«Қызыл-Жар» мен «Тобыл» – Нөсербаев Қостанайды жетеледі жеңіске

Футбол
«Қызыл-Жар» мен «Тобыл» – Нөсербаев Қостанайды жетеледі жеңіске
Фото: fctobol.kz
Қазақстан премьер-лигасында үшінші турдың қалған екі ойыны бүгін өтіп, соның бірінді «Тобыл» түзден үш ұпай олжалады.

«Қызыл-Жардың» жолы қашан болар екен, ә? Тоғыз жылдан кейін Қазақстан премьер-лигасына қайта оралған қызылжарлықтар үшінші рет 1:2 есебімен ұтылып отыр. Әрі биылғы маусымды ел футболының азулы командаларымен бастады. Әуелі Алматыда, одан кейін Шымкентте бір ғана доп айырмасымен есе жіберіп алды...

Бүгін өз алаңында ойнады. Қарсыласы Қостанайдың «Тобылы» еді. Өткен турда «Шахтерден» өз жанкүйерлері алдында ұтылған. Яғни «Қызыл-Жардың» жанкешті жігіттері есе жібермесе керек еді. Бірақ «Тобыл» екінші турдан бергі үзіліс кезінде құрамына Шымкенттен Таңат Нөсербаевты алған. Шыны керек, оған соншалықты мән бермеппіз...

Қойшы, сонымен «Қарасай» стадионындағы ойын басталды. «Тобыл» әрине, «бойына» емес-ау, деңгейіне сенеді. Асықпауға тырысады. Ал «Қызыл-Жар» азулы қарсыласына дес берер емес. Топсасы берік қорғанысын бірнеше рет бұзып өтті. Тіпті 22-минутта есеп ашып, қонақтарын қайран қалдырды.

Екінші турда «Ордабасы» клубының қақпасына доп салған Тимур Мульдинов «Тобылдың» мақтаулы қақпашысын да қапы қалдырды. Жалпы, доп тебу білетін жігіт секілді. Доп ойынға бұрыштан қосылып, қақпа алды ығы-жығы болғанда... сүйір бұрыштан, ыңғайсыздау нүктеден шиіре теуіп гол соқты.

«Тобыл» ойынның бірінші жартысында қанша тырысса да, есепті теңестіре алмады. Екінші таймда алаңға Таңат Нөсербаевты шығарды. Таңатқа жаңа командасының сапында гол соғуға көп уақыт қажет болған жоқ. 53-минутта Максим Фединнің жанкештілікпен алға асырған добына ұмтылып, алаң иелерінің қорғаушылары мен қақпашысын сан соқтырып кетті. Гол!

Ал 79 минутта оң қанатпен алға ентелеп, допты Максим Фединнің басына салып беріп, «қарызын» қайтарды. Федин де аяғын, тіпті басын тартпайтын көзсіз батыл жігіт қой... Төмен түсіп бара жатқан допқа «жер сүзе» секіріп, қақпаны дәл көздеді. Алаң иелерінің қақпашысы мен қорғаушылары мұндайды күтпеген де шығар, аңтарылып тұрып қалды...

Сөйтіп, «Тобыл» екінші рет түзде жеңіске жетті. Бірінші турда, Талдықорғанда «Жетісуды» жеңген. Енді, міне, солтүстікте «Қызыл-Жарды» сан соқтырып отыр. Осы екі жеңісінің арасында, «Шахтерді» өз алаңында қабылдып, ұтылып қалған. Яғни сырт алаңда жақсы ойнайтын сияқты ма, қалай?..

«Қызыл-Жар» – «Тобыл» – 1:2 (1:0)

Голдар: Мульдинов, 22 (1:0). Нөсербаев, 53 (1:1). Федин, 79 (1:2)

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Максим ФединҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыТаңат Нөсербаев"Тобыл""Қызыл-Жар"Kazakhstan Premier LeagueTobol KostanayKyzyl-Zhar SKTanat Nuserbayev

Вернуться назад