Чемпиондар лигасы: Екі ойында тоғыз гол соққан "Селтик" "Астанаға" сес көрсетті

Футбол
Чемпиондар лигасы: Екі ойында тоғыз гол соққан "Селтик" "Астанаға" сес көрсетті
Чемпиондар лигасы: Екі ойында тоғыз гол соққан "Селтик" "Астанаға" сес көрсетті
«Астанаға» қарсы ойында «Селтик» нағыз бабында болатын сияқты. Олай деуімізге, «кельттердің» соңғы екі матчтағы ойындары себеп болып тұр.

Өткен аптада Шотландия Премьершипі басталды. Бірінші турда Эдинбургтің «Хартсын» қабылдаған Брендан Роджерс шәкірттері қарсыласын 4:1 есебімен ұтты. Былтыр «Астанамен» болған текетіресте екі гол соққан Ли Гриффитс бірінші таймда есеп ашқан. Үзілістен Скот Синклер есепті еселеп, Гриффитс дубльдің авторы атанды. Ал «Селтиктің» осы ойындағы соңғы голын жартылай қорғаушы Каллум Макгрегор соқты. Осыдан кейін ғана аздап тынышталған Шотландия чемпионы қарсыластарына бір гол соғуға мүмкіндік берді.

Одан кейін «Селтик» алаңға кеше шықты. Шотландия кубогының 1/8-финалы аясында «Килмарноктың» қақпасына жауапсыз бес гол соғып, ойсырата жеңді. Ли Гриффитс тағы да екі голдың авторы атанса, Энтони Ралстон, Киран Тирни және Стюарт Армстронг бір-бір голдан соқты.

Иә, «Селтиктің» қарқыны таңғалдырады. Былтырғы маусымда ел ішілік турнирлердің барлығында жеңіске жетіп, чемпионаттан бөлек, ел кубогы мен Шотландия лигасының кубогын да иеленген Брендан Роджерс командасы биылғы маусымға да сақадай сай сияқты.

Рас, «Килмарнок» Шотландия футболының мықтысы саналмайды. Былтыр олар маусымды 12 команданың ішінде 11-орынмен аяқтаған. Ал «Хартс» қашаннан ел чемпионатының үздіктерінің бірі. Былтыр да жүлделі орындарға жақын болып, маусымды үздік бестікте аяқтаған. Сондықтан, нағыз бабында тұрған «Селтикпен» Глазгода ойнау «Астанаға» оңай болмайтын сияқты.

Енді келесі ойынын "Селтик" 12 тамыз күні Шотландия чемпионатының 2-туры аясында маусым аутсайдерлерінің бірі "Партикке" қарсы өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан чемпионы «Астана» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде осы «Селтикпен» кездеседі. Бірінші ойын 16 тамыз күні Глазгода өтсе, жауапты ойын 22 тамызда «Астана-Аренада» өтеді. «Селтиктен» басым түскен жағдайда «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алады.

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Теги: Чемпиондар лигасыАстана Чемпиондар лигасыАстана - СелтикСелтик фк

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку