари Сен-Жермен» тағы бір гол соғып, есепті еселей түсті.

Ойының екінші жартысында да қыздарымыз намысты қолдан бермеуге тырысты. Екінші таймның ортасында тіпті гол соғып, есепті қысқартты да. Алайда алаң иелері қарқындарын қайтадан үдетіп, тағы екі гол соқты.

Сөйтіп, «Пари Сен-Жермен» екі ойынның қорытындысы бойынша 7:1 есебімен үстем түсіп, ширек финалға шықты. Ал «БИІК-Қазығұрт» жылдан жылға ысылып, деңгелері өсіп келе жатқандығын көрсете білді.

Осы ретте айта кетейік, «Пари Сен-Жермен» – тәжірибелі һәм азулы команда. 2014/2015 жылдар маусымында Чемпиондар лигасының финалына шыққан (шешуші матчта немістің «Франкфурт» клубынан ұтылып қалған).

«Пари Сен-Жермен» (Франция) – «БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – 4:1

Голдар: Крус-Транья, 43 (1:0). Сарр, 45+1 (2:0). Адуле, 67 (2:1). Дели, 70 (3:1). Сарр, 79 (4:1).

ПСЖ: Гертс, Жорж, Деланнуа, Периссе (Ламари, 53), Паредес, Эрика, Крус-Транья (Палясен, 61), Диалло, Бокете (Дели, 46), Кристиане, Сарр.

«БИІК-Қазығұрт»: Железняк, Машкова, Нганди, Красюкова, Мясникова, Кравец (Жолшиева, 77), Эшер (Хайрулина, 86), Роузборо, Бабшук, Адуле, Габелия.

Бас төреші: Лоррейн Кларк (Шотландия)

Бірінші ойын – 3:0.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 28 – 8

Тура соққы: 17 – 2

Қиыс кеткені: 8 – 5

Тойтарылғаны: 3 – 1

Бұрыштама соққылар: 6 – 1

Офсайдтар: 3 – 1

Ескерту (сары қағаз): 0 – 1

Ереже бұзу: 7 – 12

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: әйелдер футболыЧемпиондар лигасыҚазақстан чемпионы"БИІК-Қазығұрт"1/8 финалы"Пари Сен-Жермен"

Вернуться назад