Футбол сүйер құлақты елеңдетіп, Еурокубок додасы келді "өлеңдетіп"

Футбол
Футбол сүйер құлақты елеңдетіп, Еурокубок додасы келді "өлеңдетіп"
Қазақ клубтары Еурокубок додасын би билеп, ән салып, қарсы алады. Фото: fckairat.com
Бүгін үш клубымыз УЕФА Еуропа лигасының алғашқы сатысындағы бірінші ойындарын өткізеді.

Биылғы Еуропа лигасының бірінші іріктеу сатысындағы алғашқы ойындары 29 маусым күні өтетін болып отыр. Көп ойынның екеуінің ысқырығы қазақ топырағында безілдейді. Павлодардың «Ертісі» Болгарияның «Дунав» (Русе) клубын қабылдаса, Алматының «Қайраты» Литваның «Атлантас» (Клайпеда) командасымен додаға түседі.

Еуропа лигасында біздің елдің атынан сынға түсетін үшінші командамыз алғашқы ойынын түзде өткізеді. Атап айтқанда, «Ордабасы» Босния және Герцеговинаның «Широки Бриег» деп аталатын клубымен Лиштица өзенінің жағасында додаға түседі.

Біз үш клубымызға да сәттілік тілейміз. Үшеуінің де бірінші іріктеу сатысынан өтіп, топтық кезеңде бақ сынау құқығына қол жеткізулеріне тілектеспіз. Биыл кем дегенде біреуі, тіпті екеуі Еуропа лигасының барлық елегінен сүрінбей өтсе деп тілейміз.

Жалпы, УЕФА-ның клубтық рейтингісінде жоғарылай берсек деген арман-тілегіміз бар. Дәл қазір 27-орындамыз. Биыл жиырмалыққа енсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ең болмаса, 23-орындағы Әзірбайжанды қуып жетеміз деп үміттенеміз.

Биыл тек «Астана» емес, «Қайрат» та, «Ордабасы да», тіпті «Ертіс» те УЕФА-ның клубтық рейтингісіндегі қоржынымызға бірнеше ұпай салып, өз үлестерін қосады деп сенеміз. Әрі тілеулеспіз. Алға, қазақ клубтары! 

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: FC AstanaUEFA Champions LeagueҚазақстан Премьер-лигасы"Қайрат"Чемпиондар лигасыЕуропа лигасы"Ертіс""Астана" ФК"Ордабасы" ФКЕурокубоктарKazakhstan Premier LeagueOrdabasy ShymkentKairat AlmatyIrtysh PavlodarUEFA Europa League

Вернуться назад