Еуропа кубоктары – Алғашқы ойындарымыздың уақыттары бекітілді

Футбол
Еуропа кубоктары – Алғашқы ойындарымыздың уақыттары бекітілді
Алматының "Орталық" стадионында екі клубтың ойындары өтеді. Фото: fckairat.com
Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында бақ сынайтын Қазақстан клубтарының алғашқы ойындары қай уақытта басталатындығы белгілі болды.

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу сатысындағы ойындары бекітілді. Қай командалардың сейсенбі күні, қайсыларының сәрсенбіде ойнайтындықтары белгілі болды. Ал екінші електік кезеңдегі ойындардың уақыттары әлі ресми түрде жарияланған жоқ.

Бірақ «Астана» мен «Спартак» (Юрмала) клубтарының бірінші ойындары 12 шілдеде, екіншісі шілденің 18-інде өтетіндігі көпшілікке аян болды. Тіпті бұл командалар УЕФА-ның келісімімен үйдегі ойындарын ауыстырып отыр.  

Жеребе бойынша бірінші ойын елордада, екіншісі Юрмалада өтуі керек болатын. Алайда екі команда өзара келісіп, УЕФА-ның алдынан өтіп, “батасын” алып, 12 шілдеде Латвияда, ал 18-інде Қазақстанда додаға түсетін болды.

Еуропа лигасына келетін болсақ, 29 маусым күні бірінші іріктеу сатысындағы ойындар басталады. Павлодардың «Ертісі» мен Болгарияның «Дунав» (Русе) клубтары арасындағы ойын 20:00-де басталады. Ал Алматының «Қайраты» мен Литваның «Атлантас» (Клайпеда) клубтары 20:45-тен бастап додаға түседі.

Ал «Широки Бриег» (Босния және Герцеговина) мен «Ордабасы» (Шымкент) арасындағы түзде өтетін кездесудің ысқырығы 00:30-минутта безілдейді. Яғни біздің уақытпен бейсенбіден жұмаға ауған түні (ресми түрде 30 маусымда) басталады.

Осы ретте айта кетейік, «Ордабасы» мен «Широки Бриег» клубтары да УЕФА-ның рұқсатымен үйдегі ойындарын ауыстырып отыр. Жеребеге сай, екеуара кездесулері Шымкент пен Широки Бриегте емес, әуелі Боснияда, содан соң Қазақстанда өтеді.

Шымкенттің стадионы УЕФА талаптарына сай болмағандықтан (лицензиясын әлі алмаған), «Ордабасы» үйдегі ойындарын Алматыда өткізеді. Ал 29 маусымда «Қайрат» «Атлантасты» қабылдайды. Былайша айтқанда, стадион бос емес.

Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысы командасы «Широки Бриег» клубымен келісіп, УЕФА-ның рұқсатын алып, үйдегі ойындарын ауыстырып отыр. Енді бірінші ойын Лиштица өзенінің жағасында, ал қарымта матч Алатау бөктерінде өтеді.

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: FC AstanaUEFA Champions League"Қайрат"СтадионЧемпиондар лигасыЕуропа лигасы"Ертіс""Астана" ФК"Ордабасы" ФКЕурокубоктарKazakhstan Premier LeagueOrdabasy ShymkentKairat AlmatyIrtysh PavlodarUEFA Europa League

Вернуться назад