«Спартак» «Астананы» әбден састырды

Футбол
«Спартак» «Астананы» әбден састырды
«Астана» – «Спартак» (Юрмала, Латвия) – 1:1. Фото: fca.kz
«Астана» өз алаңында Юрмаланың «Спартагын» жеңе алмай, тең түсті. Әйтсе де, Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шықты.

Түзде 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Астана» өз алаңында да басым түседі деп ойладық. Өкініштісі, елорда клубының ойыншылары да солай ойлап, деңгейі өздерінен төмендеу қарсыластарын “қалпақпен ұрып” алатындарына бек сенімді болса керек.

Бірақ Латвия чемпионы жеңісті қолдан бермеді. Керісінше, табан тіресе додаға түсіп, «Астананы» әбден састырды, Негізі, алаң иелерінің жылдамдықтары біршама жоғары болды-ақ. Бірақ қонақтар да қалыспады. Тіпті бірінші болып қауіпті соққы бағыттағандар да – солар...

Бірінші таймда алаң иелерінің бірнеше мүмкіндіктері болды. Бірақ қонақтардың қақпашысы астаналықтардың небір қауіпті соққыларын тойтарып, қас шеберлік танытты. Өкінішке қарай, «Астана» футболшылары айып алаңына дейін төніп келгендерімен, ары қарай не істерлерін білмей, дал болды.

Екінші таймда қонақтар «Астана» футболшыларының қарқындарына ілесе алмай, тізгіндерін тартар деп те ойладық. Жо-жоқ, қонақтар айылдарын жияр емес. Әйтсе де, есепті Қазақстан чемпионы ашты. Голды тағы да Патрик Твумаси соқты. Басқасы Юрмала клубының қақпасына доп сала алмай, пұшайман болды.

Бұл гол да қонақтардың сағын сындыра алмады. Керісінше, олар шабуылды үдетті. Жанкештілік танытты. Аянған жоқ. Сөйтіп жүріп таразы басын теңестірді. Енді, «Астана» қамшыны басуы керек қой. Өйткені, «Спартак» абайсызда бір гол соқса, келесі кезеңге солар шығады.

Бірақ «Астана» көсіле сілтей алмады. Тіпті қарқындары бәсеңси бастады. Қонақтар қарсы шабуылды жиілетті. Елорда клубының бас бапкері амалсыз бесінші қорғаушысын шығарды. Міне, қызық! Қонақтар бекініс құрып, “жатып” алмай, алаң иелері қорғануға көшті...

Абырой болғанда, ойын осылай аяқталып, «Астана» түздегі жеңісінің арқасында келесі кезеңге шықты. Ендігі қарсыласы – азуы алты қарыс «Легия». Егер Польша чемпионымен де дәл осылай ойнайтын болса, онда Чемпиондар лигасы додасынан тыс қалары әбден мүмкін.  

«Астана» – «Спартак» (Юрмала, Латвия) – 1:1 (0:0)

Голдар: Твумаси, 59 (1:0). Варданян, 72 (1:1).

Ескертулер: Маевский, 90 – И.Стуглис, 43. Платонов, 75. Варданян, 90+1.

«Астана»: Мокин, Шитов, Аничич, Логвиненко, Шомко, Граховац (Бейсебеков, 72), Маевский, Кляйнхайслер (Муртазаев, 76), Мұжықов (Постников, 87), Твумаси, Кабананга.

«Спартак»: Неругал, Пушняков, Э.Стуглис, Михадюк, Шлампе, Варданян, И.Стуглис (В.Козлов, 83), Габелок, Гаурачс (Платонов, 64), Е.Козлов, Ибрагимов.

Төрешілер: Калогеропулос, Петропулос, Гревенис (бәрі де – Грекия)

18 шілде. Астана. «Астана Арена» стадионы. 20 500 көрермен 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 19 – 12
Тура соққы: 8 – 5
Қиыс кеткені: 6 – 3
Тойтарылғаны: 5 – 4
Бұрыштама соққылар: 7 – 9
Офсайдтар: 1 – 1
Ескерту (сары қағаз): 1 – 3
Ереже бұзу: 10 – 12

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Патрик ТвумасиFC AstanaUEFA Champions LeagueЧемпиондар лигасы"Астана" ФККелесі кезең"Спартак" Юрмала

Вернуться назад