Назалы «Маккаби» мен қапалы «Астана»

Футбол
Назалы «Маккаби» мен қапалы «Астана»
«Астана» – «Маккаби» (Тель-Авив) матчынан. Фото: fca.kz
Ертең Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі төртінші турдың ойындары өтеді. «Астана» Израильде «Маккаби» (Тель-Авив) клубымен кездеседі.

Еуропа лигасының үшінші турында, яғни 19 қазан күні «Астана» мен «Маккаби» (Тель-Авив) Сарыарқа төсінде кездесіп, Қазақстан чемпионы 4:0 есебімен күйрете жеңген. Енді – қарымта матч. Израильде өтеді. «Блюмфильд» стадионы қайта құрылымдау жұмыстарын өткізу үшін уақытша жабылғандықтан, Нетанияда өтеді.

Меселі қайтпаған «Маккаби»...

Астанаға «жеңеміз» деп келіп, ойсырай ұтылған Тель-Авив клубы өз жерінде есе қайтаруды ойлайды. Қайтсе де, жеңіске жетуді көксейді. Бас бапкері Йорди Кройфф те, ойыншылары да Қазақстандағы ірі жеңілістің кездейсоқ нәтиже екендігін дәлелдегілері келеді...

«Маккаби» (Тель-Авив) клубының бас бапкері қазақ топырағындағы ірі жеңілістерін бірінші кезекте «Астана-Арена» стадионының жасанды желегімен ұштастырады. Әрі біраз ойыншыларының жарақат алып, қатардан шығып қалғандарын да көлденең тартып отыр.

Сонымен қатар, Астанада өз мүмкіндіктерінен әлдеқайда төмен ойнағандарын да тілге тиек етіпті. Соның есесін өз алаңдарында қайтаруды ойластырып, алақандарын ысқылап отыр. «Астанадан» екінші рет ұтылса, сенім үдесінен шыға алмай жүрген бас бапкеріне тықыр таянары анық...

«А» тобында жалқы ұпаймен соңғы орында тұрса да, «Маккабидің» дәмесі – әлі зор. Дәл қазіргі жағдайларына қарамай, Еуропа лигасының келесі сатысына шығуды армандайды. «Астанадан» соң «Славиямен» де өз алаңында ойнайды. Осы екі ойында жеңіске жетуді жоспарлап отырған сыңайлы.

Йорди Кройффтің ішкі есебінше, «Вильярреал» төртінші және бесінші турда өзіне қажетті ұпайды еншілеп, Еуропа лигасының 1/16-финалында бақ сынау құқығына қол жеткізеді екен. Сөйтіп, соңғы турда «Маккабиге» жеңілдеу болады екен-мыс... «Славиядан» да, «Астанадан» да ұтылғаны есінде жоқ...

«Астана» алаңдаулы...

«Астана» қазан айында Қазақстан чемпионатындағы жағдайын тығырыққа тіреп алды. Әуелі «Тобылмен» тең түсіп, бір ұпайды қанағат тұтты. ХХХІ турда түзде «Ордабасы» клубынан, ал ХХХІІ турда өз алаңында «Қайраттан» ұтылып қалды. Сөйтіп, бір айда сегіз ұпай жоғалтты.

Қазір «Қайратпен» арасын бір-ақ ұпай бөліп тұр. Соңғы турда «Ақжайықты» тек жеңу керек. Тең түссе де, саф алтыннан айырылады. Ең қиыны, бұл ойын 5 қараша күні өтеді. Яғни Израильден қайтқан бетте Орал клубымен додаға түсуі керек. Сағат белдеуінің әсер етуі әбден мүмкін...

Сондықтан, Израильге «Астана» сынық көңілмен аттанды. Нетанияда бар күш-жігерін жұмсамайтын да шығар. «Ақжайықпен» өтетін ойынды көп ойлайды. Төртінші рет чемпион атану – ертеңгі ойыннан да маңызды. Десек те, Еуропа лигасының келесі кезеңіне шығуды да қаперлерінен шығармайды деп үміттенеміз.

Жалпы, осы апта «Астана» үшін үлкен сынақ болып тұр. Екі жарым тәулікте өте маңызды екі ойын өткізуі керек. Ертең «Маккабиден» ұтылса, онда Еуропа лигасының 1/16-финалына шығу мүмкіндігі мейілінше төмендейді. Ал жексенбіде Қазақстан чемпионатының алтыны үшін жан алып, жан беруге тура келеді. Осы екі сыннан қалай өтеді? Оны уақыт көрсетеді...

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: FC AstanaЕуропа лигасыТоптық кезең"Астана" ФКUEFA Europa League"Вильярреал""Славия""Маккаби" (Тель-Авив)Maccabi Tel Aviv

Вернуться назад