«Ақтөбеде» ақ түйенің қарны жарылды – Жаңа ойыншылар тіркеуге болады

Футбол
«Ақтөбеде» ақ түйенің қарны жарылды – Жаңа ойыншылар тіркеуге болады
Фото: fc-aktobe.kz
Бүгін Қазақстан футбол федерациясының Дауларды шешу палатасы «Ақтөбе» футбол клубының жаңа ойыншылар тіркеуіне рұқсат берді.

Астанада ҚФФ Дауларды шешу палатасының басқосуы өтіп, онда FIFA кеңсесінен келген ресми хат негізінде «Ақтөбе» футбол клубына жаңа ойыншыларды тіркеуге рұқсат берілген. Бұл ақпаратты kff.kz және fc-aktobe.kz сайттары жариялады.

Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін «Ақтөбе» футбол клубына жаңа ойыншыларды тіркеуге (трансферге) тыйым салынған болатын. Соның кесірінен аталған клуб ел чемпионатындағы бастапқы екі турды жартылай қосалқы құрамымен және өрімдей жастарымен өткізді..

Енді маусым аралығында келісімшартқа отырған футболшыларын еліміздің Кәсіпқой футбол лигасына ресми түрде тіркеп, Қазақстан премьер-лигасының 3-турынан бастап негізгі құрамын алаңға шығара алады. Бұл тұрғыда облыс және клуб басшылары зыр қағып, қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Жалақыларын ала алмай, лажсыздан ҚФФ мен FIFA-ға шағымданған футболшылармен келіссөздер жүргізген.

Алайда, футболшыларды тіркеуге салынған тыйым тек жазғы трансфер кезеңіне дейін ғана алынған (өз күшін уақытша ғана жойған). Егер «Ақтөбе» жазға дейін қарыздарының орнын жауып, берешектерін өтеп болмаса, онда маусым аралығында келісімшартқа отырған ойыншыларын қайтадан алаңға шығара алмайды...

Жалпы, отандық басылымдар таратқан мәліметтерге сенсек, «Ақтөбе» клубы 2014 жылдан бері қарызға белшесінен батқан. Тек футболшыларға жалақы төлемей ғана емес, әр түрлі бағытта (салада) қызмет көрсетушілер мен тапсырыс жеткізушілерге де қарызданып қалған. Кейбір деректерге сүйенсек, клубтың жалпы қарызы 600 миллион теңгені жуықтайтын көрінеді...

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Самат СмаковҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыҚазақстан футбол федерациясыОблыс әкімі"Ақтөбе"жалақыБерешекFC AktobeДауларды шешу палатасыҚарыз

Вернуться назад