«Астана-Аренаға» алты ойында 100 мың көрермен жиналды

Футбол
«Астана-Аренаға» алты ойында 100 мың көрермен жиналды
Фото fca.kz сайтынан
Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Астана» – «Спортинг» кездесуі қарсаңында екі ұжымның өз алаңдарындағы өткізген ойындарына жанкүйерлердің қаншалықты жиналатынына тоқтала отырып, салыстырып көрдік.

Еурододадағы жорығын Чемпиондар лигасынан бастаған Португалия клубы «Барселона», «Ювентус» және «Олимпиакос» клубтарымен бір топқа түсті. Өз алаңындағы, яғни «Жозе Алваледе» стадионындағы алғашқы матчты  «Барселонамен» өткізіп, 48 575 жанкүйердің алдында 0:1 есебімен есе жіберіп алды. Естеріңізге сала кетейік, 2003 жылы ашылған «Жозе Алваледе» стадионына 50 095 жанкүйер сыяды.

Осы топтағы азуы алты қарыс «Ювентус» клубымен өткен ойында да алаң иелерін 48 442 жанкүйер жанұшыра қолдапты. Тек «Олимпиакосты» қабылдағанда, жергілікті халықтың қызығушылығы – аса жоғары болмағандай. Сол күні «Жозе Алваледеге» 42 528 ғана адам жиналыпты. Сонда, үш ойында 139 545 жанкүйер өз командасының ойынын стадионда тамашалаған.

«Астана» биыл екінші жыл қатарынан Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп, ел футболының тарихына соны жетістіктер енгізіп жатыр. Оны бәріңіз де білесіздер. Алдымен, 2016-2017 жылдар маусымында «Янг Бойз», АПОЭЛ, «Олимпиакос» клубтарын қабылдады. Енді осы матчтарда «Астана-Аренаға» жиналған жанкүйерлеріміздің қарасына тоқталайық. «Янг Бойзбен» кездескенде «Астана» 21 328 жанкүйердің қолдауына қарамастан, «Жас балалардан» үстем түсе алмады. Ол ойын 0:0 есебімен тең аяқталған-ды.

Не керек, содан бастап жанкүйерлердің қарасы төмендей берді. Мысалы, биыл «Спортингпен» бір топта ойнаған «Олимпиакоспен» өткен ойынды алаң жиегінен 12 158 адам ғана тамашалапты. Ал өз алаңымыздағы соңғы АПОЭЛ клубымен додаға түскен ойынды көру үшін небәрі 9 143 жанкүйердің «Астана-Арена» босағасын аттағаны әлі есімізде. Бұл дегеніңіз – 2009 жылы пайдалануға берілген 30 мыңдық стадион 30% -ға ғана толды деген сөз. Жалпы, 2016-2017 маусымындағы үш ойын қорытындысына назар аударсақ, 42 630 астаналық еурододаның куәгері болған.

Енді, биылғы 2017-2018 жылдар маусымындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек,  «А» тобында алдымен Праганың «Славиясымен» болған ойынға- 17 215 жанкүйер жиналды. Екінші, «Астана» – «Маккаби» (Тель-Авив) матчында 10 350 адаммен «Астана-Аренаның» 1/3 ғана толғаны, осы күнге дейін көңіл қынжылтады. Есесіне, «Вильярреал» клубыиен өткен ойын 29 800 адамның арқасында «Астана» ойыншыларының есінде ұзаққа сақталатыны анық.  Яғни, биыл топтық кезеңнің ойындарына барлығы 57 365 жанкүйер келген.

Өздеріңіз байқағандай, екі жылғы топтық кезеңдегі «Астананың» өз алаңдағы ойындарына жалпы 100 мыңға жуық халық жиналыпты. Ал «Спортингтің» осы жылғы топтағы көрсеткішінің өзі бұдан әлдеқайда жоғары – 139 545. Қалай дегенмен де, біз салыстырып отырған ұжымдардың деңгейі – жер мен көктей. Жанкүйерлермен жұмыс және фан секторлардың санын арттыру сынды мәселелерге келгенде, біздің «Кәртамыс ғаламдағы» футбол ұжымдарынан үйренеріміз көп.

Автор: Шамкен Байырбек

Теги: FC AstanaUEFA Champions LeagueЧемпиондар лигасыЕуропа лигасы"Астана-Арена""Астана" ФК"Спортинг"ЖанкүйерлерКөрермендерUEFA Europa LeagueSporting

Вернуться назад