ҚПЛ – Екінші турдың таңдаулы құрамасы

Футбол
ҚПЛ – Екінші турдың таңдаулы құрамасы
Ян Вороговский 2-турдың ең үздік ойыншысы атанып, екінші рет "Таңдаулы құрамаға" ілікті. Фото: fckairat.com
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ресми сайты ел чемпионатының екінші туры негізінде жасақталған таңдаулы құраманы жариялады.

Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы 2-турдың Таңдаулы құрамасын құрастырған. Бұл құрама ҚКФЛ серіктесі, яғни InStat компаниясы ұсынған деректер (яғни ойындар сараптамасы) нәтижесінде жасақталған.

қақпашы – Игорь Шацкий («Шахтер»)

«Кеншілердің» қақпашысы «Тобылмен» өткен ойында үш соққыны қайтарып, 8 рет допқа қарсы жүгіріп шығып, қауіпті шабуылды тойтарды (100% көрсеткіш), пастарының дәлдігі – 76%. Ойын индексі – 239.

оң қапталдағы қорғаушы – Игорь Шитов («Астана»)

Осы турде оң қапталдағы ең үздік қорғаушы атанды. Пастарының дәлдігі –78%, жетісулықтардың айып алаңына 4 рет доп асырып, қауіп төндірді. Сонымен қатар, 4 рет допқа таласып, тартып алды (100% көрсеткіш) және 7 рет алаң иелерінің пастарын қиып алды. Ойын индексі – 228.

орталық қоғаушылар – Александр Кислицын («Ертіс») және Пабло Фонтанелло («Ордабасы»)

Екінші турдағы ең үздік орталық қорғаушы – Александр Кислицын. Қорғаушылар арасында ең көп пас берген ойыншы (107), пастарының дәлдігі – 91%. Маңызды 4 пас берді, 15 рет допқа таласып, үстем болды (тиімділігі – 83%), үш рет допты тартып әкетті. Илья Калининге пас беріп, гол соғуына жағдай жасады. Ойын индексі – 284.

Фонтанелло допқа таласқанда табандылық танытты, 17 рет допқа ұмтылып, бәрінде де үстем болды. Маңызды 3 пас беріп, 4 рет допты тартып алды және 4 рет қарсы команданың пастарын қиып алды. Ойын индексі – 263. Фонтанелло екінші рет қатарынан «Тур таңдаулылары» құрамасына еніп отыр.

сол қапталдағы қорғаушы – Матео Мужек («Шахтер»)

Қарағанды клубының балкандық легионері 6 рет допты тартып алып, 10 рет қарсы команданың пастарын тойтарды. Допқа таласқанда есе жіберген жоқ (100% көрсеткіш). Ойын индексі – 226.

қорғанысқа тірек болар жартылай қорғаушылар – Исламбек Қуат («Қайрат») және Ника Квеквескири («Тобыл»)

И.Қуат осы шептегі жартылай қорғаушылар арасында үздік танылды. 4 рет қарсы команданың пастарын тойтарып, 3 рет допты тартып алды (жалпы, 64% көрсеткіш). Бір рет қауіпті соққы бағыттады, бірақ «Атыраудың» қақпашысы оны дарытпады. Ойын индексі – 252.

Грузин Квеквескири шабуылды ұйымдастыруда да, бұзуда да өзін көрсете білді. Маңызды 1 пас беріп, 18 рет допқа таласып, жанкештілік танытты (72% тиімділік), 8 рет қарсыласын алдап өтті, 3 рет допты тартып алып, 7 рет қақшып әкетті. Екі рет қақпаға дәл соққы бағыттады. Пас дәлдігі – 72%. Ойын индексі – 244.

оң қапталдағы жартылай қорғаушы – Тимур Досмағамбетов («Ордабасы»)

Досмағамбетов те, әріптесі Фонтанелло секілді «Таңдаулы құрамамызға» екінші рет қатарынан ілігіп отыр. Екінші турда 5 рет дәл пас беріп, 6 рет допқа тартып әкетті (67% тиімділік). Маңызды 2 пас берді, жалпы пастарының дәлдігі – 65%. Ойын индексі – 226.

сол қапталдағы жартылай қорғаушы – Ян Вороговский («Қайрат»)

«Турдың таңдаулы» құрамасына екінші рет іліккен Вороговский «Атыраудың» қақпасына доп салды (екінші голды). Айып алаңына 5 рет доп асырды (50% тиімділік), допқа таласқандағы тиімділігі – 64% және 4 рет қарсыласын алдап өтті. Ойын индексі – 302. Әрі турдың ең үздік ойыншысы атанды.

шабуылдаушы жартылай қорғаушы – Исаэль Барбоса («Қайрат»)

Бразилиялық ойыншы дриблингтің қас шебері екенідгін паш етті. Қарсы шыққан ойыншыларды 8 рет алдап өтті. Маңызды 4 пас беріп, 6 рет айып алаңына доп асырды, бір рет қақпаны нысанаға алды. Бірнеше рет допқа таласып, 12-ісінде допты іліп әкетті (63% тиімділік). Ойын индексі – 297.

шабуылшы – Уго Сильвейра («Қайрат»)

Ойын индексі бойынша шабуылшылар арасында үздік шықты. Қақпана 6 рет нысанаға алды, олардың төртеуі тура соққы болды. Маңызды 2 пас беріп, Бірнеше рет допқа таласып, 10 рет айдарынан жел есті (56% тиімділік), екі рет допты қиып әкетті. Әрі бір гол соғып, Қазақстан чемпионатындағы алғашқы добын салды. Оның индексі – 231.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Исламбек КуатЯн ВороговскийИгорь ШацкийҚазақстан Премьер-лигасыТимур ДосмағамбетовТур үздіктеріТаңдаулы құрамаKazakhstan Premier LeagueПабло Фонтанелло

Вернуться назад