«Ертіс» ерледі – «Дунав» клубын түзде де жеңді

Футбол
«Ертіс» ерледі – «Дунав» клубын түзде де жеңді
«Дунав» (Русе, Болгария) – «Ертіс» – 0:2. Фото: fcirtysh.kz
Павлодардың «Ертісі» Болгарияның «Дунав» клубын түзде де жеңіп, Еуропа лигасының екінші сатысына өтті.

«Ертіс» жарады. Түзде жақсы ойнайтын әдетінен жаңылмай, Болгарияда «Дунавтан» басым түсті. Ойынның басында гол соғып, алаң иелерін сеңдей соғыстырды. Живкович допты ойынға бұрыштан қосып, әуелеп ұшқан допты Маслач бәрінен биік секіріп, басымен қақпаға “қадады”.

Бұдан кейін де «Ертіс» шабуылды үдетіп, алаң иелерін тықсыра түсті. Бір Фонсеканың өзі-ақ... «Дунав» қорғаушыларының екі аяқтарын бір “етікке” (бәлкім, бутсыға) тықты. Тіпті ол басымен гол да соқты. Бірақ төреші «секіргенде, жанындағы қорғаушыны құлатты» деп, соққан добын есепке алмады.

Алаі иелерінің өте сирек шабуылдарын «Ертістің» қорғаушылары мен қақпашысы тойтарып отырды. Давид Лория бірнеше қауіпті соққыны тойтарып, қас шеберлік танытты. Ал Аслан Дарабаев қақпашымен бетпе-бет шығып, қақпадан сәл ғана қиыс тепті...

Ойынның екінші жартысын да «Ертіс» жоғары қарқында бастады. 10-15 минуттай алға ентелеп, алаң иелерін біраз састырды. Алайда бұдан кейін «Дунав» көсіле шапты. Бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. «Ертістің» қорғанысы былқ еткен жоқ...

Бірақ ойынның аяғына қарай Русе футболшылары титықтап қалды. Енді «Ертіс» қайтадан атойлап алға шапты. Тағы да Фонсеканың бір голы есепке алынбады (офсайдтан соғылғандай). Ал Антонио Родриго тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп қойды.

Негізі, жалғыз Родриго емес, «Ертістің» басқа ойыншылары да оңтайлы сәттерді мүлт жіберіп алды. Алайда матч соңында Аслан Дарабаев алыстан шірене теуіп, жойқын соққысымен «Дунавтың» қақпасына тағы бір гол салды. Есеп – 2:0.

«Дунав» клубының халықаралық матчтардағы тәжірибесі аз екен. «Ертістен» айласын асыра алмады. Ал Павлодар клубы түзде жанкештілік танытып, бас бапкерінің отандастарын екінші рет тізе бүктірді. Димитар Димитровтің шәкірттері – екінші кезеңде!

«Дунав» (Русе, Болгария) – «Ертіс» – 0:2 (0:1)

Голдар: Маслач, 9. Дарабаев, 87.

Ескерту: Карагарен, 50.

«Дунав»: Антонов, Петков, Милчев, Патев, Хубчев, Аяс (Васев, 70), Димов, Карагарен, Костадинов, Шопов (Георгиев, 50), Будинов.

«Ертіс»: Лория, Дәуітов (Есімов, 76), Маслач, Кислицын, Живкович, Гетериев, Антонио, Дарабаев, Фонсека, Фофана (Стаменкович, 60), Бугаев (Джа Джедже, 90).

Төрешілер: Калуджерович, Девич, Тодорович (бәрі де – Црна Гора)

6 шілде. Русе. «Дунав» стадионы.

Бірінші ойын – 0:1

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 12 – 10
Тура соққы: 3 – 7
Қиыс кеткені: 8 – 2
Тойтарылғаны: 1 – 1
Бұрыштама соққылар: 2 – 2
Офсайдтар: 1 – 3
Ескерту (сары қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 19 – 11

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Аслан ДарабаевДимитар ДимитровЕуропа лигасы"Ертіс"ФонсекаIrtysh PavlodarUEFA Europa League"Дунав" (Болгария)

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку