Месси мен Роналду: УЕФАда – 95:98, ФИФАда – 100:99

Футбол
Месси мен Роналду: УЕФАда – 95:98, ФИФАда – 100:99
Чемпиондар лигасында қайсысы бірінші 100 гол соғады? Фото: uefa.com
Кім мерген, кім үздік? Месси ме, әлде Криштиану Роналду ма? Екеуінің қайсысы Чемпиондар лигасында бірінші болып 100 гол соғады?..

Чемпиондар лигасында – 92:95

УЕФА-ның ресми сайты “бүгінгі әлем футболындағы жарық жұлдыздардың қайсысы бірінші болып Чемпиондар лигасында 100 гол соғады” деп, сұрақты төтесінен қойып отыр.

Түнде ғана УЕФА Чемпиондар лигасының бесінші туры өтті. Лионель Месси «Селтиктің» қақпасына екі гол соғып, дүниежүзіндегі статистика мамандарын дүр сілкіндірді. Иә, биылғы ЧЛ додасынан «Астананы» тыс қалдырған Шотландия чемпионының қақпасына!

Енді Месси мен Криштиану Роналдудың голдарына тоқталып өтсек, бұлардың бәсекесі – тым шиеленісті. Чемпиондар лигасының сұрмергендер тізімінде 77 голмен бірнеше жыл жеке-дара көш бастаған Испания сұрмергені Рауль Гонсалесті екеуі де басып озған...

Былтыр Роналду Чемпиондар лигасында 16 гол соғып, он доп айырмасымен қара үзіп кеткен. Алайда, биыл Аргентина саңлағы қамшыны басты. Екі рет хет-рик жасағанының өзі неге тұрады?! Түнде екі гол соқты.

Сөйтіп, дәл қазір, Криштиану Роналду 95 голмен көш бастап тұр да, Месси 92 доп соғып, өкшесін басып келеді. Сонымен, Чемпиондар лигасында 95:92 дейік...

УЕФА клубтық додаларында – 95:98

Ал УЕФА-ның барлық клубтық турнирлерін есепке алсақ, Криштиану Роналду 98, ал Лионель Месси 95 гол соққан екен. Мұнда екеуінің УЕФА Суперкубогында соққан голдары мен Португалия жұлдызының 2005 жылғы ЧЛ үшінші електік сатысындағы бір добы қосылған. Сонымен, 98:95.

Ескерте кетейік, бұл екі футболшының Еурокубоктық додаларда ғана соққан – голдары. Испания, Англия, Аргентина және Португалия чемпионаттарындағы, сондай-ақ өз елдерінің ұлттық құрамалары сапындағы голдары есепке алынбаған.

ФИФА клубтық додаларында – 100:99

Алайда, Pasion Futbol (pasionfutbol.com) басылымы бүгін “Лионель Месси халықаралық клубтық додаларда ең бірінші болып 100 гол соққан футболшы атанды» деп жазды.

Аталған басылымның есебінше, Месси 100 голының 92-ісін Чемпиондар лигасында, үшеуін УЕФА Суперкубогында, ал бесеуін (!) клубтық әлем чемпионатында соққан. Әрі 100 голды – 119 ойында!

Ал Криштиану Роналду әзірше 99 гол соққан. 95-сын – Чемпиондар лигасында, үшеуін – УЕФА Суперкубогында, ал біреуін клубтық әлем чемпионатында. Әрі 99 голды 141 ойында соғыпты.

Сонымен, ФИФА-ның клубтық додасын есепке алсақ, жалпы есеп 100:99 екен. Бір қызығы, екеуі де клубтық додаларда әлі Қазақстан командаларының қақпасына гол соқпаған. Нақтырақ айтқанда, біздің елдің клубтарымен жолдары әлі түйіспеген.

Қосымша деректер:

Чемпиондар лигасында Месси жеті рет, ал Роналду бес рет хет-трик жасаған;

Роналду Чемпиондар лигасындағы 25 ойында бір голдан артық соққан;

Екеуі де Чемпиондар лигасының екі финалында қос голдан соққан;

Месси: 119 ойында – 100 гол;

Криштиану Роналду: 141 ойында – 99 гол.

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: ФИФАУЕФАКриштиану РоналдуЛионель МессиЧемпиондар лигасыГолСұрмергендерУЕФА СуперкубогыКлубтық әлем чемпионаты

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку