«Астана» – «Легия»: Журналистер пікірі

Футбол
«Астана» – «Легия»: Журналистер пікірі
Бізді не күтіп тұр немесе поляктарды қалай жеңеміз?. Фото: fca.kz
УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Астана» мен «Легия» арасындағы матчтар қарсаңында елордалық клубтың баспасөз қызметі футбол тақырыбына қалам тартып жүрген отандық спорт журналистері арасында сауалнама жүргізді.

Біз журналистерге үш сұраққа жауап беруін өтіндік. Одан алуан түрлі, бірақ өте қызықты пікірлерді жинадық.

1. «Астана» — «Легия» матчтарында екі матчқа құрылған стратегия, өз алаңында және қонақта түрліше футбол ойнау қаншалықты маңызды? Қарсыластардың қайсысы болса да раунд тағдырын бірінші ойында шеше ала ма?

2. «Астананы» бірінші ойында қандай есеп қанағаттандырады?

3. «Астана» «Легияға» қарсы ойындарға дайын ба?

 

Нағи Бақытбеков, kazfootball.kz жобасының жетекшісі:

1. «Легия» — өте білікті қарсылас, Чемпиондар лигасы немесе Еуропа лигасының топтық кезеңдерінің тұрақты қатысушысы, Польшаның соңғы жылдардағы штаттағы чемпионы. Бірақ «Астана» да соңғы 3 жылда айтарлықтай жетіле түсті, Еуропа тәжірибесін алды, «алпауыттардың үрейі» атанды. Мамандар мен жанкүйерлердің пікірлерін талдай отырып, көпшілік «Легияға» басымдық беруде, бірақ өз басым бірден олай айтпаған болар едім. Барлығы алаңда шешіледі. Екі ойынға құрылған ерекше стратегия қажет дегенге келісемін. Үйдегі немесе қонақтағы ойын маңызды деуге болмайды. Поляктармен өтетін екі ойынның арасында елордалық ұжымның күнтізбесінде басқа ойынның болмауы өте маңызды — «Ордабасыға» қарсы матч басқа уақытқа көшірілген. «Легияны» қабылдағаннан кейін бізде бірінші ойынды жақсылап талдап алуға, жіберілген қателіктерді түзеуге бір апта уақыт болады. Екі ойындық стратегияға қатысты айтарым, «Астана» өз алаңында да, қонақта да өз ойынын ойнауы тиіс деп санаймын. Командалардың мүмкіндіктері 50/50 деп есептеймін. Матчтарға жақсырақ формада келген команда келесі раундқа өтеді.

2. Еурокубоктарда қашанда бірінші ойынды қонақта өткізген жөн деп есептеледі. Бірақ жеребе бірінші ойынды біздің алаңға белгіледі, мұнда бастысы — гол жіберіп алмау. Қонақтағы голдың мұндай ойындардағы мәні жоғары, бізге бірінші ойында 1:0 немесе 2:0 есептері керек. Ал қонақта ойнауды біздің «Астана» біледі. Чемпиондар лигасының іріктеу турниріндегі Кипрдің АПОЭЛ-іне қарсы ойындарды еске алыңыз. Сол кезде біздің команда бірінші ойынды өз алаңында өткізіп, 1:0 есебінде ұтты. Содан кейін жанкүйерлердің 80-90 пайызы екі ойын нәтижесі бойынша кипрліктерге басымдық беріп, АПОЭЛ өз алаңында «Астананы» ірі есеппен ұтып, ешқандай мүмкіндік қалдырмайды деген еді. Ал «Астана» қонақта үлгілі ойын өрнегін көрсетіп, Еуропа Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан болатын. Қазір де жағдай солай. «Легия» фаворит, бірінші ойында гол жіберіп алмау, мүмкіндігінше соғу өте маңызды. Ал Варшавада гол соғуға мүмкіндіктер болады! Жалпы, Станимир Стойлов басшылығындағы бапкерлер штабы екі ойынға сәтті стратегия құрып, келесі басқышқа өтеміз деп сенемін.

3. «Астана» дайын. Біздің команда тәжірибелі, еліміздегі үздік бапкерлер құрамы осында жиналған. Біздің тағы бір басымдығымыз мынау, еліміз біріншілігі қызу шағында. «Астананың» барлық ойыншысы жоғары спорт формасында. «Астана» жақсы жасақталған, жаңадан қосылғандар ойынын таба алды, маусымның алғашқы бөлігін жалда өткізген ойыншылар негізгі құрамға лайық екендігін дәлелдеуге тырысып бағуда. Қазақстандағы үздік менеджмент те — «Астанада». Жаңа биіктерге шығу үшін барлығы дайын! Баршамыз керемет футбол күзін көреміз, «Астана Аренаға» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде Еуропаның үздік командалары келеді деген үміттеміз. Ал поляктарда маусым енді ғана басталды, меніңше, оларда бар болғаны екінші тур аяқталды. Осы факторды міндетті түрде пайдалану қажет».

 

Әнуар Әбдірахманов, sports.kz республикалық спорт порталының тілшісі:

1. «Ең алдымен «Астананы» екі ауыр ойын күтіп тұрғанын атап өтейін. Бір ойында ешқандай мәселе шешіле қоймайды. Бірінші ойынның біздің алаңда өтуі поляктарға қол келуі мүмкін — өз алаңында «Легияда» жанкүйерлерінің көз алдында бірінші ойында жіберуі мүмкін қателіктерін түзету мүмкіндігі бар. «Легия» — өте қиын қарсылас. Варшавалық команда сапында Польша құрамасының бірнеше ойыншысы бар. Ал ол құраманың күшін өткен Еуропа чемпионатында болашақ жеңімпаздар Португалия құрамасына тек пенальтилер сериясында ғана есе жібергенде көрдік. Еурокубоктардың өткен маусымында «Легия» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, Мадридтің «Реалы» секілді топ клубтардан ұпайлар еншіледі. «Астана» да осал емес, әрине, еурокубоктарда бірінші жыл ойнап жатқан жоқ. Біздің команда күшті қарсыластардан қалай өтуге болатынын біледі. Станимир Стойлов шәкірттері қызықты футбол көрсетіп, жеңіске жетеді деп сенгім келеді. Варшавада өте ауыр о     йын болайын деп тұр. «Польша әскері» трибуналарының қолдауы жергілікті ұжымның күшіне күш қосатыны анық.

2. Бірінші ойынның «Астанаға» Варшавада оңай болатын есебі — 3:0. Бұған қалай қол жеткізуге болатыны жайлы Стойлов бас қатырсын.

3. Еурокубоктарда кез келген команда өз мүмкіндіктері шегінен де артық өнер көрсетуі тиіс. Біздің команданың проблемалары бар, ол, Станимир баспасөз конференцияларында үнемі айтатынындай, шабуылға сәтті нүкте қою! «Астана» әр ойында қажетінше қолайлы сәт туындатады, бірақ оларды голға айналдыруда кемшіліктер бар».

        

Нұрғазы Сасаев, Астана қ. Футбол федерациясы сайтының бас редакторы:

1. «Легия» сияқты қарсыласпен барлық мәселені бірінші ойында шеше салу мүмкін емес. Қарсыласты жақсылап зерттеп, оның осал тұстарын табу қажет. Мәселен, поляктардың оң қанаттағы латералі ауыр қозғалады, осы факторды пайдалануға болады. Ал жалпы, «Легия» – ойын өрнегі ұйымдасқан команда. Қорғанысы берік, шабуылға жылдам көшеді. Негізі, Талғат Байсуфиновтен кеңес алғандарыңыз дұрыс болар еді. Ол ұлттық құрама бас бапкері болған кезде Қазақстан футболшылары Польшамен тең ойнады. Сол кезде олардың сапында «Легияның» бірнеше футболшысы ойнаған болатын. Байсуфиновтің құрамасынан басқа ешбір команда Польшадан ұпай ала алмай жүр, әлі...  

2. Өз алаңымызда көбірек шабуылды үдетіп, қорғанысқа бекем тұру керек. «Астананың» бапкерлер құрамы өз алаңында жеңіске жету жолдарын қарастырып қойған да болар. Мәселен, Юрмаланың «Спартагына» қарсы қарымта матчта «Астана» әдейі тізгін тартты. Бүкіл “картасын” ашып тастамауға тырысты деп ойлаймын. Сол ойында «Легияның» “барлаушылары” трибунада отырды деген ақпараттар бар. «Астананың» дәл сол матчтағы ойын сапасы – поляктарды алдап соғуға бағытталған айла. Меніңше, «Астана» өз алаңында жеңіске жетуге тырысады, оған қол жеткізеді де. 2:0 болады деп үміттенем. Ең бастысы – осы ойында гол жіберіп алмау.

3. Әлі толық дайын емес. Ешқашан дайын деп айтуға да болмайды. Біз әлі жаңа ойынша Марин Томасовты көрген жоқпыз. Жаңа келгендерден венгр Ласло жақсы ойнап жүр. Граховац жап-жақсы бастап еді, қазір тіпті көрінбей кетті. Қорғаныста қырағы болу – міндет. Өйткені Еурокубок додаларында астаналықтардың қорғанысы өрескел қателіктер жіберіп жүр».

 

Кенже Жұмабаев, «ВКонтакте» желісіндегі goalkz паблигінің жетекшісі:

1. «Астананың» «Легияға» қарсы ойындарында екі түрлі ойын стратегиясы болады деп ойлаймын. 26-сы күні бірден басымдыққа ұмтылып, шабуыл үстіне шабуылдап, қарсыластарды састырып тастауымыз керек. Өткен жылы «Селтикке» қарсы үйде шамамен осылай ойнап едік. Өз алаңымызда біз қанағаттанарлықтай есепке қол жеткізуіміз керек, ал қонақта көбірек қорғана отырып, қарымта шабуылға иек арту қажет.

2. Әрине 26 шілдеде 3:0 немесе 4:0 есебін көргіміз келеді. Бірақ «Легия» азулы, білікті қарсылас. Тіпті бірінші ойында 2:0 есебімен ұтсақ көңіліміз тоқ болар еді. Неге екенін білмеймін, бірақ «Астана» қонақта гол соғады деп өз басым сенемін. Польшалық ұжымның статистикасын қарап шығып, «Легия» үнемі маусымның басында нашар ойнайды деген қорытындыға келдім. Польшада чемпионат енді ғана басталды, екінші тур аяқталды, ал біздің қарсыласымыз әлі жеңіс дәмін татып көрген жоқ. Поляктар бізді жеңуді қаншалықты қалайды?

3. Біздің құрам поляктардан кем емес, бұл анық. Жазда «Легия» негізгі құрамының бірнеше футболшысы кетті, ал жаңа ойыншылар әлі сіңісе қойған жоқ. Біздің клуб еурокубоктік тәжірибе жинақтап үлгерді, ойыншыларымыз поляктардан қорықпауы керек. Керісінше, олар үрейленсін! «Астана» айқасуға әзір, біздің клубтың басты құралы — азулы қарсыластарға қарсы тіс қайрай алатындығы. Сондықтан да егер біздің жігіттер зейінін ойынға 200% көрсеткішпен шоғырландыра алса, «Легиядан» өтеміз деп сенемін».

 

Әлібек Қабенов, «PROспорт» газетінің және сайтының футбол шолушысы:

1. «Мұндай ойындардың стратегиясы екінші матч туралы қамдануды да қамтиды. Қазіргі жағдайда «Астананың» екі жыл бұрын кипрлік АПОЭЛ-ге қарсы ойындары еске түсуде. Яғни қарсыластардың күштер арасалмағы ұқсас — сол кезде де еуропалықтар күшті саналған. Ал сол матчтардың нәтижесін жақсы білесіздер. «Легияға» қарсы ойындарда біздің команданың мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Бірақ алдымен үйде қанағаттанарлық есеп тіркеу қажет.

2. Кішіпейілдік танытайын — 1:0. Меніңше, бұл бірінші ойын үшін ең жақсы есеп. Тағы да АПОЭЛ-мен ойындар ойға оралады. Дәл осы есепті күтемін. Әлбетте, «Легия» мықты, финдерге 2-раундта ес жиғызбай тастады, оның үстіне команда жаңа шабуылшы алды. Бірақ мен «Астананың» қорғаныс шебіне салынған цементтің сапасына сенімдімін.

3. «Астана» да еурокубоктардың қауқарлы күрескеріне айналып үлгерді. Қазақстандықтар «Легиямен» өз күші шеңберінде ойнауы тиіс. Шүбәсіз, «Астана» өз ойынын күшейте түсуі тиіс, бірақ бұл дегеніміз «өз басынан артық секіруі қажет» дегенді білдірмейді. Тек өзінің күшті ойынын көрсетуі, мығым қасиеттерін танытуы тиіс».

 

Әнуар Әбсәмет, «ВКонтакте» желісіндегі «Казахстанский футбол» паблигінің негізін қалаушы:

1. «Бізді өте қызықты екі ойын күтіп тұр. Бірінші ойында барлық мәселені шешіп тастау — қиынның қиыны. Әрине, бірінші ойынды қонақта өткізу біз үшін тиімдірек еді. «Астана» үшін екі ойындық стратегияның маңызы өте зор. 2015 жылғы маусымда Станимир Стойловтың өз футболшыларын маңызды ойындарға дайындай алатынына көз жеткіздік. Бірінші ойында трибуналардың көмегімен тиімді есепке қол жеткізу керек деген ойдамын.

2. «Астанадан» бүкіл ел жақсы нәтиже күтіп отыр. Меніңше, «Астана» шабуылда белсенді, қорғаныста қырағы болуы тиіс. Статистика «Легияның» көп гол соғатын команда екенін көрсетеді. Гол жібермей жеңіске жету немесе 2 гол айырмасымен ұту Варшаваға ұшар алдында жақсы нәтиже деп санаймын.

3. Юрмалаға қарсы үй ойынынан кейін «Астана» өз қателіктерін түзеу бойынша жақсы жетістіктерге жеткенін «Тобылға» қарсы ойында көрсетті. Ертең «Легияға» қарсы ойындарда мүлдем басқаша футбол көреміз деп ойлаймын. Поляктар Астанаға ерекше дайындықпен келе жатыр, өздеріне қажетті есепті тіркеп кетуге ниетті. Қостанайлықтарды жеңгеннен кейін «Астана» футболшылары жеңімпаздық көңіл күймен алаңға шығады, Станимир Стойловтың тактикасын сәтті орындап, қажетті нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенемін».


fca.kz

Автор: Әлихан ЖАППАР

Теги: Марин ТомасовПатрик ТвумасиСтанимир СтойловЛасло КляйнхайслерЧемпиондар лигасы"Астана" ФК"Спартак" Юрмала"Легия" (Польша)

Вернуться назад