«Астана» «Селтиктен» сыбағасын алды

Футбол
«Астана» «Селтиктен» сыбағасын алды
«Астана» – «Селтик» – 4:3. Ойынның үздік ойыншысы – Патрик Твумаси. Фото: fca.kz
«Астана» Чемпиондар лигасының плей-офф сатысындағы қарымта матчын өз алаңында өткізіп, «Селтикті» 4:3 есебімен тізе бүктірді.

Ойын басталған бетте «Астана» бірден көсіле сілтей алмады. Глазгодағы ірі жеңіліс мысын басып тұрғандай ма, әйтеуір қимыл-әрекеттерінен абыржу, сасқалақтау байқалады. «Тезірек бір гол соғып алса, толғаныстары тарқар ма еді, шіркін» деп, көрермендер қамшылай түсті.

Өкінішке қарай, кездесудің басында Ласло Кляйнхайслер жарақат алып қалып, ойынды әрі қарай жалғастыра алмады. Оның орнына Срджан Граховац шықты. Әрине, сенім артқан, тәжірибесі мол ойыншының қатардан шығып қалғаны, көңіл-күйді жабырқатты.  

Ал «Селтиктің» ойыншылары өздеріне бек сенімді. Бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Қақпашы Ненад Эрич қауіпті соққылардың бір-екеуін тойтарып, стадиондағы көрермендердің қошаметіне бөленді. Әрі «Астана» ойыншылары да батылырақ қимылдай бастады.

Бірінші тайм бел ортасынан ауғанда Дмитрий Шомко допты шірене тепкен. Оны қонақтардың орталық қорғаушысы тойтармақ болып, өз қақпасына гол соғып алды. Тамаша! Бұл ойында Глазгодағыдай автоголмен басталды. Стадионға келген көрермендер дүр сілкінді!

Алайда, көп ұзамай Скотт Синклер алыстан қақпаның тоғыздығын дәл көздеп, таразы басын теңестірді. «Астананың» қорғаушылары оның допты ыңғайына салып алып, “нысананы” дөп көздеуіне мүмкіндік беріп қойды. Жанымызда отырған, Шотландиядан келген журналистер дауыстары қарлыққанша, айқайға басты...

Осылай бірінші тайм аяқталды. Үзіліс кезінде «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов шәкірттерінің “құлақтарын бұраған” ба, алаң иелері алға қарай лап қойды. Ойының басындағыдай емес, қимылдары – шалт, жүрістері – ширақ, жылдамдықтары – жоғары.

Құйындай орап соғып, екі гол соқты. Әуелі Серікжан Мұжықов «Селтиктің» кердең басқан қорғаушылары мен қақпашысын қапы қалдырды. Іле-шала Патрик Твумаси тағы бір гол соғып, Шотландия чемпионын шалқасынан түсірді деуге болады. Көрермендер қиқу салып, стадион теңселіп тұрғандай болды...

«Селтиктің» бас бапкері шынымен де сасайын деді. Ойынның 49-минуты, есеп болса – 3:1. Бірден екі ойыншысын қатар ауыстырып, тактикалық өзгерістер енгізді. Көп ұзамай, үшінші ойыншысын да ауыстырып, қорғанысын нығайта түсті.

«Астана» мұнымен тынбады. Айылын жимай, тізгінін тартпай, үсті-үстіне шабуылдаумен болды. Тіпті тағы бір гол соғып, «Селтикті» “сілейтті”. Гол соққан – тағы да Твумаси. Оң қанаттан Шотландия клубының қорғанысын бұзып өтіп, қақпашысын да сан соқтырып кетті.

Стадиондағы көрермендерден ес кетті. «Астанадан» бесінші голды “талап етуге” көшті. Елорда ерлері де тартынбады. Аянбай ойнап, жанкештілік танытты. Қуат Хамитовке жауап берген Абзал Бейсебеков намыс отына шоқтай қарылып, жарақат алып қалды. Сөйтіп, екінші ойыншымыз ойынды әрі қарай жалғастыра алмады.

Кім біледі, осы 4:1 есебін сақтап қалуды ойлаған дұрыс па еді?! Бірақ «Селтиктен» есе қайтармақ болып алға ентелеген «Астана» соңғы минуттарда өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Тым жоғары қарқында ойнап, алқынып та қалғандай. Әйтпесе, Шотландия чемпионын ірі есеппен ұтар еді-ау...

Өз еліне үш доп айырмасымен ұтылып барса, «Селтикті» де сынап, мінеушілер көп болар еді. Бірақ бағы бар екен, ойынның аяғында екі гол соғып, жандары қалды. Әйтсе де, қазақ даласына келіп, қақпасынан төрт доп алып шыққаны жақсы атақ бере қоймас. Мұндай қорғаныспен Чемпиондар лигасында алысқа шаба алмасы анық.

Ал «Астана» футболшылары жарады. Ойынның соңында олардың қайсарлықтарына ырза болған көрермендер «Жа-рай-сың-дар!» деп айқайға басты. Әттең, соңғы екі гол болмағанда, бүкл Еуропа қайран қалар еді. Әттең, Юрий Логвиненко алаңға шыққанда, үш доп жіберіп алмас па еді?!

Жалпы, «Астанаға» қорғанысын түзеуі керек сияқты. Екі ойында сегіз гол аз емес, әрине. Шабуылшының аяғындағы допты жасыл алаң үстімен секіре сырғанап (“подкат”), тартып алу деген мүлде жоқ. Ондайды байқамадық. Допты аяғынан іліп әкете алмаса, құлатады немесе гол жіберіп алады...

«Астана» (Қазақстан) – «Селтик» (Шотландия) – 4:3 (1:1) 

Голдар: Айер, 27-автогол (1:0). Синклер, 34 (1:1). Мұжықов, 48 (2:1). Твумаси, 49 (3:1). Твумаси, 69 (4:1). Нчам, 82 (4:2). Гриффитс, 90 (4:3).

Ескертулер: Постников, 70. Шомко, 82. Граховац, 90+3.

«Астана»: Эрич, Шитов, Аничич, Постников, Шомко, Кляйнхайслер (Граховац, 13), Маевский, Томасов (Бейсебеков, 46; Тағыберген, 81), Твумаси, Мұжықов, Кабананга.

«Селтик»: Гордон, Тирни, Айер, Биттон, Лустиг, Браун, Нчам, Макгрегор (Рогич, 56), Синклер (Армстронг 65), Форрест (Рэлстон, 57), Гриффитс.

Төрешілер: Краловец (Чехия), Слишко (Словакия), Надворник (Чехия).

22 тамыз. Астана. «Астана Арена». 

Бірінші ойын – 0:5

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 17 – 19
Тура соққы: 10 – 9
Қиыс кеткені: 7 – 5
Тойтарылғаны: 0 – 5
Бұрыштама соққылар: 5 – 3
Офсайдтар: 5 – 3
Доп иелену: 37% – 63%
Пастар дәлдігі: 79% – 88%
Пастар: 323 – 623
Дәл пастар: 256 – 550
Қашықтық: 116,1 км – 112,3 км
Ескерту (сары қағаз): 3 – 0
Ереже бұзу: 20 – 6

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Патрик ТвумасиСтанимир СтойловCeltic FCFC AstanaUEFA Champions LeagueЧемпиондар лигасыСерікжан Мұжықов"Астана" ФК"Селтик"

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку