“Ертіс” “Қайсарды” қалайда ұтуы керек – Фархат Әміренов

Футбол
“Ертіс” “Қайсарды” қалайда ұтуы керек – Фархат Әміренов
Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің спорт шолушысы – Фархат Әміренов
Қазақстан премьер-лигасының ХVІІ турына Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің спорт шолушысы Фархат Әміренов болжам жасайды.

24 маусым (сенбі)

"Ертіс" – "Қайсар" – 2:0

"Ертістің" қос бірдей орталық қорғаушысы командамен қоштасқанын жақсы білеміз. Е.Ткачук пен Л.Двалидың жоқтығы өткен турда, Тараздағы сәтсіздікте анық аңғарылды. Өз алаңында жанкүйерлерін жерге қаратып жүрген керекулік клуб бұл жолы білгенінен жаңылмауы тиіс. Оның үстіне, Димитар шәкірттері Еуропа лигасындағы "Дунавпен" болатын матч алдында "Қайсарды" қалайда ұтуы керек. Статистика да арыға бармай-ақ, соңғы он жылда "Ертіс" өз алаңында қызылордалық клубқа есе жібермегенін "айтады".

"Ордабасы" – "Қайрат" – 1:2

Осы аптада осымен екінші мәрте кездескелі отырған клубтардың әдеттегідей тартысты ойын өрнегін көрсетері талассыз. Еуродода басталар тұста екі клуб та жеңілмеуге тырысады. Бұл ретте, шымкенттік клубпен салыстырғанда, "Қайраттың" деңгейі – қай жағынан болмасын, жоғары. Біздің болжам: бұл ойында алматылықтар бір доп айырмасымен жеңіске жетеді.

25 маусым (жексенбі)

"Тобыл" – "Шаxтер" – 1:0

Екі командаға да ұпай ауадай қажет. "Тобыл" үздіктер тобына қосылсам дейді. "Шаxтердің" көздегені – "қауіпті аймақтан" мейлінше алыстау. Сондықтан бұл матчта тең ойын тіркелмейді. "Тобыл" "Шаxтерді" "тобықтан" қағып, үш ұпайды қоржынға басады.

"Астана" – "Оқжетпес" – 3:0

Бұл ойында бәрі түсінікті секілді. "Астана" ұтады. Ірі есеппен. Ойыны олпы-солпы "Оқжетпес" "Астана" қақпасынан саңылау таба алмайды.

"Ақжайық" – "Тараз" – 0:0

Екеуі де – гол соғуға келгенде «кежегелері кейін тартып» тұратын клубтар. Оралдағы ойында есеп ашылмайды, деген ойдамын. Сондай-ақ бұл командалардың жазғы трансферлік маусымдағы белсенділіктері де – төмен. Деңгейлері аса жоғары ойыншыларды қатарларына қосқан жоқ. Бұл фактор да ойын нәтижесіне әсер етеді деген пікірдемін.

«Атырау» – «Ақтөбе» – 2:1

Батыс клубтарының бәсекесінде «Атыраудың» асығы алшысынан түседі. Командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау табады деген ойдамын. «Атырау» соңғы екі турдағы жеңілістерден сабақ шығаруы тиіс.


Кестеміздің орта тұсы шиеленісе түсті...

Өткен, ХVІ турдың ойындарына Матрица.kz бас редакторы Серік Мәмбетов болжам жасаған. Төмендегі кестеден әріптесіміздің болжамы мен алты матчтың нақты нәтижелерін салыстарып көре аласыздар.

Серік Мәмбетовтің ХVІ турға берген болжамының қорытындысы


Ескерту:

* – Әділжан Үмбет бір матчтың нәтижесін дәл тапты, ал Уәлихан Қосанбай бес ойынның жалпы есебін (екі ойынның доп айырмасын) болжап шықты. 

** – Тұрлыжан Әйтенов бес ойынның жалпы есебін тапты, ал Асқар Ағатаев үш ойынның есебін (екі ойынның доп айырмасын) шешті.

*** – ХV турдың бір ойыны кейінге шегерілген.

**** – VІІІ турдың екі ойыны кейінге шегерілген.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Қазақстан Премьер-лигасы"Қайрат""Ордабасы""Ертіс""Астана" ФКБолжам-бәйгеЕурокубоктарKazakhstan Premier League"Сарыарқа самалы"Фархат ӘміреновСерік Мәмбетов

Вернуться назад