«Астана» Чемпиондар лигасын Юрмалада жеңіспен бастады

Футбол
«Астана» Чемпиондар лигасын Юрмалада жеңіспен бастады
«Спартак» (Юрмала, Латвия) – «Астана» – 0:1. Фото: fca.kz
«Астана» 2017/2018 жылдар маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасы додасын түзде жеңіспен бастады. Жақсы ырым...

Қазақстан чемпионы биылғы Чемпиондар лигасын екінші електік кезеңнен бастап, Латвияда Юрмаланың «Спартагымен» кездесті. Қарсыласының деңгейі төмендеу екен. Бірақ табан тіресе тайталасып, өз жерінде намысты қолдан бермеуге тырысты. Әсіресе қақпашылары жанкештілік танытып, «Астана» футболшыларының бірнеше қауіпті соққыларын тойтарды.

«Астана» бар күш-жігерін салды деп айта алмаймыз. Емін-еркін ойнады. Өздеріне сенімді болды. Алаң иелерінің көсіле шабуларына мүмкіндік берген жоқ. Бірақ чемпионымыздың жылдамдығы сондай жоғары болған жоқ. Әйтсе де, бір гол соғып, жеңіске жетті.

Жалғыз голды осыдан төрт жыл бұрын «Астанаға» дәл осы Юрмаланың «Спартагынан» ауысып келген Патрик Твумаси соқты. Ол айып соққысын орындап, теңбіл допты доғаша иіп, қақпаның жақын бұрышына дөп түсірді. Алаң иелерінің қақпашысы да, қорғаушылары да қапы қалды.

Сонымен, «Астана» түзде жеңіске жетті. Бұл – елорда клубының Чемпиондар лигасы аясындағы түзде қол жеткізіп отырған алғашқы жеңісі. Бұған дейін сырт алаңда тең түскендеріне шүкіршілік етіп жүрген-ді. Былтыр «Жальгирспен» де итжығыс түскен болатын (0:0).

«Спартак» (Юрмала, Латвия) – «Астана» – 0:1 (0:0)

Гол: Твумаси, 73.

Ескертулер: Ибрагимов, 25. Варданян, 33. Казачок, 50 – Шитов, 29. Логвиненко, 47. Мұжықов, 66. Граховац, 75.

«Спартак»: Неругал, Пушняков, Э.Стуглис, Шимунович, Шлампе, Варданян, Габелок, Казачок (И.Стуглис, 76), Е.Козлов, Гаурачс (В.Козлов, 79), Ибрагимов (Платонов, 59).

«Астана»: Мокин, Шитов, Логвиненко, Аничич, Шомко, Кляйнхайслер (Муртазаев, 75), Граховац, Маевский, Мұжықов (Бейсебеков, 88), Твумаси, Кабананга (Деспотович, 90+1).

Төрешілер: Дойл, Кларк, Брофтон (бәрі де – Ирландия)

12 шілде. Юрмала. «Слока» стадионы. 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 2 – 19
Тура соққы: 0 – 10
Қиыс кеткені: 1 – 4
Тойтарылғаны: 1 – 5
Бұрыштама соққылар: 3 – 6
Офсайдтар: 0 – 1
Ескерту (сары қағаз): 3 – 4
Ереже бұзу: 17 – 22

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Джуниор КабанангаПатрик ТвумасиFC AstanaUEFA Champions LeagueЧемпиондар лигасы"Астана" ФК"Спартак" Юрмала

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку