Еуропа лигасы – «Астана» «Славиямен» тең түсті

Футбол
Еуропа лигасы – «Астана» «Славиямен» тең түсті
«Астана» – «Славия» – 1:1. Екі голдың авторлары... Фото: fca.kz
«Астана» Еуропа лигасының «А» тобындағы екінші ойынын өткізіп, өз алаңында «Славия» клубымен тең түсті. Есеп – 1:1.

Бүгін екі команда да негізгі құрамдағы ойыншыларының бәрін алаңға шығара алмады. «Астана» сапында жарақат алып, қатардан шығып қалған Кляйнхайслерге соңғы сәтте Аничич пен Граховац қосылды. Ал «Славия» Хушбауэр, Данни сынды белді ойыншыларына сенім арта алмады.

Ойын аса жоғары қарқында басталды. «Славия» шынымен де «Астана-Аренаның» жасанды алаңын жатсынған жоқ. Бірден көсіле шапты. Құрамындағы ойыншыларының техникалық шеберліктері қандай деңгейде екені байқалып-ақ тұрды.

Қақпашысы да ширақ, әрі тәжірибелі екен. «Астана» футболшыларының бір-екі қауіпті соққыларын тойтарды. Қорғаушылары да аянған жоқ. Допты тартып та алады, шалып та жығады. Ал алғы шептегі ойыншылары шабуылды үдете түсті. Тіпті, көп ұзамай, есеп ашып, көрермендерді сілтідей тындырды.

«Славия» айып соққысын орындаған. Қақпадан біршама алыс болғандықтан, соншалықты қауіп күткен де жоқ едік. Алайда әуелеп ұшқан допты біршама жерден Камерун қорғаушысы Майкл Нгадеу-Нгаджуи басымен қақпаға дөп түсірді. Ненад Эрич допқа сәл ғана жетпей, қапы қалды.

«Славия» мұнымен шектелген жоқ. Қауіп бұлтын төндірумен болды. Екі рет теңбіл доп қақпа бағанасына тиіп, көрермендерді аһ ұрғызып, кері қайтты. Енді бір өте қауіпті сәтте қақпашымыз Ненад Эрич алға қарай жүгіріп шығып, допты тойтарды...

«Астана» да айылын жиған жоқ. Алма-кезек шабуылмен өткен бірінші таймда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Ойынның бірінші жартысы аяқталуға айналғанда, жылдамдықтарын үдете түсті. Кабананганың сол қапталдан ортаға қарай тепкен добын Марин Томасов екпінімен келіп, қиыс тепті.

Әйтсе де, жауапты голды осы хорват футболшысы соқты. Алыстан Джуниор Кабананганың тепкен добын қонақтардың жанкешті қақпашысы Пржемысл Коварж ышқына секіріп, тойтарды-ақ... Бірақ кері қайтқан допты Томасов қақпаға тура тепті. Гол! Таразы басы теңесті.

Екінші тайм бірмаша тыныш өтті. Доп қақпа бағанасына тиіп, жүректі зырқ еткізген жоқ, әйтеуір. Бір рет Ненад Эрич өз шеберлігін паш етіп, допты секіріп те, жатып та, екі мәрте тойтарды. Қорғаушыларымыз да батылырақ ойнап, тез қимылдап отырды.

«Астана» қанша шабуылдаса да, «Славияның» қорғанысын бұза алмады. Қонақтардың қорғаушылары Кабананга, Твумаси және Томасов үшеуін тұсаулап ұстады, деуге де болады. Олардың назары осы үшеуіне ауғанда, Серікжан Мұжықов сытылып кетуге тырысып еді, одан да нәтиже болмады. Осылай, ойын тең аяқталды.

«Астана» – «Славия» – 1:1 (1:1)

Голдар: Нгадеу-Нгаджуи, 18 (0:1). Томасов, 42 (1:1).

Ескертулер: Мұжықов, 27. Постников, 85 – Югас, 32. Боржил, 39. Соболь, 63.

«Астана»: Эрич, Шомко, Постников, Логвиненко, Шитов, Бейсебеков, Маевский, Мұжықов (Тағыберген, 87), Томасов (Муртазаев, 82), Твумаси, Кабананга.

«Славия»: Коварж, Соболь, Дели, Югас, Боржил, Ротань, Нгадеу-Нгаджуи, Сикора (ван Бурен, 87), Змргал (Громада, 62), Стох, Нецид (Шкода, 72).

Төрешілер: Экберг, Нильссон, Халлберг (бәрі де – Швеция).

28 қыркүйек. Астана. «Астана Арена».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 13 – 14
Тура соққы: 8 – 3
Қиыс кеткені: 2 – 11
Тойтарылғаны: 3 – 0
Қақпа бағанасы: 0 – 2
Бұрыштама соққылар: 5 – 10
Офсайдтар: 3 – 4
Доп иелену: 53% – 47%
Пастар дәлдігі: 78% – 73%
Пастар: 445 – 355
Дәл пастар: 347 – 258
Ескерту (сары қағаз): 2 – 3
Ереже бұзу: 13 – 11

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Марин ТомасовДжуниор КабанангаПатрик ТвумасиFC AstanaЕуропа лигасыСерікжан Мұжықов"Астана" ФКUEFA Europa League"Славия"Marin TomasovSlavia Praha

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку