Бірінші лиганың майталмандары немесе «Ойыншы-лифтшілер»

Футбол
Бірінші лиганың майталмандары немесе «Ойыншы-лифтшілер»
«Жетісу» клубын өрге сүйрегендер. Фото: fc-zhetisu.kz
Кейінгі жылдары кейбір ойыншылардың «миссиялары» бірінші лигада топ жаруды көздеген командаларды мақсаттарына жеткізу болып жүр...

Бірінші лигада үздік шығып, премьер-лига жолдамасын жеңіп алуды көздеген командалар қызметіне жүгінетін ойыншылар қатары көбейіп келеді. Олар осындай ойыншылармен мақсаттарына жетеді де, премьер-лигаға шыққан соң басқа ойыншыларға сенім артады.

Ал әлгі ойыншылар амалсыз, премьер-лигаға қайта оралғысы келген басқа клубқа барады. Жыл сайын әр клубты осылай өрге сүйреп, өз міндеттерін адал орындайтын сенімді футболшыларымыз баршылық. Бұл үрдіс белең бергелі біраз жыл болды.

Осы ретте, бірнеше клубтың премьер-лигаға көтерілуіне сүбелі үлес қосқан кейбір футболшыларды атап өткенді жөн көріп отырмыз. Мәселен, Алексей Шакин 2016 жылы «Алтайды» өрге сүйреді. Ал былтыр «Жетісу» клубының өз мақсатына жетуіне үлес қосты.

Олег Хромцов 2015 жылы Оралдың «Ақжайығымен», 2016 жылы Қызылорданың «Қайсарымен», ал өткен маусымда Талдықорғанның «Жетісу» клубымен бірінші лигада жеңімпаз атанып, үшеуінің де премьер-лигаға шығуына ықпал етіп, тер төкті.

Олжас Керімжанов, Әділет Кеңесбек және Владимир Вяткин үшеуі 2016 жылы «Қайсардың», ал 2017 жылы «Жетісудың» құрамын күшейтіп, аталған екі клубтың да бір жылдың ішінде премьер-лигаға оралуларына өз үлестерін қосты.

Қақпашы Дмитрий Колбунцов та соңғы екі жылда «Алтай» мен «Жетісу» клубтарының премьер-лига жолдмасын жеңіп алуларына көмектесті. Шығыс Қазақстан клубының былтыр жоғарғы тобымызда ойнай алмағанына футболшылар кінәлі емес, әрине.

Шабуылшы Алексей Мальцев, қақпашы Роман Багаутдинов және жартылай қорғаушы Роман Кисметов үшеуі 2015 жылы «Ақжайықтың», ал 2017 жылы «Қызыл-Жардың» намысын қорғады. Рас, соңғы екеуі былтыр көп ойын өткізген жоқ. Әйтсе де, екі команданың сапында ойнады...

Биыл бұлардың қатарына Артём Касьянов та «қосылып» отыр. Украинаның жартылай қорғаушысы 2017 жылы «Жетісуды» алға жетелесе, енді (яғни 2018 жылы) «Оқжетпестің» ойынын үйлестіруге келісіп отырған секілді.

Жалпы, тізе берсек, мұндай ойыншылар көп. Дәурен Сүйінов 2014 жылы «Оқжетпесте» ойнап, 2016 жылы «Қайсардың» құрамында төбе көрсеткен. Роман Павинич 2016 жылы «Қайсардың», ал былтыр «Қызылжардың» сапында өнер көрсетті және т.б. с.с.    

Айтпақшы... Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы 2009 жылдан бері жоғарғы дивизион мен бірінші дивизионның арасында синусоида сұлбасындай тербеліп жүрді. Әрі «тербеліс ырғағын» бұзбай, бір жыл жоғары дивизионда, келесі жылы бірінші дивизионда бақ сынап, «команда-лифт» атанғанына ие болған. Шетелдік басылымдар (әсіресе ресейліктер) біздің құрамаға осындай «айдар» таққан болатын.

Негізі, бұл термин ең алғаш футболда қолдана бастаған секілді. Екі дивизионның (топтың) арасында тербеліп жүретін командалар осылай аталған екен (немісше – fahrstuhlmannschaft, испанша – equipo ascensor, ағылшынша – yo-yo club). Түптеп келгенде, «тұрақсыз команда» деген мағынаны білдіреді.

Ал біз жоғарыда тілге тиек еткен ойыншылардың миссиялары – ерекше. Олар бірінші лиганың мақсаты айқын командаларын премьер-лигаға жеткізіп тұрушылар секілді. Әрі тек жоғары көтерушілер! «Қалжыңың жарасса, атаңмен ойна» дегендей, міндеттері өзгеше осы футболшыларды «Ойыншы-лифтшілер» десек, көңілдеріне алмас деп ойлаймыз...

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Алексей ШакинАртём КасьяновОлег ХромцовҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыБірінші лигаКоманда-лифтYo-yo club

Вернуться назад