Ресейдегі әлем чемпионатына «барғысы келмейтіндер»...

Футбол
Ресейдегі әлем чемпионатына «барғысы келмейтіндер»...
Америка футболшылары 1986 жылдан бері бірінші рет Әлем чемпионатына қатыспайды. Фото: thesun.co.uk
Футболдан 2018 әлем чемпионатының іріктеу додасы көмбесіне тақап, аяқталуға айналды.

2018 жылғы әлем чемпионатына қатысатын 32 құраманың әзірше 23-і белгілі болды. Африкадан үш құрама қосылуы керек, соңғы електік додасы әлі аяқтала қойған жоқ. Еуропада сегіз құрама соңғы төрт жолдамаға таласады. Енді екі жолдаманың иесі құрлық аралық «түйіспе» ойындарда анықталады.

Бір қызығы, кеше түнде АҚШ құрамасы Тринидад және Тобаго футболшыларыан ұтылып қалып, Ресейде өтетін әлем чемпионатына бара алмайтын болды. Америка аяқдопшылары 1986 жылдан бері бірінші рет дүниежүзілік доп додасына қатыспайды...

Украина құрамасы соңғы турда, өз алаңында Хорватия қырандарынан ұтылып, Еуропаның қосымша төрт жолдамасына таласу құқығынан айырылды. Бірінші таймда қыспаққа алғанымен, екінші таймда екі рет өз қақпаларынан доп қармады...

Нидерланды құрамасының әлем чемпионатына іліге алмай қалғаны жанкүйерлердің көбісінің жанына батып-ақ жүр. Еуропадан Түркия да бармайды. Бір қызығы, бұрынғы КСРО елдерінен Ресейдің өзінен басқа бірде-бір мемлекеттің футболшылары 2018 жылғы бүкіләлемдік біріншілікке қатыспайтын болды.

Африкадан Камерун, Алжир, Гана футболшылары да Ресейдегі футбол тойына бара алмайтын болды. Оңтүстік Америкадан Чили де келе алмайды. Азиядан Қытай мен Сирия да ілікпеді. Сөз соңында айта кетейік, 2018 жылғы әлем чемпионатына Ресей маманы жаттықтыратын Қазақстан құрамасы да бармайды...

Әлем чемпионатының финалдық додасына қатысатындар:

Оңтүстік Америка – әзірше 4 (Перу құрамасы Жаңа Зеландиямен құрлықаралық жолдаманы сарапқа салады):

Бразилия, Уругвай, Аргентина, Колумбия;

Еуропа – әзірше 10 (сегіз құрама соңғы төрт жолдамаға таласады)

Германия, Испания, Англия, Франция, Португалия, Сербия, Польша, Бельгия, Исландия және Ресей (қожайын ретінде);

Төрт жолдаманы сарапқа салатындар (жеребе әлі тартылған жоқ) – Италия, Хорватия, Швеция, Дания, Швейцария, Ирландия, Грекия, Солтүстік Ирландия;

Азия – әзірше 4 (Австралия мен Гондурас құрлықаралық жолдаманы сарапқа салады):

Жапония, Иран, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы.

Солтүстік және Орталық Америка – әзірше 3 (Гондурас пен Австралия құрлықаралық жолдаманы сарапқа салады)

Мексика, Коста-Рика, Панама.

Африка – әзірше 2 (қалған үшеуі соңғы турда анықталады):

Нигерия, Египет...

Автор: Әлихан ЖАППАР

Теги: Әлем чемпионатыУкраинаТүркияАҚШFIFA World Cup QualificationФиналдық додаСирияРесей-2018FIFA World Cup

Вернуться назад