Чемпиондар лигасындағы “Астананың” алғашқы қарсыласы – “Спартак” Юрмала

Футбол
Чемпиондар лигасындағы “Астананың” алғашқы қарсыласы – “Спартак” Юрмала
"Спартак" (Юрмала). Фото: spartaksjurmala.com
Бүгін Ньонда 2017/2018 жылдар маусымындағы Чемпиондар лигасының бірінші және екінші електік кезеңдеріндегі жеребесі тартылады.

«Астана» футбол клубы екінші електік кезеңнің жеребе тарту рәсімінде екінші топқа түсті. Қарсыластары «Спартак» (Юрмала, Латвия), Жилина (Словакия), Гонвед (Венгрия), Кукеси (Албания) және бірінші електік кезеңдегі екі жұптың жеңімпаздарының бірі болуы тиіс болатын.

Жеребе тартушылардың қолдары жеңіл екен, «Астанаға» Латвия чемпионы түсті. Бұл клуб 2007 жылы ғана құрылған. 2012 жылдан бері өз елінің Жоғарғы лигасында ойнайды. Бас бапкері Польша маманы – Марек Зуб.

«Спартак» (Юрмала) былтыр тұңғыш рет Латвия чемпионы атанды. Әрі бір рет өз елінің кубогында финалға дейін жеткен. Басқадай ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жоқ.

Еурокубок додаларына үшінші рет қатысқалы отыр. Бұған дейін екі жыл Еуропа лигасында бақ сынап көрген. 

2015/2016 жылдар маусымында алғашқы електен өтіп, екіншісінде сүрінді. Црна Гораның «Будучность» (Подгорица) клубын ұтқанымен (0:0 және 3:1), келесі кезеңде Сербияның «Воеводина» клубына жол берген (1:1, 0:3).

2016/2017 жылдар маусымында Еуропа лигасының бірінші іріктеу сатысында-ақ жеңіліске ұшырады. «Динамо» (Минск) клубынан екі рет ұтылды (0:2 және 1:2).

Айтпақшы, Юрмаланың «Спартагында» «Астананың» бұрынғы қақпашысы Абылайхан Дүйсен бар. Бірінші ойын 11 немесе 12 шілде күні Астанада өтеді. Ал қарымта матч 17 немесе 18 шілде күні Латвияда болады.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: УЕФАFC AstanaUEFA Champions LeagueЧемпиондар лигасы"Астана" ФКЖеребе"Спартак" Юрмала

Вернуться назад